Татулықтың кілті – сыйластықта

Елімізде Отбасы күнін мерекелеу неке және отбасы институтын, қоғамымызда имандылық пен рухани келісімді нығайтуға негізделген. Атаулы күн қарсаңында Абай атындағы орталық кітапханада ұйымдастырылған «Отбасы – адамгершіліктің алтын қазынасы» атты кездесу кешіне Тараз қаласындағы ҚР Ұлттық Ұланы 5513-әскери бөлімінің батальон командирі, майор Бауыржан Әбдіхалықов жұбайы, кітапхана қызметкері Жанат Қаниевамен және балалары Еркебұлан, Диана, Дидармен бірге келіп қатысты.
Олар кітапхана оқырмандары мен қазіргі заманғы гуманитарлық колледж білімгерлері тарапынан қойылған «Отбасыңыздағы татулықтың кілті неде?», «Отбасындағы сыйластыққа қалай қол жеткізуге болады?», «Ата-аналарыңызды қуанышқа бөлеген кездеріңіз есіңізде ме?», «Балаларыңызға ертегі оқып бересіздер ме?» деген сынды түрлі сұрақтарға жауап бере отырып, отбасындағы бала тәрбиесі, отбасылық мерекелер туралы да қызықты әңгімелеп берді.
Бұдан кейін «Отбасылық құндылықтар – мемлекетіміздің тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, Ә.Қайратқызының «Қыз өссе – елдің көркі», М.Тоқашбаевтың «Бақыттың кілті» атты кітаптарына библиографиялық шолулар жасалды. Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №6 кітапхананың «Коворкинг» орталығында атаулы күнге арналып «Мерейлі отбасы: шуағы мол шаңырақ» атты кездесу кеші өткізілді. Онда кітапханашылар оқырмандарға отбасының тәрбиелік, тағылымдық маңызы мен мәні туралы айтып берді. Кездесу кешіне көп балалы Егембердиевтер отбасы қатысты.
Отбасындағы сыйластық, құрмет, бауырмалдық, жанашырлық қай кезде де өзектілігін жоймайтынын насихаттау мақсатында М.Әуезов атындағы кітапханада өткен «Қазақ отбасы: кеше, бүгін, ертең» атты отбасы аллеясы шарасына қаладағы ең үлгілі Есқараев, Әлішев отбасылары шақырылып, отбасылық құндылықтар әңгіме арқауы болып өрілді.

Ұлбосын СӘУЛЕБАЕВА,
қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі
директорының орынбасары.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/