Мерейі өскен кеншілер мекені

Жаңатас қаласына – 50 жыл

Қазыналы Қаратаудың қойнауында орналасқан Жаңатас қала мәртебесін алған жарты ғасырда өркендеуді де, құлдырауды да бастан кешірді. Бүгінде шағын шаһар туралы әңгіме қозғалса, көз алдыңа алып құрылыс алаңы елестейді. Салынып жатқан әлеуметтік және өндірістік нысандар көңілге қуаныш ұялатады, ертеңгі күнге сеніміңді нығайтады. Бұл қала мен үшін ыстық әрі ерекше. Жаңатас – кеңестік кезеңде Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланған болатын. Өндірісті өңірге Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен жастар мен мамандар ағылды. Ол кезде кеншілер мекені Мәскеуге тікелей бағынатын. 1979 жылы Жамбыл гидромелиоративтік институтын бітіргеннен кейін жолдамамен осында келдім. Еңбек жолымды осында құрылыс шебері болып бастадым. Ол кезде әлеуметтік және өндірістік нысандар жаңадан салынып жатқан. Бір, екі, үш және төртінші мөлтек аудандардың құрылысы жаңадан аяқталып, кеншілердің бір бөлігі қоныстанған екен.

Көп ұзамай шаһар бұрынғы одақтағы құрылысшылардың ұстаханасына айналды. Белгіленген жобаларды тезірек жүзеге асыру үшін осында қуаттылығы 115 мың шаршы метр тұрғын үйлер салатын Үй құрылысы комбинаты салынды. Комбинат қажетті құрылыс материалдарын өндіреді әрі әлеуметтік және өндірістік нысандардың құрылысын жүргізеді. Құрылыс барысында осы жерде көптеген білікті мамандар тәрбиеленіп шықты. Қазір олардың көпшілігінің жастары 70-тен асып кетті. Әйтсе де олар өздерінің сүйікті кәсіптерінен әлі де қол үзген жоқ. Бүгінде олар өз тәжірибелерін жастарға үйретіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ірі нысандардың уақтылы іске қосылуына өз үлестерін қосуда. Мәселен, Мойнақ су электр стансасы құрылысына кеншілер қаласында жұмыс істеген Оразалы Қантаев, Сырлыбай Оңғарбаев, Жексен Әлімтаев, Баян Аманжолов және мен шақырылдым.
Біздер алып нысанның жобасын жасаудан бастап, құрылысы біткенге дейін белсене қатыстық. Оның уақтылы ел игілігіне пайдалануға берілуіне өз үлесімізді қостық. Ақтаудағы «Құрық» портының құрылысына Елубай Орынбаев, Әнепия Бозжігітов деген әріптестеріміз үшеуміз бірге шақырылдық. Жаңатастық құрылысшылар Мирасбек және Әбдірахманның Нұр-Сұлтанның құрылысында өзіндік айшықты қолтаңбалары бар. Көптеген әріптестеріміз жылы орындарын суытпай, қалада қалды. Валерий Крахмалев, Рашид Әлиев және Елубай Үсеев жастарға өздерінің бай тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Оларды қазір де құрылысы қызу жүріп жатқан әлеуметтік және өндірістік нысандардың ортасынан кездестіресіз.
Ол кезде барлық жобалар Мәскеудегі мекемелерде жасалатын. Ол жобаларды мамандар кем дегенде екі-үш апта орындарында тапжылмай отырып оқитын. Кез келген жобада құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкессіздік және кемшіліктер кездесетін. Біз оларды түзетіп, Мәскеуге барып қайта қорғайтынбыз. Әлбетте, оларға жаңа технологияны енгізіп, құрылыс материалдарын үнемдегеніміз және оның пайдаланылуға берілген мерзімін қысқартқанымыз үшін ынталандыру сыйлықтарына да ие болдық. Құрылысшыларымыз қолға алған нысанды белгіленген мерзімде іске қосу үшін кейде күндіз-түні тынбай еңбек ететін.
Жалпы, шаһарда 12 шағын ауданның құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Бірнеше көп қабатты үйлер бітуге таяп қалған еді. Әйтсе де, өткен ғасырдың 90-жылдардың ортасындағы экономикалық қиындықтар өндірісті өңірді де айналып өтпеді. Халық шаруашылығы үшін өндірілген фосфор өнімі өткерілмей, зауыттардың қасында тау-тау болып үйіліп жатты. Кеншілерге жалақы жылдап берілмеді. Өнімін кеңес одағы ғана емес, шет елдер де тұтынатын алып кәсіпорындар жұмысын біртіндеп тоқтатты. Жаңатас өркендеген 80-жылдардың соңында тұрғындардың саны 60 мыңнан асқан болатын. Жұмыссыз қалған кеншілер мен құрылысшылар «балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен» жан-жаққа үдере көшті. Соның салдарынан 90-жылдардың соңында мұнда 10 мыңнан астам адам ғана қалды.
Жылусыз, жарықсыз қалған жұрт пәтерлерін тастап кетті. Есік-терезелері алынып, иесіз қалған көп қабатты үйлерді көрудің өз қорқынышты болатын. Тұрғындар талай үйлерді күнкөріс қамымен темірлерін алып, іске жарамсыз етіп тастады. Еліміз тәуелсіздік алып, экономикамыз еңсе тіктеуіне байланысты қала тіршілігі қайта жанданды. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде шағын шаһар қайта түледі. Көптеген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде кеншілер мекені жаңғырып, жаңа келбетке ие болды. Бұл бағытта Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының ықпалы орасан зор. Бұрынғы тұрғындар тастап кеткен жарамды үйлерді күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде жүздеген отбасылар қоныс тойын тойлап, баспаналы болды. Жарамсыз көп қабатты үйлер бөлшектеліп, сүріліп, орындарына тұрғын үйлер, балабақша, спорт кешендері және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылыстары жүргізілуде.
Еліміз тәуелсіздік алғалы мұнда ұзақ уақыттан кейін 5-мөлтек ауданда балабақша және спорт кешені салынды. Жарамды деген көп қабатты үйлерге қазір де республикалық, облыстық бюджеттерден және инвесторлар арқылы қаржы тартылып, күрделі жөндеулер жүргізілуде. Сарысу ауданында да елін, жерін сүйетін, елді мекендердің өркендеуі үшін өзінің лайықты үлесін қосып жүрген патриоттар аз емес. Солардың бірі – кәсіпкер, меценат Дәулеталды Жанбаев. Дәулеталды өтпелі кезеңде өзінің меншігіне шаһардағы 5 көп қабатты үйді алып, сақтауға қойған болатын. Осыдан 5-6 жыл бұрын оларды мемлекет меншігіне өткізді. Қазір олар қайта жарақтандырылудан өткізіліп, кеншілердің игілігіне айналуда. Бір қуаныштысы, қиындық кезінде үдере көшкен жұрттың көпшілігі мекендеріне қайта оралып, бұрынғы кәсіптерін жалғастыруда. Кейінгі кезде пәтер кезегіне тіркелушілер қатары да көбейіп келеді.
«Жұмысы бардың – ырысы бар». Бүгінде Қаратау қойнауында аттары әлемге мәшһүр «Казфосфат» және «Еурохим» компаниялары іргелі жобаларды жүзеге асыруда. Көптеген ірі өндірістік нысандар салынуда. Мұның өзі жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде. Аталған кәсіпорындар шаһардың әлеуметтік дамуына өздерінің зор үлестерін қосуда. Инфрақұрылым жүргізуге, көшелерді жөндеуге, елді мекендерді жарықтандыруға қыруар қаражат бөлінуде. Бұған қоса шағын және орта бизнес кеңінен өрістеуде. Қала көшелері және қоғамдық орындар жасыл желекпен көмкерілуде. Алуан түрлі гүлдер мен сәндік ағаштар отырғызылуда. Бүгінде мұнда 155 орындық орталық аурухана, 500 адамға арналған орталық емхана, Мәдениет үйі, кітапханалар, Халық театры, неміс, славян орталықтары жұмыс істейді. Көп салалы техникалық колледж, 2 кәсіптік-техникалық лицей, жалпы білім беру мектептері, балабақшалар мен спорт мектептері және демалыс саябақтары бар.
Шағын қалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жұмыссыздық азайып, шаһардағы өндіріс кәсіпорындары, оның ішінде «Еурохим» ел өміріне ерекше серпін беріп отыр. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде 1200 жұмыс орны құрылады. Ал 2020 жылы тағы да жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылады. Бүгінде аталған алып кәсіпорында 500-ден астам адам еңбек етеді.
Кеншілер мекені келешекте еліміз ғана емес, әлемдегі фосфор өндіретін және оны өңдейтін алып өндіріс аумағына айналады. Соның нәтижесінде қазір мұнда 20 мыңнан астам адам тұрса, келешекте олардың санын 30 мыңға жеткізу көзделуде. «Еурохим» компаниясы Түркістан облысының Шаян өңірінен Жаңатас қаласына қарай табиғи газ тартуды қолға алған. Компания болашақта Жаңатасты «Ақылды қалаға» айналдыруды жоспарлауда. Халқымыз «Істің басы – ниет» дейді. Жаңатастықтар ертеңі бүгінгіден де нұрлы болатынына нық сенімді.

Рахманқұл Бәйтелиев,
облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының кеңесшісі,
Құрметті құрылысшы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.