Мұсылман әлемін мойындатқан Дулат қари

Ол құран сүрелерін Төрт жасынан бастап жат таған

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов мұсылман әлемін мойындатқан жеңімпаз қари Дулат Болатбекұлын қабылдап, ризашылығын білдіріп, құрмет көрсетті. Мұндай ықылас Дулаттың мерейін өсіріп, қанаттандыра түсетіні анық. Жас қари Дулат Қалағұловтың Түркияның Стамбул қаласында өткен халықаралық Құранды жатқа оқу жарысынан жеңімпаз атанып, ең жоғарғы марапат «Алтын белгімен» оралғанын естігенде, осыдан төрт жарым жыл бұрын онымен әңгімелескенім есіме түсті.Ол – 14 жастағы Дулат Қалағұловтың Алматы қаласындағы «Бәйкен» мешіті ұйымдастырған VІ республикалық Құранды жатқа оқу жарысында 32 қаридың арасынан озып, бас жүлде алған қуанышты сәті еді. 

Жасөспірім бала мұндай дәрежеге қалай жетті? Мұның мәніне үңілу – маңызды. Қазақта «Тегіне тартқан» деген сөз бар. Бұл бекер айтылмаса керек-ті. Жас қаридың әкесі Болатбек, анасы Сәулеш те – намазхан. «Тектілік үлгісімен Зере әжеміз, Құнанбайды дәретсіз емізбеген. Бабалардан жалғасқан тағылыммен, Абай туды тектілік негізбенен» деп келетін белгілі айтыскер ақынның шумақтары осындайда ойға оралатыны бар. Ата-анасының имандылығы, жақсы қасиеттері баланың болашағына жол ашып тұр емес пе?!…

Біздің кейіпкеріміз төрт жасынан бастап Құран сүрелерін жаттай бастаған. Ойын баласы кезінде қарилықты ойлай қоймаған шығар. Бірақ, әкесі Болатбектің жеңіл көлігіндегі магнитафоннан үнемі құранның әуезді үні естіліп тұратын. Қай-қайдағы мәнсіз, мақсатсыз музыка емес, Құран сүрелері құлағына майдай жаққан. «Әкемнің көлігінде жүріп, шағын сүрелерді, нақтырақ айтсам, «Ясин» сүресінің бастапқы аяттарын төрт жасымда жаттап алдым. Кейіннен әкем қабілетімді байқап, шетелде алты айлық медреседе оқытты. Сол жерде Құранды толық жаттадым», – дейді Дулат.
Жас қаридың қалыптасуына иманды ата-ананың септігі көп тиген болып тұр ғой. Болатбек әкесінің бұл әрекеті перзенттерін үкілі үмітпен тәрбиелеп отырған мыңдаған отбасыға үлгі болса керек.

Джакартадағы жеңіс немесе «Құранды оқысаңдар, осылай оқыңдар!»

Дулаттың «Бәйкен» мешітіндегі байқауда алған бас жүлдесін айттық. Сол кездегі еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының қолынан «Hyunday» маркалы бағалы автокөліктің кілтін алған. Сөйткен, Д.Қалағұлов бұл жетістігімен шектелген жоқ. 2016 жылдың сәуір айында Индонезия Республикасының астанасы Джакарта қаласында «Оңтүстік Шығыс және Орта Азия елдерінің қауымдастығы мен Азия және Тынық мұхиты елдерінің арасында Сұлтан Бин Абдулазиз әл-Сауд ханзаданың «Қасиетті Құранды жадында сақтау» атты халықаралық Құран-Кәрімді жатқа оқу сайысына қатысып, абыройға бөленді. Абырой дегенде Индонезия, Австралия, Малайзия елдерінің өкілдерінен кейінгі төртінші орынды иеленді. Дегенмен жерлесіміздің қырағаты мен Құран оқу мақамына тәнті болған қазылар алқасының төрағасы, Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (салаллаһу ғалейһи уәс-сәллам) мешітінің бас имамы Абдул Муқсин әл-Қосым тек Дулатты ғана халық алдына шығарып, алғысын білдіріп, қарилардың үлгі алуын өтініп: «Құранды оқысаңдар, осылай оқыңдар», – деп өз қолымен Құран кітапты сыйға тартады. Алла берген абырой дегеніңіз осы емес пе?
Жамбылдық жас қари 2017 жылы Алжир мемлекетінде өткен әлемдік Құран оқу жарысынан да жүлделі үшінші орынмен оралды. Ал осы жақында Түркияның Стамбул қаласында өткен халықаралық (әлемдік деңгейде десек те болар) Құран оқу сайысында жеңімпаз деп танылып, «Алтын белгі» иегері атанғанын жоғарыда айттық. Аталған Құран жарысына Мысыр, Сирия, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Йемен, Индонезия, Малайзия сынды ислам дінін берік ұстанатын алпауыт мемлекеттерден 732 қари қатысқан. Бұл жарыстың талабы да әдеттегіден қатал, күрделі болыпты. Жас жеңімпазымыздың айтуынша, қазылар алқасы қатысушыны тоқтатып, Құран кітаптың кез келген жерінен сұрапты. Мысалы, «Пәлен сүренің түген аятын оқы» деген сияқты тосыннан сынақ алған. Бұл жарыс 12 кезеңді құрапты. Дулат қари соның бәрінен сүрінбей өтіп, «Алтын белгіні» иеленіп келіп отыр.
Бұл облыстағы имандылық тұрғысында тер төгіп жүрген медресе ұстаздарының біліктілігінің дәлелі, өңір абыройы.
Дулаттың қол жеткізген жетістіктерін жіпке тізгендей жеткіздік. Кейінгі жылдардағы Рамазан айларында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде бір жыл, кейінгі төрт жыл қатарынан облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде «Тарауих» намазын өткізіп, Құран түсірген. Осындай абыройына қарамастан Дулат өзінің алған білімін аз деп есептейді. «Катар мемлекетінің өркендеген Ислам университетінде білімімді жетілдіруді көздеп отырмын. Әкем Болатбек – көкпаршы, кәсіпкер. Анам – үй шаруасында. Екеуі де намазхан кісілер. Інілерім Абдулла мен Исмайыл да бұл күндері Құран сүрелерін жаттап жүр. «Мені қолдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлға, ата-анама, ұстаздарыма зор алғысымды білдіремін», – дейді Дулат.
Біздің Дулат ізгілік жаршысы ислам дінінің тағылымды жолына мықтап түсті. Әкесі Болатбектің «Балам иманды болып өссін!» деген арманы артығымен орындалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл: «Жас қари Дулат Қалағұловтың жетістігі, жеңісі – біздің өңір үшін мақтаныш. Әлбетте, әр адам Құранды қари болып, құрмет көру үшін емес, Алланың ризалығы үшін жаттауы керек. Оны дамыту, үнемі ізденісте жүру өзінің нәтижесін береді. Бүгін Дулаттың сондай жетістікке толы жолын көріп отырмыз. Ол «Һибатулла Тарази» медресесінде оқып жатқан шәкірттерімізге үлгі», – дейді.
Әлі де терең білім іздеп, алдына үлкен мақсаттар қойған Дулат Қалағұловқа біз де сәттілік тіледік.

Есет Досалы

Тараз қаласы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/