- Advertisement -

Әрекет түбі – берекет

59

- Advertisement -

Бүгінде тұрғындардың үй іргесіндегі жеке қосалқы шаруашылығын, ауыл сыртындағы жер телімдерін тиімді пайдалануына, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік ісін ашуына Үкімет тарапынан да, облыс, аудан әкімдері тарапынан да айрықша қолдау көрсетілуде. Мемлекет басшысының он маңызды бағыты да халық арасында үлкен серпіліс туғызып отыр. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында да елеулі ілгерілеушіліктер бар.Әсіресе биыл қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы облыс әкімінің қанатқақты жобасы бұйығы жатқан ауылдардың бойына қан жүгірткендей болды. Облыс, аудан әкімдерінің өңірдегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартудың тиімді жолдарын ойластыруы, жеке аулалардағы, ауыл сыртындағы жер телімдерін тиімді пайдалануға үндеуі ауылдықтарды дән риза етіп отыр.

Бүгінде ауыл тұрғындарының көпшілігі егін шаруашылығымен айналысуға ден қоюда. Біразы қазірдің өзінде жиын-терін жұмыстарын бастап, өздеріне жетерліктей қаражат тауып үлгерген. Әлі жиналып алынбаған дақылдары барын ескерсек, олардың қалталары биыл да қалыңдай түсері анық. Осыны байқап, көріп жүрген, не ауласына, не жер теліміне бір түйір дән тастамағандар «келесі жылы мен де егін егіп, мал ұстап, көкөніс, бақша дақылдарын екпесем болмас» деумен жүр.
Әрине, мұндайда «Қимылдаған қыр асады» деген аталы сөзді еске алмау мүмкін емес. Қаракемерлік шаруалар да бұл іске барын салуда. Қайсыбірі 4-5 сотық жерінің өзінен қыстық азықтарын дайындап та қойыпты. Ал ауыл сыртындағы жерден нәпақасын тауып жүрген «Берікқожа» шаруа қожалығының диқандары арпа, қант қызылшасын еккен. Округ аумағынан 169 гектарды жалға алған «Денвер-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпкерлері келешекте осы жерге көкөніс өсіретін заманауи үлгідегі жылыжай кешенін тұрғызуды көздеп отыр. Биыл осы жылыжай кешенінің қазығы қағылып, 2020 жылы пайдалануға берілетінін ескерсек, бұл аудан үшін үлкен жаңалықтардың бірі болғалы тұр. Айтпақшы, олар болашақта жалға алған жерлерінің 40 гектарын мал ұстауға пайдаланбақ ниетте. Қазірдің өзінде денверліктер сыйымдылығы 60 тонналық көкөніс сақтайтын мұздатқыш-қойманы салып үлгеріпті.
Қазір қойма бос тұрған жоқ. Тірлігін ерте көктемнен тиянақтай білген олар 20 гектарға арпа, 10 гектарға картоп орналастырып, оларды жинап алды. Он гектарға егілген қияры да қазан болуға жақын. Төрт-бес күннен бері 25 гектарға орналастырылған голландық қызанақты теруге жергілікті жерде тұратын 80 азамат (олардың арасында жуалылықтар да бар) жұмылдырылыпты. Серіктестік директоры Омархан Әлішеровтің айтуынша, күніне 60 тонна қызанақ жиналып, тапсырыс берушілерге мұздатқышы бар арнайы көлікпен жөнелтілетін көрінеді. Науқанға қатысушы жұмысшылардың айлық еңбек ақысы 80 мың теңгені құрайды.
Олар су тапшылығын тамшылатып суару арқылы еңсерген.
– Жұмысшылар еңбекақыларын күнделікті жұмыс аяғында алады. Түскі тамақ тегін, – дейді осында тұрақты жұмысқа қабылданған Архабек Төребаев пен Сәкен Қазанғапов.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support