- Advertisement -

Қамданған қапы қалмайды

45

- Advertisement -

Халқымызда «Қыс шанаңды жаз сайла» деген жақсы тәмсіл бар. Қамданғанның қапы қалмасы анық. Ал облыста қысқы жылыту маусымына дайындықтың барысы қалай? Өңір тұрғындарының отын-суы сайлы ма?
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаровпен арадағы әңгімеміз, міне, осы сауалдар төңірегінде өрбіді. Оның айтуынша, бүгінде өңіріміздегі көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы 91,6 пайызды құрап отыр екен. Атап айтқанда, бюджеттік нысандардағы 437 автономдық қазандықтың 426-сы жөндеуден өткен. Олардың әзірлігі 97,5 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ жылумен жабдықтау желілері – 91, сумен жабдықтау желілерінің дайындығы 77 пайызға орындалыпты.
Бұдан бөлек, 1670 бюджеттік нысан қазандықтарының 1641-і (яғни 98,2 пайызы) сақадай-сай әзір тұр. Атап айтсақ, қазандықтардың дайындығы білім нысандарында – 99,5, денсаулық сақтау мекемелерінде – 97, ал мәдениет үйлерінде 97,3 пайыз көлемінде. Сондай-ақ 1593 көп қабатты тұрғын үйдің 1302-сі, яғни 82 пайызы тұрғындарды жылумен қамтуға әзір.
Биыл жылу энергетика кәсіпорындарының жоспарлы жөндеу жұмыстарына 633 миллион теңге қаржы қарастырылып, «Таразэнергоорталық» АҚ, «Таразтрансэнерго» МКК, «Жамбыл-Жылу» МКК, «ТемірЖол-Жылу» МКК және басқа да жылумен қамтамасыз ету мекемелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ шаһардағы тозығы жеткен жылу желілерін қайта жаңғырту үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өтпелі 2 жобаға 7,6 миллиард теңге бөлініп, 9,3 шақырым магистральды желілерін ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл құрылыс жұмыстарын осы айда толық аяқтау көзделген. Қазіргі таңда М-2 магистралінде құрылыс жұмыстары – 89, ал М-4 магистралінде 95,2 пайызға атқарылған. Соңғы магистральда қыркүйектің 15-іне ыстық су беру жоспарланған.
Бұдан өзге бюджеттік мекемелерді қатты отынмен қамту үшін 66,4 мың тонна көмір тасымалдау жоспарланған екен. Жеткізіліп берілгені 46,5 мың тонна көлемінде. Бұл жалпы көрсеткіштің 70 пайызын құрап отыр. Бір қарағанда, бұл істі ширата түсу қажеттігі байқалады. Жалпы, Тараз қаласы мен аудандарда көмір жеткізумен және таратумен бүгінде 30 жеке кәсіпкер айналысуда. Олардың қоймаларында 44 мың тоннадан астам қатты отын қоры бар. Қазіргі таңда жалпы тұрғындардың көмірді тұтыну қажеттігі 254,6 тоннаны құрап отыр екен. Алайда оларға жеткізіліп берілгені 86,6 мың тонна ғана. Бұл бүгінге дейін қатты отын тұтынатын облыс тұрғындарының 34 пайызы ғана көмірмен қамтылып отыр деген сөз. Ал көмір қоймаларында жеке тұрғындарға таратылатын көмір қоры 47 320 тоннаны құрайды. Жеке кәсіпкерлер көмірдің бір тоннасын тұтынушыларға 11 000-14000 теңге аралығында өткеруде. Өткен айда өңірімізге 14,9 мың тоннаны құрайтын 217 вагон қатты отын жеткізіліпті.
Жылыту маусымына дайындық барысында моно және шағын қалалардың орталық қазандықтарына отын сатып алу үшін нарықтағы бағамен 1,1 миллиард теңге қажет екен. Оған облыстық бюджеттен 411 миллион теңге бөлініп отыр. Айталық, Қаратау қаласының қазандығына жылыту маусымына қажетті 11,4 миллион текше метр газға – жалпы сомасы 273,6 миллион теңге қажет болса, облыстық бюджеттен үстіміздегі жылдың 4 тоқсанына қажетті 4,5 миллион текше метр газға 105,7 миллион теңге қаражат бөлініпті. Ал алдағы жылдың І тоқсанына 6,8 миллион текше метр газға 167,9 миллион теңге қажет көрінеді.
Жаңатас қаласына 10646 тонна мазутқа 1 041,3 миллион теңге қажет екен. Бүгінде облыстық бюджеттен оның 305,1 миллион теңгесі бөлінген. Облыстық бюджеттің алдағы уақыттағы нақтылануына 145,9 миллион теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, 2020 жылдың І тоқсанына 5584 тонна мазутқа – 590,2 миллион теңге сұраныс берілген.
Ал Шу қаласының қазандығына өткен жылыту маусымынан қалған 183,2 миллион теңге 7,4 миллион текше метр көлемінде газ сатып алуға әбден жеткілікті көрінеді. Сонымен қатар өткен жылыту маусымынан қалған резервтегі 744,3 тонна көмір қоймада сақтаулы тұр. Сондай-ақ бүгінгі күні кәсіпорындарда резервтік (апаттық) мазут отынының нақты қоры 10,9 мың тоннаны құрайды.
Айта кету керек, бүгінде жылыту маусымына дайындық барысын облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей өзі күнделікті бақылауында ұстап отыр. Облыстық әкімдікте өткен жиында аудандардың ішінде Талас пен Байзақ аудандарында бюджеттік мекемелер мен тұрғындарға көмір жеткізу мүлде орындалмай отырғандығы айтылған болатын. Бұл туралы Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаевқа ұялы телефон арқылы шығып, дайындық барысын сұраған болатынбыз.
– Аудан тұрғындарын қатты отынмен қамту үшін 6 мың тонна көмір жеткізілді. Оның 1800 тоннасын тұрғындар үйлеріне жеткізіп алды. Ал көмір қоймаларында қазір 4 мың тонна қатты отын қалып отыр. Жалпы бұл іспен ауданда екі көмір тасымалдаушы кәсіпкер айналысуда. Соңғы жылдары ауданда табиғи газ тарту жұмысы жақсы жүргізілуде. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан қатты отынға деген сұраныс жыл санап азаюда, – деді ол.
Сонымен қатар аудандағы білім нысандарына 3 мың тонна көмір жеткізіліп, жоспар 85 пайызға орындалыпты.
Ал Байзақ ауданында бұл бағыттағы жұмыстың әлі де болса баяу жүріп жатқанын байқадық. Өйткені ауданда көмір қоймасы жоқ. Онымен түбегейлі ешкім айналыспайтын болып шықты. Аудан тұрғындары қажетті қатты отынды тікелей Тараз қаласынан тасымалдайды екен. Бүгінгі таңда білім, мәдениет салалары 100 пайыз көмірмен қамтылыпты. Тұрғындардың қанша пайызы көмірмен қамтылғанын аудан әкімінің орынбасары Нұрдос Тойбаев айтып бере алмады. Дейтұрғанмен мұндағы 43 елді мекеннің 30-ы табиғи газға қосылыпты. Енді қыс түскенше газ желісі тартылған 2-3 елді мекенді «көгілдір отынға» қоспақ ниетте.
Қалай айтсақ та, алда қылышын сүйреткен қаһарлы қыс келе жатқанын ұмытпайық. Қыс қыспай қоймайды, ал қамданған қапы қалмайды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support