- Advertisement -

Жаһан тыныштығының жаршысы

72

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы асқаралы асулары Тараз төріндегі келелі әңгіме арқауына айналды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесі аясындағы іс-шаралар Тараз қаласында да сәтімен жалғасты. Мәртебелі меймандар орталық «Достық» алаңына жиылып, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Іс-шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов және қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты.

Елбасы жолының тағылымы

Көшпелі көрменің ашылу салтанатында алғаш сөз сөйлеген аймақ басшысы Асқар Исабекұлы іс-шараның мазмұны мен маңыздылығы туралы кеңінен әңгімеледі. Бұдан соң Әмірхан Мұратбекұлы сөз алып, тәуелсіздік жылдарындағы Тараз шаһарының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуында Елбасы рөлі айрықша болғанына тоқталды. Тәуелсіз еліміздің қалыптасу тарихындағы Тұңғыш Президенттің рөлін жан-жақты баяндайтын көрмеге келген қонақтар Елбасының архив, кітапхана, музей қорларынан алынған құнды мәліметтермен танысып, сырына қанықты. Жұртшылық бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарғы мемлекеттік марапаттар коллекциясын, мемлекет басшылары мен беделді жазушылардың қолтаңбасы қалған басылымдарды, Елбасының көп тілде жарық көрген еңбектерін көзбен көріп, көңілге түйді. Көшпелі көрме төрт бөлімді құрайды екен. Бастапқы «Елбасы жолы» бөлімінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертетін мәліметтер топтастырылған. Мұнда Елбасы жолы рухани жаңғыруға септескен оқиғаларды сипаттау арқылы баяндалады. «Елбасы феномені» бөлімінде жаһанға тұрақтылық пен қауіпсіздік жолдарын насихаттаған Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы басты тұжырымдамасы сипатталған. Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасының көшірілуіне дейінгі тарихи деректер, батыл шешімдер мен бастамалар Елбасы феноменін айшықтай түскен. «Әлем таныған Елбасы» бөлімінде мемлекеттің сыртқы саясаты, Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық деңгейдегі беделін көрсететін дүниелер топтастырылса, «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде көпшілік назарына Елбасы мен Қазақстан халқына жаһандық даму мен тұрақтылыққа қосқан үлесі үшін табыс етілген жоғары мемлекеттік марапаттар ұсынылған.

Әуелде 2017 жылғы қараша айынан бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны таныстырылған. Тараз тұрғындары мен қонақтары «Н. НАЗАРБАЕВ: ДӘУІР, ТҰЛҒА, ҚОҒАМ» көрмесін қазан айының соңына дейін тамашалай алады.

«Назарбаев феноменін» әлем біледі

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұжымы жоспарлаған іс-шаралар легі М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-да жалғасын тапты. Алдымен университет ректоры Махметғали Сарыбеков Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжановты университет музейімен, стартап жобалармен таныстырды. Мұндағы гидрокешеннің бас жоспары Әмірхан Рахымжановты қызықтырғанын байқадық.
Бұдан соң Әмірхан Рахымжанов университеттің магистранттарымен, жас ғалымдармен кездесті. Басқосу барысында Әмірхан Мұратбекұлы Елбасы кітапханасының қызметі, онда сақталған құндылықтар жайлы жан-жақты баяндады. Кездесуде жиналғандар көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Сондай-ақ бұл күні студенттер «Әлем таныған Елбасы» бейнелі кітап көрмесін тамашалап, Тұңғыш Президенттің еңбектерімен толыққанды танысты.
Іс-шара соңы студенттер мен магистранттар, ғылым докторларының қатысуымен Жастар жылына арналып өткізілген «Елбасының тарихи миссиясы: жаһанданған әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен түйінделді. Конференция жұмысына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы келіп, қатысты. Басқосуды Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашып, жүргізіп отырды.
Күні кеше Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйытқы болуымен ашылған көрмеде өңірімізде өткізіліп жатқан осынау іс-шараның қаншалықты маңызды екенін толыққанды айттым. Бұл іс-шара – Тәуелсіз Қазақстанның азаттық жылдарында жүріп өткен жолына жасалған тамаша шолу. Конференция жұмысы барысында Елбасының ерен еңбегімен қатар азат еліміздің тарих үшін аз ғана мерзім саналатын кезеңінде қол жеткізген жетістіктерін кеңінен баян етеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын тек өз еліміз ғана емес, әртүрлі халықаралық ұйымдар, шетелдік сарапшылар саралап, оң бағасын беріп отырғанынан баршаңыз хабардарсыздар. Қазақстан тарапынан қабылданған маңызды, батыл шешімдер басқа мемлекеттерге үлгі ретінде айтылып жатқанын да естіп, біліп жүрміз. Адамзатты алаңдатқан зауалдардың бірі ядролық қарудан Қазақстанның өз бетімен бас тартқаны да жаһан елдеріне үлгі. Айта берсек, үлкен жетістіктер көп-ақ. Тәуелсіздік кезеңінде елімізді барлық институттардың қалыптасқаны, шекараның шегенделгені – зор табыс», – деген облыс әкімі конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан соң Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов негізгі баяндамаға көшті. Тарихи деректермен әдіптелген Әмірхан Мұратбекұлының құнды баяндамасы жиналғандардың көңілінен шыққаны анық. Ол өз сөзінде Қазақ хандығы дәуіріндегі тарихи оқиғаларды, ұлы бабалардың мұратын, қазақ ұлтының көрген қиындықтары жайлы кең мағлұмат бере отырып, Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерімізді, азат еліміздің дамуындағы Елбасы рөлін нақты деректермен әңгімеледі. Ол сондай-ақ ел аумағындағы ядролық қаруды жоюдағы Елбасының батыл шешімін дәйекті деректермен тарқатып айтып берді. Семей палигонын жабу туралы шешім жайлы да кеңінен толғанды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған көпвекторлы саясаттың жемісі, өзге де оқиғалар жайлы толыққанды әңгімелеп берді. Бейбітшілік пен татулықтың бастауына айналған бұл бастама баянды болса деген ізгі ниетін жеткізді.
Мұнан кейін М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков сөз алып, «Әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Махметғали Нұрғалиұлы өз сөзінде әлем елдерінің қауіпсіздігін ойлаған кемеңгер Көшбасшының шұғыл шешімдері мен ерлікке тән қадамдары туралы жан-жақты ой өрбітті.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір елдің немесе аймақтың ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың көлемінде ғаламдық деңгейде терең ойлайтын Көшбасшы ретінде өзін танытты. Әлемдік саясаттануда табысты саясаткер, реформатор және стратег факторы ретінде тіпті «Назарбаев феномені» деген термин пайда болды. Жаһандық саяси аренада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік қабілеті барлық қырынан жарқырап көрініп, көптеген шетелдік зерттеушілердің пайымынша, Елбасының тұлғасын көптеген тарихи тұлғалармен салыстыруға болады», – деген Махметғали Сарыбеков Елбасының өзге де көптеген еңбектерін саралап, сараптап айтты. Өңіріміздегі басты жоғары оқу ордасының ректоры жасаған баяндама көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Португалия елінен арнайы келген, PhD докторы, Браганса политехникалық институтының профессоры Руи Педро Де Сантос Лопес «Жаһандық әлемдегі цифрлық қауіпсіздіктің маңыздылығы» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде ақпараттық технологиялар дамыған бүгінгі заманда цифрлық қауіпсіздіктің мәні жоғары екенін ғылыми негіздерге сүйене отырып дәлелдеді. Нақты мысалдар мен ғылыми тұжырымдарға толы мәртебелі мейманның сөзі жүректерге жетті. Сонымен қатар ол Тәуелсіз Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті сақтауға атсалысудағы айрықша рөлін де айтып өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерең еңбектерін де әңгімеге арқау қылды.
Бұдан кейін сөз кезегі Германиядан келген, Вильдау қаласындағы қолданбалы ғылымдар техникалық университетінің қызметкері, физика-математика ғылымдарының докторы Питер Эндерске тиді. «Қазақстан мен Германия: жаһандық әлемдегі қауіпсіздік» тақырыбында сөз қозғаған ол қос мемлекет арасындағы іскерлік байланыс, қауіпсіздік мәселесіндегі тұжырымдар жайлы кеңінен толғанды. Питер Эндерс Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту арқылы әлем елдеріне үлгі көрсеткенін толғаныспен жеткізді. Жаһан тыныштығын ойлаған кемеңгер Көшбасшының батыл шешімдері талайларға ой салғанын да нақты дәйектермен жеткізіп отырды. Сонымен қоса ол Германияның Штутгарт қаласындағы қазақтардың жергілікті ұлт өкілдерімен бірлесе Наурыз мерекесін тойлағанын слайд арқылы көрсетіп, ұлтаралық достықтың Германия жерінде де жоғары деңгейде қалыптасып отырғанын тілге тиек етті.
Кейіннен «Кыргыз Тарых Коому» халықаралық қоғамдық ұйымының президенті, тарих ғылымдарының докторы Тынчтыкбек Чоротегин сөз алды. Ол түркі тілдес елдердің, қыпшақтардың тарихы туралы кеңінен әңгімеледі. Екі елдің тарихында ойып тұрып орын алған ұлы тұлғалардың артына қалдырған мұраларын бірлесе насихаттау маңызды іс екенін атап өтті. Сондай-ақ кейбір мәселелерде М. Х. Дулати атындағы ТарМУ ұжымымен бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Ғылыми-тәжірибелік конференция соңында М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың докторанты Саят Мамешова сөз алып, «Қазақстан – ядролық сынақтарға қарсы күресте көшбасшы» тақырыбында баяндама жасады. Нақты деректер мен тарихи тұрғыдан алғанда құнды мәліметтерге толы баяндама қысқа да болса, тұжырымдарға толы. Ол өз сөзінде ядролық сынақтан бас тартудағы Елбасының кемеңгерлігін нақты дәйектермен тұжырымдап отырды.
Конференция жұмысы түс қайта сессиялық отырыстарда жалғасын тапты. Онда ғалымдар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасын, болмысын жан-жақты ашуға тырысты.

Тұңғыш Президент жобалары ел болашағына қызмет етеді

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті», «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобаларының еліміздің өркендеуі үшін маңызы зор. «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобалары – мемлекетіміздің болашағына қызмет ететін құндылықтар. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжановтың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында өткен «Ұлы Даланың жеті қыры» ғылыми-әдістемелік семинарында айтылды.
Басқосуды аталмыш филиалдың директоры Сабыр Түменбаев ашып, жүргізіп отырды. Ол Ұлт Көшбасшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының маңызына терең тоқталып, Елбасы кітапханасынан келген қонақтарды таныстырып өтті. Мұнан соң сөз алған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов Ұлт Көшбасшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобаларына, Отанымыздың қызғалдақтар елі, алманың отаны атануы бекер еместігіне тоқталды. Сондай-ақ ол өзі басқарып отырған кітапхананың мүмкіндігі, онда сақталған қорлардың құндылығы, мұнда Тәуелсіз еліміздің бүкіл тарихы жазылып, сақталғаны туралы ой қозғап, қызықты етіп әңгімеледі. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан қойылған сауалдарға да Ә.Рахымжанов жан-жақты жауап беріп, «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесінің қазан айының соңына дейін жалғасатынын айтты. Нұр-Сұлтан қаласынан келген құрметті қонақ Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы ұжымына Махмұд Қасымбековтың «Нұрсұлтан Назарбаев», «Назарбаев моделі» кітаптарын сыйлады.
Іс-шараны Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Сабыр Түменбаев қорытындылап, Елбасы кітапханасының директорына арнайы келгені үшін алғысын айтты.
«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі аясындағы іс-шараларға келген қонақтар Тараздағы физикалық бағытта тереңдетіп оқытатын Назарбаев зияткерлік мектебінде болды. Бұл басқосуға облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова қатысып отырды.
Аталған мектептің мәжіліс залына ұстаздар мен оқушылар көп жиналған екен. «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірбаяны мен жасампаздық идеялары» атты семинар-тренингті аталған зияткерлік мектептің директоры Тимур Нүркешов сөз сөйлеп ашып, жиналғандарға семинардың мәнісін түсіндіріп өтті. Мұнан соң Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Елбасының Тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамуы жолындағы кемеңгерлік шешімдері, дара көшбасшылық қасиеттері туралы терең толғанды. Елбасының ерлікке пара-пар батыл қадамдары туралы да мол мағлұматтар берді. Әмірхан Мұратбекұлы Тәуелсіздікті жаңадан алған кездегі мемлекетіміздің алғашқы қадамдары, даму перспективалары, қазақстандықтардың Тұңғыш Президентті таңдаудағы шешімдері туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Сондай-ақ ол зияткерлік мектепте оқудың өзі балалардың бір жетістігі екенін, оқушыларға онымен шектелмей, мемлекетіміздің ең жоғары университеттерінде, әлемнің үздік білім ордаларында оқуға шақырып, дарынды балалардың болашағына сенім білдірді.
Оқушылар қонақтарға бірнеше қызықты сұрақтар қойды. Жас жеткіншектерді аға буынның жеткен жетістіктері, Елбасының 30 жыл бойы талмай атқарған жұмысы мен тұлғалық қасиеті, өзге де жұрт білмейтін қырлары қызықтыратынын байқадық. Білім алушылардың әдемі сауалдары көңілімізге қонды. Шәкірттердің сұрақтарына Әмірхан Мұратбекұлы жан-жақты жауап беріп, сөзін аяқтай келе, зияткерлік мектеп директорына Елбасының өмір жолы жайлы жазылған «Нұрсұлтан Назарбаев», «Назарбаев моделі» (авторы – Махмұд Қасымбеков) кітаптарды табыс етті. Махмұд Базарқұлұлының 30 жыл Елбасының сенімді серігі болғанын, осы Жамбыл өңірінің тумасы екенін айтып өтті.
Жиын соңында Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Тимур Сейітқажыұлы оқушыларға әсерлі әңгімелер айтқан Әмірхан Рахымжановқа және онымен бірге келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

Музей мамандары арнайы оқудан өтті

Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық» үйінде жергілікті музей қоғамдастығының өкілдеріне арналған «Музей саласындағы ақпараттандыру: «Музей» есепке алу және сақтау автоматтандырған жүйесін орнату тәжірибесі» тақырыбымен ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Шара барысында қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында мәдени мұраны зерттеу, насихаттау тәжірибелерін ортаға салу, сондай-ақ кітапхана, архив, музей салаларындағы ақпараттық технологияларды дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Көпшілік назарына «Бір жәдігердің тарихы», «Музей коллекциялары» жобасын қамтитын «Музей жинақтары» ғылыми-қор музейтану бағдарламасы бойынша Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің зерттеу жұмыстары ұсынылды.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева аталған семинардың маңыздылығы жөнінде пікірін білдіріп, Тұңғыш Президент кітапханасы тәжірибесінің өңірлерде іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
Соңында қатысушыларға арнайы серификаттар табыс етілді.

«Aq jol»-дың тілшілер тобы:
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
Есет Досалы,
Маржан Рақай,
Камила БОРАШОВА.

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support