«Жеңіс» саябағында күнде думан, күнде той

Жастар жылына және облыстың 80 жылдығына орай «Жамбылым қандай тамаша!» тақырыбымен жаңарған «Жеңіс» саябағында әр жұманың кешінде концерт ұйымдастырылып жатқанынан оқырмандарымыз хабардар. Алдыңғы аптада аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламаларын құландықтар түйіндеген болатын. Саябақтағы қорытынды мәдени шараны Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымы өткізді. Өнерпаздар көпшілік назарына ән-жырларын, биі мен күйін ұсынды. Бұған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мұрындық болғанын айта кеткен жөн.
Бұл жолы жиналған жұрттың қарасы аз болмады. Себебі облыстың таңдаулы әншілерінің өнері кім-кімді де қызықтырмай қоймайтыны анық. Сахнаға «Алатау» фольклорлық ансамблі жарқ етіп шыға келгенде саябақтың сәні кіріп сала бергендей болды. Ансамбльдің әр мүшесі жүрекке жылы тиетін даусымен көпшілік назарын аударды. Мың бұралған бишілердің де өнері бағалауға тұрарлық. Бидің жөні бөлек. Оны біз «Ақкербез» би ансамблі мен «Айша бибі» фольклорлық-этнографиялық би ансамблінің көрсеткен өнерінен байқадық.
Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері Рәзия Мәдіханова шырқаған әндердің жүректерге жеткені сөзсіз. Мәдениет саласының үздіктері Бақыт Шағырбаев пен Оңал Азаматова көрерменнің үлкен ықыласпен тыңдайтын әншісіне айналып кеткелі қашан? Бақыт тартқан баянның дауысы саябақты сазбен тербеп тұрса, Оңалдың дауысын өнерсүйер қауым жылы қабылдады. Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов, Мәдина Сағынбекова да әсем әндерімен көрермен көңілін аулады. Ағайынды әншілерден құралған «Сұлужан мен Марғұлан» дуэті де жиналған қауымның қошеметіне ие болды. Олар көбінесе халық әндерін, патриоттық шығармаларды, Әулиеата топырағына, Тараз шаһарына арналған әндерді жоғары шеберлікпен орындады.
Филармония ұжымының тамаша концертіне ерекше риза болған халық ұзақ қол шапалақтап, құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

https://4store.com.ua/