- Advertisement -

Хайнань ғажайыптары

231

- Advertisement -

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

(Соңы. Басы өткен санда).

СӘУЛЕТ ӨНЕРІНДЕГІ ҚАЙТАЛАНБАС ҚҰРЫЛЫС

Шіркін, осындай еш елде жоқ ғимарат менің елімнің қалаларынан да бой көтерсе ғой деп армандадым

Санья қаласындағы Beauty Crown Hotel деген кешеннің пайдалануға берілгеніне көп жыл өтпесе де әлемдегі ең ірі қонақ үйлер рейтингіне еніп үлгеріпті.
Оның ғажабы да сол, қаз-қатар орналасқан тоғыз ғимараттан тұратын қонақ үй өсіп тұрған ағаштарды көз алдыңа әкеледі. Басқа басқа, ағашты бейнелейтін ғимаратты алғаш көруім ғой, қатты қызықтым. Өзінің қонақтарға арналған 6 мың бөлмесі бар екен.
Ағаш-ғимараттың алдында шатыр тектес нысан бар, ол ананың жанында ойыншық сияқты. Бірақ оның да аса үлкен аумақты алып жатыр. Өйткені 3500 көрерменге арналған бұл театрда үлкен шоулар өтіп тұрады. Соңғы жылдары «Әлем аруы» осы жерде ұйымдастырыла бастапты.
Ағаш-ғимаратты әлемдегі ең үздік деген сәулетшілер жобалаған. Оның құрылысы тапсырыс берушілерге миллиардтан астам АҚШ долларына түскен.
Тал-дарақ пен оның жапырақтары, әдетте, экологиялық тазалықтың символы емес пе!? Ғимарат жобасында, міне, осы мән мен мағына көзделген. Өйткені Хайнаньнің аты мен атағы Оңтүстік Қытай теңізімен ғана емес, сонымен бірге жыл он екі ай бойғы жасыл ағаштарымен де алысқа кеткен.
Сондықтан болар, сәулетшілер қиялына ағаш-ғимарат салу идеясы келіп, өте ірі жобаны бастап кеткен. Оны жергілікті билік құп алған. Туристерді тарту үшін, қаласының даңқын асыру үшін, әрине, мұндай тәуекел қай елге де керек.
Шіркін, осындай еш елде жоқ ерекше ғимарат менің елімнің қалаларынан да бой көтерсе ғой…

«МАЙМЫЛДАР МЕКЕНІНЕ» аспалы арқан жолмен

Есте жоқ ескі замандарда Чарльз Дарвин атты натуралист-ғалымның «адамзаттың арғы тегі – маймыл» деп жазған-сызған дүдәмал тұжырымдары бар емес пе еді, Хайнаньға кеп сол «қандастарымыздың» эволюциялық жолмен әлі де адам бейнесіне келе қоймаған «ұшқалақ» ұрпақтарымен суретке түсу «бақытына» да ие болдық.
Тауларының басы да, баурайы да қалың жынысты орман болған соң, оны міндетті түрде маймылдар да мекендейтіні рас қой. Туристер көңіл күйін дөп басып таба білетін ханзулықтар осы маймылдарды да кәдеге жаратыпты. Жаратқаны сол, олар үшін арнайы бір «арал» жасап қойған.
Маймылын қайдам, маған сол «аралға» баратын әуедегі электрлі керме жолдары мен сұлу табиғаты ұнады. Әуедегі темір арқан жолдың бойымен тербеліп келе жатып Оңтүстік Қытай теңізіне, одан астыңда қалып бара жатқан жап-жасыл әлемге сүйсіне көз тігу ерекше сезімге бөлейді. Демалыстың рахаты да адамға осындай сәтте білінеді.
Теңіз үстінен Ли халқының су бетіндегі қалашықтары көрінеді. «Құдай-ау, су үстінде қалай өмір сүреді бұлар?» деп таңғала қарайсың. Олар болса «Құдай-ау, бұл қазақтар қақаған қыста киіз үйде қалай тұрады?» деп ойлайтын шығар деп қоям тағы өзіме-өзім. Мысалы, Сібір халықтары -50, -55 градус аязда беттерінің ұшы қызыл алмадай алаулап күркесінде жайбарақат тұра береді ғой, бұлардың су бетіндегі тіршіліктері де соған ұқсас секілді.
Маймылдар да адамдарға әбден үйренген. Қорықпайды, қашпайды. Әрқайсысының өз ермегі бар. Тіпті, оларға арнап бассейн де жасап қойыпты. Кішкентай балалардың суға шомылғанындай асыр салып жатыр бәрі. Талдың басына өрмелеп шығып, ол аздай салбыраған бұтақтарды әтекеншек қылып бір талдан екінші талға секіріп ойнап жүргендері де бар.
Өздері көше бұзақыларындай «нахалдау» болып келеді екен, әйелдердің орындыққа бір сәтке қалдырған сөмкелерін ала қашып, ішіндегі бояу-далаптарын шашып тастағандарына да куә болдық. Бір ана кішкентайына балмұздақ сатып әперіп еді, анандай жерде ана мен баланы аңдып отырған маймыл ұрлана басып келді де әлгі бүлдіршіннің қолындағы балмұздақты ала қашты. Балалардың қолындағы шырын сусындарды да тартып алып жатыр. Күн сайын маймыл көріп жүрмегендіктен осының бәрі туристер үшін таңсық, туристер үшін қызық.
Қызметшілер маймылдарға туристермен бірге қалай суретке түсу керек екенін де үйретіп қойыпты. Сізді алдын ала дайындалған жерге отырғызып ысқырып қалса болды, бірнеше маймыл жүгіріп келіп бірі алдыңызға, екіншісі иығыңызға шығып, кәдімгі «модель» қыз-келіншектердей неше түрі «поза» жасап, фото объективке қарап тұра қалады. Бұл да күлкі шақырады.
Ал енді цирк өнеріне қатысты шоулары туралы айтпай-ақ қояйын, оны елде өздеріңіз де көріп жүрсіздер ғой. Айтпағым, біздің елдегі туристік индустрияны дамыту үшін көп ізденіс, көп идея, көп жоба керек сияқты. Барымызды әлі де бағалай алмай жатқан сияқтымыз. Өйткені маймылдарымыз болмаса да, маймылға бергісіз, онда да түлік төресі түйе бастаған жан-жануарларымыз жетерлік қой. Жұрт алдында өнер көрсетуге үйретсе, талай шетелдіктерді олар да таңғалдырар еді.
Тек осы істің бәріне ықылас, ыждаһат, құнт керек сияқты.

ЕЛДЕ «ЕШКІ ФЕРМАСЫН»  АША АЛМАЙ ЖҮРГЕНДЕ, «ЖЫЛАН ФЕРМАСЫ» БАР ДЕГЕНДІ ЕСТІДІМ…

Қытай халқының бізден ерекшелігі жаратқанның жәндіктері мен өсімдіктерінің бәрін әжетке жарата білетіндігінде. Біз қорқатын, жиіркенетін жәндіктер мен өсімдіктердің бәрі ханзулардың қолына түссе шипалы дәріге, дәмді тағамға (өздері үшін әрине), айналып жүре береді. Бәлкім, Хайнань тұрғындарының 100 жасқа дейін жасайтыны да сондықтан шығар.
Мысалы, «Жылан фермасы» дегенді Хайнаньға кеп алғаш рет естідім. Ә, айтпақшы, біз қытайлықтардың бәрін ханзулықтар санаймыз да, ондағы ханзулықтарға ұқсас көптеген ұлттар мен ұлыстар тұратынын біле бермейміз.
Айталық, Хайнань о баста Қытайдың жері болмаған. Онда ежелден Ли деген халық мекен еткен. Бірақ кейін жерімен қоса Қытай елінің қарамағына өткен.
Міне, сол Ли халқы (Олар су бетінде де өмір сүре береді. Иә, кәдімгі теңіз жағалауындағы суы тыныш шығанақтарға үлкен сал жасап, оның үстіне күркешіктері мен үйшіктерін салып, балығы мен бақа-шаянын аулап тұра береді. Жалықса жағалауға шығып, қалың жынысты джунглиді игереді. Әйтеуір, Президенттері мен Үкіметтерін, одан қалса әкімдері мен депутаттарын жамандап, босқа жатпайды) жыланның ерек-ұрғашысын айыра білетін өте білікті халық. Жыланның «жынын» басып, қолға үйрету де осы халықтың еншісіндегі өнер.
Ли халқының жігіттері әбжыланды (кобра) қолына алып, тіпті, оның аузынан «сүйіп», неше түрлі өнер көрсеткенде «ойпырайлап» отырдық. Террариум ішіндегі өзіме тесіле қарап тұрған әбжыландарға қарап Артур Конан Дойлдың әнебір әңгімесі есіме оралды. Қос қыздың дүниесін иеленбек үшін қасақана өлтірмек болған өгей әкенің айла-шарғысы жөніндегі шедеврі ше? Құдайдың құдіреті, қаламгердің шеберлігі шығар, Хайнаньдағы «Жылан фермасын» көріп сол үрейлі әңгіме есіме түсіп кетті ғой.
Дүниеде түсі суық жәндік екеу болса, бірі жылан шығар деймін мен. Шақпаса да, шағам деп ниет танытпаса да түрі сондай сұсты көрінетін жыланды да мақтайды екен. «Жылан фремасындағы» орыс тілінде таза сөйлейтін қытайлық келіншек (Хабаровскіде туып-өсіп, сол жерде орыс тілінде оқыған екен), әйтеуір, жыланға шаң жуытпады.
Айтып отырса, Хайнань джунглилерінде әбжыланның (кобраның) неше атасы бар. Олар өздігінен ешкімге тиіспейді. Бірінші болып шабуыл да жасамайды дейді. Ал шабуыл жасар алдында ысылдап ескертеді екен. Ал жыланның ысылдағанын естіп, ызғар шашқаны деп ойлаймыз ғой біз.
Ол осылай деп айыр тілділер әлемін түсіндіріп жүргенде террариум ішіндегі бізге тесіле қарап тұрған әбжылан атылып кеп, шыны қабырғаға тарс ете түсті. Тарс ете түскен дыбыстан хабаровскілік қытай келіншегі өзінің сөзін жоққа шығарғандай болған жәндікке ашуланды ма, әлде өзі де қорқып кетті ме, бізге білдіртпей тіксініп қалды. Бірақ мен онысын сезіп қойдым. Бірақ үндегем жоқ.
Менің бір әдетім, көрген-баққанымды өз елімдегі жағдаймен салыстырамын да жүремін. Ау, жыланның көкесі Қазақстанда емес пе? Ендеше біз неге жылан фермасын ашпаймыз? Ордалы жыландарын бір бөлек, су жыландарын бір бөлек дегендей, қолға алса көп қой түрлері. Сосын тура сол жерден неге жыланның уынан дәрі-дәрмек дайындап, терісінен неше түрі белдік, сөмкелер шығаратын комбинат, цех жасамаймыз? Оны туристерге неге тамашалатпаймыз? Елімізде жыландармен айналысатын мамандар жоқ болса, неге Қытай елінен шақырмаймыз? Денсаулық сақтау министрлігі осындай үлкен мәселерге неге түрткі болмасқа?
Бірақ бізде не айтсаң да, қандай ұсыныс жасасаң да күле салатын әдет бар ғой. Менің бұл сөзіме де біреулер мырс-мырс күліп отырған шығар қазір. Жауаптан құтылудың да ең оңай жолы осы күле салу ма деймін.
Осы жерде күле салатын бір әңгіме айтып берейінші мен де. Бір жолдасым «ешкі фермасын» ашамын деп біраз елпілдеді. Зерттеп, зерделеп «ешкінің сүті адам баласына мың да бір ем екен. Ол, тіпті, ананың сүтінен кейін екінші орында тұрады» деп тамсанды.
Бірақ қанша құлшынса да, қаншама кабинеттердің есіктерінен кірсе де армандаған «ешкі фемасын» аша алмады. Өйткені жері жоқ екен, банкке қоятын жылжымайтын мүлкі жоқ екен, тағысын тағы «жоқтары» да жетерлік енді. «Ау, сол ешкіні ешқандай несие алмай-ақ ауылда мыңғыртып өсіре беруге болмай ма?» деймін мен. «Ауылдағы жердің бәрі жекешеленіп кеткен, ешқайда мыңғырта алмайсың» дейді ол. Ойлансам, уәжі орынды. Сосын… күлдім. Басқа не дейім енді.
Бірақ «жылан фермасы» деп аталатын фирма жұмысы жандүниеме қатты әсер етті. Ал енді сол жыландардың уынан жасалатын дәрілердің емдік қасиетін санап бергенде бар ма, бәрін сатып алғым кеп кетті. Бірақ оған ақша қайда? Қызығып қарап-қарап тұрып, аты қорқынышты фермадан екі қолым бос қайтты.
Әйтеуір, тыққан-пыққан тиын-тебенімді жаратпай тұрып «Акуланың майын» сатып алғаныма тәубе дедім.

АНАНАС-ҒИМАРАТЫ ДА АУЗЫМЫЗДЫ АҢҚАЙТТЫ

Табиғат-анаға деген махаббаттарын, экологиялық тазалаққа деген құштарлықтарын символикалық сәулет өнерімен өрнектеу Хайнаньдық ханзуларға ғана тән болса керек.
Санья қаласының орталығындағы «Ананас» деп аталатын сауда орталығының ғимаратын көріп осындай ойға келдім.
Біз, қазақстандықтар, Алматы қаласын мақтан етеміз. Оның алқызыл апортын да тіліміз жеткен жерге дейін дәріптейміз. Бірақ осы уақытқа дейін Адам ата мен Хауа ана қызыққан сол жемісті ұлықтап «Алма» деген ғимарат салып, оны сауда орталығына немесе ойын-сауық кешеніне айналдыруды құнттадық па? Жоқ, өйтпеппіз.
Ал ханзулар идеяны айналасындағы өздерін қоршаған табиғат ғажайыптарынан ала беретін сияқты. Ал біз сонау Еуропаға еліктейміз де Эйфель мұнарасын, Таяу Шығысқа қараймыз да Египет пирамидасын, көршімізден көшіреміз де Мәскеу университетінің жобаларын қайталаймыз да жатамыз.
Қазақтың тау мен даласындағы топырақта өсетін жеміс-жидек, бау-бақша өнімдері аз ба бізде?! Алма, жүзім, өрік, шие, жаңғақ, қауын, қарбыз, мінекиіңіз, кез келгенін алыңыз да идеяңызға жарата беріңіз, сізден ешкім ол үшін ақы сұрап жатқан жоқ. Құнттап кіріссе, бәрі болмаса да бірен-сараны елді елең еткізген ғимараттарыңыздың ерекше жобасына айналады. Әрине, аталған жеміс-жидектің бәрін бірдей жобаңа жарат деп отырғанымыз жоқ, ішіндегі қазақ елін танытатыны қайсы, алма ма, қауын ба, әлде қарбыз ба, біреуін алса еш елде жоқ жап-жақсы ғимарат жобалары шығар еді. Ағаш-ғимаратқа қарағанда анағұрлым арзанға да түседі. Бір-біріне ұқсас төрт, бес, алты қабат тұрғын үйлер мен бір-бірінен аумайтын «тапалтақ», «төртпақ» думанханаларды көбейте бергеннен, біздің қалаларымыздың көркіне тамсанатын шетелдік туристер табыла қояр ма екен?
Саньядағы Ананас-ғимараттың, мәселен, алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Үш қабаттан тұрады, бірінен екіншісіне эскалатормен көтерілесің. Айнала киім-кешектер, тамақтандыру орындары. Міне, сырты ананас жемісіндей көз арбап, қызықтырғанымен іші кәдімгі супер-маркет.
Біздің елге де осындай есті алар ерекше ғимараттар керек-ау! Алматыда, білем, «Апорт» деген ғимарат бар. Бірақ оның «Апорт» деген аты ғана. Басқасы еуропалық стандартқа негізделген құрылыс-сәулет өнерінің туындысы. Сондықтан алдағы уақытта, бәлкім, «Алма» деген алқызыл әсем ғимараттың құрылысын бастап жіберсе қалай болар екен?!.
Оған идеялық негіз бен бағыт-бағдар да жоқ емес. Себебін Ұлы Даланың жеті қырын оқысаңыз өзіңіз-ақ түсінесіз.

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ ДЕ ТӘТТІ ЕКЕН

немесе ең қысқа тарау

«Жалықтырса алыс сапар, жат мекен, туған жердің түтіні де тәтті екен» деп алдыңғы толқын ақындар жырлап өткендей, қанша жерден керемет болса да туған жердің жусаны (Жусан демекші, еліміздегі туристік индустрияның бір қызығын осы жусанға арнаса қандай керемет болар еді, ә!) мен шаңының исіне не жетсін, шіркін! Алматы әуежайына аяғымыз, асханасының тағамына ерніміз тигенде, тәубе дедік. Қытай дәмдерін жаратпай ашығып қалған асқазанымызға да «ел қонды».
Сосын асықпай тіс шұқып отырып, «қызықтың да, арзаншылықтың да көкесі, бәрі өзіміздің еліміз – Қазақстанда екен ғой, шүкір» дедік.
Шынында, туған жерге не жетсін! Төл мекеніміз, тәуелсіз мемлекетіміз жасай берсін, жайнай берсін!

Тараз-Алматы-Хайнань-
Алматы-Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support