- Advertisement -

Халық партияға емес, партия халыққа баруы керек

69

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бірқатар маңызды міндеттерді айқындап, филиал басшыларына нақты тапсырмалар жүктелгені белгілі. Саяси ұйымның облыстық филиалының Саяси кеңесінің отырысында осы мәселелер талқыланды. Кеңес жұмысын өңір басшысы, партияның облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов ашып, жүргізіп отырды.

Жалпы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы «Сенім. Диолог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты құжаттан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға дайын. «Ардагерлерді ардақтайық!», «Мирас», «Ауыл – ел бесігі» және басқа жобалар да – ел игілігіне қызмет ететін жүйелі шаралар. Филиал төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұраттың айтуынша, партияның қолға алған жұмыстары нәтижесін беруі үшін алдағы уақытта депутаттық фракция мүшелеріне тоқсан сайын баға беріліп отырады екен. Сондай-ақ «Жас Отан» Жастар қанаты ұйымдастыратын «Таза сессия» акциясы биыл басқа форматта өткізілмекші. Ал белсенділігі төмен депутаттардың орнына қайта шақыру жүргізілетін көрінеді. Жас кәсіпкерлерді қолдау және Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына жастарды ұсыну мәселелерінен де жамбылдықтар тыс қалмайды.
Жиында партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров ел дамуы үшін экономиканы тұрақтандыру қажет екенін айтып, елімізде ішкі жалпы өнімнің 4 пайызға өскенін тілге тиек етті. Экспортқа шығатын өнімдерді әлі де көбейту керектігіне, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытудың нақты шаралары қажет екендігіне тоқталды.
Партияның Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова «Nur Otan» қатарына тек беделді адамдар топтасуы керек, сонда ғана аудандық және бастауыш партия ұйымдарының рөлі күшейе түседі дейді. Жаңа Жамбыл фосфор зауытының маманы Арман Қарабаев та қазіргі басты міндет – партияның беделін көтеру екенін айтып өтті.
Бір айта кететіні, жиын әдеттегі сценарийден бөлек форматта өтті. Партия облыстық филиалының төрағасы Асқар Исабекұлы нұротандықтарды регламенттен тыс пікір алмасуға шақырды. Ортақ мәселелердің шешімі осындай басқосуларда талқыланғанда табылатынын ескерсек, өңір басшысының бұл ескертпесі де орынды.
Облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік прокуротура, сот, ішкі істер, әділет департаменттері және басқа да басқармалар басшыларының аудандарда көшпелі қабылдауларын ұйымдастыру және оны бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялау, партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын жандандыру қажет дейді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков Саяси кеңес қатарына белсенді жастарды тартуды ұсынды. Аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген депутаттың бәрі беделді болу тиіс деген тұжырымын алға тартты. «Үнсіз, мүлгіп отыратын халық қалаулыларынан жұрт жалықты. Елге етене жақын азаматтардың, атақты спортшы, өнерпаз, қайраткерлердің «Nur Otan» партиясы мүшелері екенін көпшілікке көрсетуіміз керек», – дейді ол.
Кейінгі толқын аға буынның іс-әрекетіне, көрсеткен өнегесіне қарап өсетіні – өмір заңдылығы. Осы тұрғыда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы партияның қолға алған бастамасын қолдап, қай кезде де үлгі көрсетіп келеді. Кеңес төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың айтуынша, олар жақында ғана Шу ауданында көшпелі жиын өткізген екен. Сонда ауыл тұрғындарымен әңгімелескенде, олардың облыс әкімінің әр ауладағы мүмкіндікті тиімді пайдалану туралы бастамасын қолдап отырғанына көз жеткізіпті.
Саяси кеңес отырысын партияның өңір басшысы, облыстық филиал төрағасы Асқар Мырзахметов қорытындылады.
– «Nur Otan» – билік партиясы. Ал партияның бағдарламасы халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және өзге бағдарламалардың тиімді орындалуын қадағаласақ, онда көп нәрсеге қол жеткіземіз. Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев топырлаған есеп емес, нақты нәтиже керектігін қадап айтып отыр. Мәселен, біз партияның облыстық, аудандық филиалдарына тапсырма бердік. Қазір сол тапсырмалардың 50 пайызы ғана орындалған. Оның өзі толық шегіне жетпеген. Біз облыс, аудан, ауыл әкімдері арасында үш деңгейлі жұмыс алгоритмін бекіткенбіз. Енді осы жұмыс алгоритмі партия филиалдары арасында да бекітілуі тиіс. Әлеуметтік және экономикалық карта жасалуы керек. Аумақтық филиалдар, бастауыш ұйымдар қалай жұмыс істейді? Фракциялар жұмысын қайтіп жандандыру қажет? Жұмысты ширататын кез келді. Бюджеттің ашықтығын қадағалау үшін интерактивті карта жасалсын. Ал дәл қазір филиалдардың жұмысы көрініп тұрған жоқ, – дей келе Асқар Мырзахметов жиында пікір білдіріп, ой айтқан кісілердің ұсыныстарын қолдайтынын айтты.
Әр ауданда бір округті дамыту туралы жобалардың республикадан қолдау тауып отырғанын, осылайша, үлкен қанатқақты жоба қолға алынғанын тілге тиек етті. «Бұл міндеттерді өз деңгейінде атқару және барлық істі ашық, жариялы жүргізу үшін азаматтар партияға емес, партия халыққа баруы керек», – деді өңір басшысы.
Партияның Саяси кеңесі отырысында бірқатар мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support