- Advertisement -

«Өз үйіміздің болғаны қандай жақсы»

68

- Advertisement -

Тараз қаласында көп қабатты 9 тұрғын үй пайдалануға берілді

Конституция күні мерекесіне орай Тараз қаласындағы 15-шағын ауданда әрқайсысы 80 пәтерден тұратын көп қабатты 9 тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген бұл көп қабатты тұрғын үйлерден пәтер алғандардың дені көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасылар болды. Салтанатты шараға өңір басшысы Асқар Мырзахметов қатысып, жиналған жұртшылықты мерекелерімен құттықтады.
–Мемлекетіміздің алға қойған басты мақсаттарының бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Өңірімізде бұл іс кеңінен өрістеуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы сомасы 17,6 миллиард теңгені құрайтын 30 көп қабатты 2 118 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 28 көп қабатты 1988 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың барлығы әлеуметтің әлеуетін арттыратын ауқымды шаралардың жарқын көрінісі, – деді өңір басшысы.
Бұл күні 720 пәтер пайдалануға берілсе, оның 200-ге жуығы бағдарлама арқылы банктің тиісті шешіміне сәйкес иелерін тапты. Сөйтіп мереке күні жаңа пәтерлеріне кіріп, қоныс тойын тойлаушылар қатары арта түсті. Қалған пәтер иелері алдағы уақытта «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында пәтер кілттерін алады деп күтілуде.
Жаңа пайдалануға берілген №5 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Серіктестіктің жауапты директоры Ғалымжан Айтқұловтың айтуынша, олар 15-шағын ауданда осындай 2 тұрғын үй салған. Бұл тұрғын үйдің жалпы жобалық құны 570 миллион теңгені құрайды. Бұдан бөлек, серіктестік мұнда әрқайсысы 60 пәтерден тұратын 3 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. 80 пәтерлік әрбір тұрғын үйдің жалпы аумағы – 4400, ал 60 пәтерлі тұрғын үйдің көлемі 3400 шаршы метрді құрайды екен. Бұл үйлерді мердігерлік ұйым таяуда тапсыруды жоспарлауда.
Қоныс тойын тойлаған көп балалы ана Әсем Баққараеваның қуанышында шек жоқ. Ол 2006 жылы отағасы екеуі үй кезегіне 1752-ші болып тұрыпты. Бүгінге дейін пәтер жалдап келген отбасы араға 13 жыл салып, баспаналы болып отыр. Әсем ханымның ұлы Ғибрат Бейсен де қуанышымен бөлісті. «Осы үйді біз бәріміз армандадық. Бүгін екінші қабаттан 3 бөлмелі пәтердің кілтін алғанда қатты қуандық. Ендігі жерде бұрынғыдай пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүрмейміз. Өз үйіміздің болғаны қандай жақсы! Енді мен де анама көмектесіп, жақсы оқитын боламын», – деді ол.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support