- Advertisement -

«Mark of Perfection»-ның мақсаты биік

46

- Advertisement -

Мұнда отандық азық-түлік өнімінің брендтік жаңа түрін өндіру қолға алынуда

Өз тұтынушыларына «Астау», «Бір асым ет» және «Жайма» сынды ұн өнімдерімен танылған «Mark of Perfection» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірімізде 9 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұндағы зауыттың қуаттылығы 60 пайызға жетіп отыр. Жылына 1000 тонна өнім шығарады. Оның 5 пайызы Ресей мен Қырғыз мемлекеттеріне экспортталады. Қалғаны ел өңірлеріне өткерілуде.
Зауыт директоры Болат Жетпісбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда кәсіпорынның ауқымы одан әрі ұлғайтылу үстінде екен. Осы мақсатқа «Центр кредит» банкінен 27 миллион теңгені несиеге алыпты. Кәсіпкер азамат оған облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығына ұсынған жобасы мақұлданғаннан кейін барып қол жеткізген.
«Кәсіпті бастау қиын. Өзіңе жүктелген сенім үдесінен шығу да жеңіл іс емес. Кәсіпкерге бірінші кезекте керегі – мемлекеттің қолдауы. Бүгін біз сондай қолдауды шынайы сезініп те отырмыз. Яғни несиені 15 пайызбен алсақ, оның 7 пайызын мемлекет субсидиялауда. Бұл кәсіпкер үшін үлкен көмек», – дейді Б.Жетпісбаев.
Бүгінде несие беретін екінші деңгейлі банктердің өсімі жоғары екені белгілі. Осыны ескерген билік елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында барлық шараларды қолға алып, арнайы бағдарламалар қабылдауда. Бұл Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да көрініс тапқан. Тұңғыш Президентіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын көптеп ашып, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуды бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Кәсіпкерлікті қолдау арқылы ел экономикасының көтерілетіні, халықтың әл-ауқатының артатыны белгілі.
Жалпы, зауытта екі ауысым бойынша 65 адам жұмыс істейді. Мұндағы орташа айлық жалақы 65 мың теңге. Алдағы уақытта кәсіпорында екінші цехты іске қосу ойластырылуда. Ол іске қосылғанда тағы да қосымша 35 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Осылайша зауыт жүктемесі бұрнағыдан да арттырылып, жылдық өнім өндіру көлемі 2000 тоннаға дейін жеткізілетін болады.
Зауыт басшысы жұмыс үдерісімен жан-жақты таныстыру үшін бізді өнім шығаратын цехқа алып келді. Үлкен залдың ішінде – қызу жұмыс. Жұмысшылардың бізге мойын бұрып қарауына да мұршалары жоқ. Бір сөзбен айтқанда, әркім өз шаруасымен айналысуда. Бір байқалған жайт, мұндағы құрал-жабдықтар өзге өндіріс ошақтарындағыдай емес, тым ескілеу секілді көрінді. Сөйтсек, кәсіпорын басшысы жайма мен кеспе дайындауға арналған құрал-жабдықтарды серіктестерімен бірлесе өздері қолдан құрастырып шыққан екен.
– Қазақ ет асқанда оған қамыр салады. Ал басқа мемлекеттерде мұндай дәстүр жоқ. Сондықтан болар, олар жайма мен кеспенің не үшін керек екенін түсіне қоймайды. Қазір біздің өнімдерімізге қызығушылық танытқан Ресей мен Қырғыз Республикалары ғана. Алдағы уақытта өнімдерімізді Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне экспортқа шығаруды ойластырып отырмыз. Осы мәселеге байланысты екі елмен арада келіссөздер жүргізілуде. Ал технология мәселесіне келетін болсақ, әлемде әзірге мұндай өнім түрлерін шығаратын құрал-жабдықтар жоқтың қасы. Еш жерден таппадық. Ойға алған ісімізді жүзеге асыру үшін осы қондырғыны ойлап таптық. Оны патенттеп те алдық. Әзірге осы бағытта жұмыс істеп тұрған құрал-жабдықтар тек бізде ғана. Енді жақында екіншісін іске қосамыз, – деді зауыт директоры.
Қазір мұнда жайма, салма, кеспенің ондаған түрі шығарылуда. Өнімдер салынатын түрлі мөлшердегі арнайы қораптардың сырты да ұлттық ою-өрнектермен нақышталған. Осылайша кәсіпкер отандық өніміміздің брендтік жаңа түрін қалыптастыруда. Олардың салмағы да әрқалай, 160 грамм – 3 килограмм аралығында. Ал өндіріске қажетті ұн Қостанайдан жеткізілуде. Үлкен астауға салынған ұн цехта қамырға айналдырылып, одан жаю аппаратына түсіп, кесуден өткен соң транспортер лентасы арқылы тізбектеліп келіп кептіру құралына рет-ретімен түсіп жатыр. Жалпы, цехта тәулігіне 2,5 тонна дайын өнім шығарылады. Брендтік өнім өндіру технологиясы да қарапайым. Алайда жайма дайындаудың өзіндік құпиясы да бар екен. Кәсіпкер азамат оны айтып жатпады. Ең бастысы, астың дәмді болуы. Әзірге тұтынушылардың мұндағы ұн өнімдеріне айтар өкпесі жоқ. Әзірге еліміздегі ең сапалы, өтімді жайма осы зауытта өндірілуде.
Зауыт мұнымен ғана шектеліп қалмай, басқа да өнім түрлерін шығаруды қолға алыпты. Атап айтсақ, жаймаға арналған тұздық дайындалып, қой және сиыр еттері қалбырлануда. «Бүгінге дейін етке қажетті жайма ғана шығарып келсек, енді оның қатарына ет пен тұздықты да қосып, үшеуін бірге кешенді түрде дайындауды қолға алдық. Үшеуін қосып бір демде ас дайындауға болады», – деп түсіндірді мұның мәнісін кәсіпкер азамат. Әзірге бұл іске қажетті шикізаттың – еттің де, ұнның да біразы сырттан тасымалданатыны ішінара қиындық та туындатып отырған сыңайлы. Осыған байланысты серіктестік Жуалы ауданындағы Теріс-Ащыбұлақ ауылы маңынан бордақылау алаңын салыпты. Сондай-ақ өңірімізде тап осы салада маман тапшылығы барын ескеріп, жоғары оқу орындарында азық-түлік өнімдерін дайындайтын технологтер даярлайтын факультет ашудың мезгілі де пісіп-жетілген секілді.
Жалпы, зауыт жұмысшыларына барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Жұмысшылар асханасы да жұмыс істеп тұр. Мұнда олар үш мезгіл тегін аспен қамтылған.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support