- Advertisement -

ЕҢ АЛДЫМЕН МЕЙІРІМ ҚАЖЕТ

60

- Advertisement -

Бала тәрбиесінің бағбандары – тәрбиешілер Тараздағы №30 мектеп-гимназияның мәжіліс залында бас қосты. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттырудың заманауи тәсілдері» деген тақырыпта өткен бірлестік отырысына облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева, облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің басшысы Саясат Керімбекұлы және облыс орталығындағы балабақша меңгерушілері қатысты.
Жиында алдымен сөз алған Жәмилә Елеуқызы күні кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз кеңесінде білім, бала тәрбиесіне қатысты айтқан тапсырмаларын кеңінен тарқатып берді. Мұнан соң:
– Қазіргі таңда облыстағы 545 балабақшада 55207 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандардың үлесіне келер болсақ, 1-6 жастағылар – 84 пайыз, 3-6 жас аралығындағылар 98,6 пайызға жетіп отыр. Ағымдағы жылы 23 жекеменшік балабақша, 4 шағын орталық ашу жоспарланған болатын. Әзірге жыл басынан бері оның 15-і балғындарды қабылдады. Бұдан бөлек, Шу ауданында – 3, Тараз қаласында 1 балабақша жоспардан тыс ашылды. Жалпы облыс аумағындағы мектепке дейінгі ұйымдарда 6712 педагог қызмет атқарады, – деді де, меңгерушілерге тәрбиешілерді жұмысқа қабылдамас бұрын ең алдымен оның баламен жұмыс істеу қабілетіне баса назар аудару қажеттігін, бүлдіршіндерге бар мейірімді төге отырып білім мен тәрбие беру керектігін айтты. Сөзінің соңында балабақшаларда ата-аналардан қосымша ешқандай ақша жиналмауы тиістігін қатаң ескертті.
Бірлестік отырысы барысында сөз алған Мүбәрак Жинақбаева, Саясат Есеев пен облыстық білім басқармасының басқа да бөлім басшылары мектепке дейінгі білім беру жүйесінің дамуы, ондағы тәрбие мен оқытуды ұйымдастыру мәселелері, автоматтандыру, білім беру мазмұнын жаңарту аясында мектепалды даярлықтың жаңа мүмкіндіктері жайлы жан-жақты сөз қозғады.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support