Бәсекеде қабілет ті кәсіпкердің бағы жанады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының мүшесі Марат Бопазов облысымызға жұмыс сапары барысында Президент жүктеген 10 міндет бойынша халықтың табысы мен тұрмысы сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты танысты. Халық қалаулысы Жамбыл, Байзақ аудандарында және Тараз қаласында болып, бірқатар нысандарды аралап көрді. Соның ішінде Тараз қаласындағы «Сәуле» кондитерлік фабрикасының жұмысына айрықша назар аударды.
2016 жылы бұрынғы автопарктің орнынан ашылған кәсіпорын бүгінде вафлидің – 36, печеньенің 18 түрін шығаруда. Оның басшысы Сәуле Жанабекованың айтуынша, мұнда жылына 2160 тонна өнім өндіруге мүмкіндік бар. Ал жобаның жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құраған.
Кәсіпкер бұл істі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Халық банкінен қомақты несие алып, өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды Австрия, Франция мен Германиядан сатып әкеліп орнатудан бастапты. Қазіргі таңда кондитерлік өндіріске негізделген кәсіпорын ауқымы ұлғайтылу үстінде. Бүгінде фабриканың жалпы жобалық құны 850 миллион теңгені құрайтын екінші ғимараты бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жуықта іске де қосылмақ. Соның нәтижесінде кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 4500 тоннаға артатын болады.
Мәжіліс депутаты Марат Дәрібекұлы кәсіпорын ісіне айрықша қызығушылық танытты. Ол осындағы шетелдік қондырғылар мен құрал жабдықтардың тиімділігіне назар аударып, технологтар пікірлеріне де ден қойды. Өнеркәсіп технологі Максим Лищишин фабриканың өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттыруға негізделген жобаның барысы туралы баян етті. Оның айтуынша, кәсіпорынның қуаттылығын таяу жылдарда 12 000 тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр екен. Ал бұл мұндағы жұмысшылар саны 190 адамға артуына септеспек. Қазір кәсіпорын 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Бұл жолғы сапарымда арнайы ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпорындар жұмысымен танысуды мақсат тұттым. Кеше Жамбыл және Байзақ аудандарында болып, ондағы қант қызылшасы алқаптарының жай-күйімен таныстым. Алдыңғы жылы келгенімде балтамыр алқаптары едәуір көп болатын. Биыл оның көлемі қысқарып қалыпты. Былтыр тәтті түбірді өткізуде біршама мәселелер туындаған екен. Ол іс реттелген де секілді. Тағы бір байқағаным, шаруаларға субсидия беру мәселесінде аздаған кедергілер бар көрінеді. Мұның жайын да анықтап, зерделейтін боламыз.
Ал өңірдегі кәсіпорындардың аяқ алысы жақсы екеніне бүгін тағы көзім жетіп отыр. Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Н.Назарбаев партияның ХVIII съезінде тапсырған тапсырмалардың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздарды жұмыспен қамту екені баршаға мәлім. Бұл мәселелер Президенттің жүктеген 10 міндетінде де айтылды. Сондықтан да бүгінгі күні өңірде бұл бағыттағы жұмыстар қуантарлықтай. Жалпы, бұл Жамбыл облысында кәсіпкерлік саласының жақсы дамып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта «Сәуле» кондитерлік фабрикасы толық қуатына жеткізіліп, мұндағы жұмысшылар саны қазіргісінен 3-4 есеге артатын болады. Бұл – Президент пен партия алға қойып отырған негізгі міндеттің бірі – жұмыссыздық пен кедейшілікті жоюға бағытталған баянды бастама, – деген Марат Бопазов жобаны тиімді жүзеге асырумен бірге, өндірілген өнімді экспортқа шығару жағын да ескеруді тапсырды.

Марат Құлибаев

Тараз қаласы.

Comments are closed.