- Advertisement -

ҰЛАНБЕЛДЕ ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

42

- Advertisement -

Ұланбел ауылы – аудан орталығынан шалғайда, елдің шеті, желдің өтінде орналасқан елді мекен. Кезінде мал шаруашылығымен аты шыққан бұл ауыл тұрғындарының әлі де қатары сирей қойған жоқ. Тікелей мал шаруашылығымен айналысатын ауылда мыңнан аса халық тұрады. Ынтымағы жарасқан тұрғындар қандай да бір жағымды іс болса бірлесе атқарады. Олар осыдан біраз уақыт бұрын ауыл орталығынан 50 орындық мешіт салуды қолға алған еді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ұйымдастырушылық қабілеті зор азамат Жолшыбек Елубаевтың басшылығымен ауыл жастары жаздың аптап ыстығына қарамастан екі айдан аса уақыт жұмыс істеді. Мешіттің құрылыс материалдарын алуға ауыл тұрғындары ғана емес, осы ауылда туып-өсіп, бүгінде Тараз, Алматы, Шымкент және басқа да қалаларда тұрып жатқан азаматтар үлестерін қосты. Ал ауыл жастары құрылыс жұмыстарын өздері жүргізіп, елдің алғысына бөленді.
Ауылдың орталық көшесінен бой көтерген мешіт өзінің әсемдігімен ерекше көз тартады. Алматы қаласынан келген қонақтар мешітке әкелген кілемдерін төсеп, жарық шамдарын (люстра) ілді.
Аталған мешіттің ашылу салтанатына ауыл халқы көп жиналды. Сырттан келген қонақтар да аз болмады. Онда алдымен ауылдық округтің әкімі Қанат Белгішов сөз алып, ауыл халқының ұйымшылдығы арқасында іргесі қаланып, пайдалануға беріліп отырған мешіттің жұртшылық үшін зор қуаныш екенін жеткізді. Сондай-ақ аталған мешіт құрылысын жүргізуге атсалысқан ауыл жастарына, оған үлес қосқан азаматтарға алғысын айтты. Бұдан кейін аудандық мәслихаттың хатшысы Шаһикерім Исабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев, аудандық мешіттің имамы Рысбай Еспенбетов, Алматы қаласынан келген Жақсыкелді Уменов, ауыл тұрғындары Тілеген Тоқсанбаев, Аманкүл Балабекова, Түйебай Серікбаев, ауыл имамы Сейтен Қарнақбаев сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын мешіттің ашылуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Аудандық мешіттің имамы Р.Еспенбетов жаңа ашылған мешітке Құран кітабын сыйлады. Ал Ж.Елубаев мешіттің бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, енді мешітке келушілердің көп болуын тіледі.
Мешіттің ашылу рәсіміне орай шашу шашылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтар құлшылық үйінің ішін аралап көріп, сәулетіне риза болып жатты.
Салтанатты рәсімге байланысты құдайы тамақ беріліп, оған қатысқан азаматтар оқылған құранға қол жайды. Ауыл тұрғындары құдайы тамақтан соң жұма намазын оқу үшін жаңа ашылған мешітке қарай бет алып бара жатты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support