- Advertisement -

Шабуылшыда айла жоқ, «Тараз» қайтіп гол соғар?

53

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының үшінші айналымының алғашқы ойынында Алматының «Қайратын» қабылдаған «Тараз» командасы тәжірибелі қарсыластарына тағы да есе жіберіп алды. Бұл күні жанкүйерлер сүйікті командасының шабуыл шебіндегі футболшыларына кәдімгідей ренжіді. Неге дейсіз ғой, ойынның алғашқы бөлігінде «Тараз» шабуылшылары бірнеше гол соғып, ойын тағдырын шешіп тастауға тиіс еді. Жоқ, олай болмады.
Орталық алаңға жиналған жанкүйерлер «Тараз» футбол клубы «Қайратқа» екі кездесу қатарынан ұтылмайтынына сенген болатын. Ол аз десеңіз жергілікті команда ойыншылары да жұлқынып тұрды. Кездесудің бірінші кезеңінде «Тараз» командасы бірнеше мәрте гол соғатын тамаша мүмкіндіктерге ие болды. Бір ғана Серж Ньюадзи екі рет қателесті. Ә дегенде апандай қақпа тұрып, теңбіл допты алақандай бағанаға тигізді. Бұдан соң ол «Қайраттың» қақпашысын алдап өтіп, бос қалған қақпаға гол соға алмай жанкүйерлерді күйдірді.
Футболда «сен соқпасаң, саған соғады» деген қағида бар. Бірінші кезеңде қорғанысқа мықтап көңіл бөлген «Қайрат» футболшылары екінші 45 минуттықта жеңісті жұлып әкетпес пе екен деп уайымдағанымыз рас. Дәл солай болды. Кездесудің 59-минутында «Қайраттың» шабуылшысы Адеринсола Эсеола жұмсаған соққы «Тараз» қорғаушыларының аяғына тиіп, бағытын өзгертті. Нәтижесінде теңбіл доп торда тулап жатты. Алайда «Тараз» командасының футболшылары бұл голдан соң таблодағы көрсеткішті теңестіретін мүмкіндікке ие болған еді. Бірақ бразилиялық мақтаулы легионеріміз Эливелто 11 метрлік айып соққысын қақпаға дарыта алмады. Ол допты аспанға теуіп, жанкүйерлердің жүйкесін шымырлатты.
Тамаша мүмкіндіктерді мүлт жіберген «Тараз» ойыншылары өз қақпаларына екінші голды да өткізіп алды. Кездесудің 71-минутында «Тараздың» бұрынғы футболшысы Бауыржан Исламхан ағылшындық стильде баспен әдемі гол соғып, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 0:2. Алматылық «Қайраттың» пайдасында.
Осылайша үшінші айналым да «Тараз» футболшылары үшін сәтсіз басталып отыр. Бір қызығы жергілікті команданың ойыншыларын комбинациялық шабуылдар ұйымдастырмады деп айыптай алмайсыз. Олар голдан басқаның бәрін қатырып жүр. Тек нәтижелі соққыны жұмсауға келгенде шеберліктері жетіспей қалады. Қысқасы, гол соғатын футболшысы жоқ «Тараз» командасы премьер-лигада қайтіп күн көрер екен? Өйткені сен гол соқпасаң, қарсыластар саған соғатыны о бастан белгілі емес пе?
«Тараз» футболшыларын алда тағы да жауапты 10 кездесу күтіп тұр. Қалған кездесулерде де ұрымтал сәттерді ұтымды пайдаланбай, жеңіліске ұшырай берсе, премьер-лигамен қош айтысуға тура келеді. Командамыздың премьер-лигадағы орнын сақтап қалуы үшін 10 финал қалды. Иә, финал. Өйткені «Тараз» футбол клубы үшін қалған әрбір ойын финалға саналады. Қажетті ұпайды жинай алса, нұр үстіне нұр. Ал жеңілістен көз ашпаса, «қош премьер-лига көргенше, қайта айналып келгенше» болғалы тұр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support