- Advertisement -

Кешіктірмей қолға алса, дұрыс болар еді

34

- Advertisement -

Біз облыста болып жатқан барлық жаңалықты газет бетінен оқып, құлақтанып отырамыз. Немерелеріміз сияқты ұялы телефон ұстап, ақпарат ағынына ілесіп кетпесек те, кешкісін үйге келген «Aq jol» газетін ақтарып шығатын әдетім бар. Аталған басылымнан Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеевтің «Ауылдың тұрмысын жақсартудың тиімді жолдары жоқ емес» деген көлемді мақаласы көзіме оттай басылды. Жүзі таныс адам ғой. Ол біздің ауданды да бес жылға жуық уақыт басқарып, жақсы ісімен есте қалған азамат. Мақаланы бір демде оқып шықтым.
Батекең, көптен бері менің ойымда жүрген мәселені көтеріпті. Жалпы, мұндай тәжірибе біздің елде бұрын да болған. Атап айтсақ, кеңестік кезеңде малдан айырылған халықтың 30-шы жылдары аштыққа ұшырап, соңы нәубетке айналғаны белгілі. Ал 1934 жылы қазақтың малын көбейту үшін Моңғолиядан біздің облысымызға 1 миллион қой әкелініпті. Сонда аштықтан тұралаған халық аяғынан тұрсын деп әрбір отбасына 5 қойдан 5 жылға таратып берген екен. Онысын көбейтіп, аталған бес қойды қайтарып берген халық ары қарай өз күндерін көріп кетіпті.
Бүгінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған «қарапайым заттар экономикасы» да осыған саяды. Өңір басшысы әр аулада жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін өндіру керектігіне ерекше көңіл бөлуде. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Дейтұрғанмен оның ойын Бәкеңнің мақаласы толықтырып жатқандай көрінді. Батырбек Әбдірәсілұлының көргені, түйгені көп басшы ғой.
Ол тоқсаныншы жылдары Талас ауданын басқарып тұрғанда шаруа қожалықтары мен жекелеген отбасыларға елу бастан тоқты таратып берген екен. Оны Талас ауданымен іргелес отырған біз жақсы білеміз.
Өткеннен сабақ алған халықпыз. Бүгінгі мемлекеттік бағдарламалардың да халыққа берері көп-ақ. Осы ретте менің де өңір басшысы Асқар Исабекұлына айтар өтінішім бар. Елбасы айтқандай, ауылдың жағдайын көтеру үшін, ауылдықтарды малмен қамту керек. Қазір қорасында ет және сүт бағытында мал ұстап отырған қожалықтар баршылық. Дегенмен ауылдарда аз қамтылған, көп балалы отбасылар да бар. Олардың несие алуға шамасы жоқ. Сондықтан да олардың аяқтан тұрып кетуі үшін осы істі қолға алу керек. Айталық, қорасында малы жоқ әрбір ағайынға 5 сиырдан әперсе… Олар асыл тұқымды болса… Осылайша аз қамтылған отбасылардың аяқтан тұрып кетуіне қолдау жасаған болар едік деп ойлаймын.

Аманжол ДҮРӘЛІҰЛЫ,
ауданның Құрметті азаматы.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support