- Advertisement -

Құлан жастарының мақсаты биік

98

- Advertisement -

Жұмыс нәтижелі болуы үшін іс-жоспардың алгоритмін жасау аса маңызды. Мақсатты айқындап, міндеттерді нақтылап берген жаңа жүйе мемлекеттік органдар қызметін үйлестіруге деген көзқарасты өзгерткені анық. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов бекіткен алгортимге сәйкес сәрсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова ауданға арнайы жұмыс сапарымен келді.
Алдымен Жалпақсаз ауылында жаңадан салынған 48 орындық бастауыш мектепке барған облыс әкімінің орынбасары жаңа оқу жылына дайындықты пысықтады. Білім мекемесінің басшысы Гүлзина Сатылғанова ғимаратта төрт оқу кабинеті бар екенін, биыл даярлық тобын қосқанда 53 оқушы 1 қыркүйекте сабаққа келетінін айтып өтті. Заманауи үлгіде салынған мектептің іші-сыртын түгел аралап көрген соң Сұлушаш Сәтбекқызы аудан әкімі аппаратының басшысы Әлібек Терлікбаев пен аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыровқа қабылдау актісін кешіктірмеу керектігін ескертті. «Енді бірер аптадан кейін оқу жылы басталады. Мектеп құрылысы толықтай дайын екен. Меніңше, мектепті осы бастан қабылдап, оқу жылына дайындықты жасау керек», – деді.
Бұдан кейін Сұлушаш Құрманбекова Каменка ауылында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепке атбасын бұрды. Мұнда көрші Жалпақсаз, Тасшолақ ауылдарының жоғары сынып оқушылары қатынап оқиды. Ал көптен бері жөндеу көрмеген ғимарат кезегін күтіп әлі тұр.
– Мектеп 1968 жылы салынған. Бірақ пайдалануға 1970 жылы берілді. Міне, көріп тұрғаныңыздай, ғимарат тозып тұр. Терезелерін ауыстырмағалы да 50 жылдан асты, жылу ұстамайды. Жел азынап тұратын әйнектері қирап қала ма деп қорқамыз. Негізі мектеп 2003 жылы күрделі жөндеуден өткен. Әйтсе де сол жолы шатыры мен терезелері ауысқан жоқ, – деп әңгіменің ашығына көшкен мектеп директоры Мұратжан Мейманханов соңғы жеті жылдың көлемінде осымен екінші рет күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындалғанын жеткізді.
Аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров қазіргі таңда күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс 8 мектептің жобалық-сметалық құжаты дайын екенін айтады. Соның ішінде осы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп те бар. Білім ордасының жай-күйіне қаныққан облыс әкімінің орынбасары оқушыларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Қоғамдық көліктердің қазіргі жай-күйі де мектеп ғимаратымен қарайлас болып шықты. Сапасы сын көтермейді. Жиырма жылдан асып, отыз жылға таяған ескі автобустар шау тартқан шалдың кейпін көз алдыңызға әкеледі.
Негізі аудандағы ең көп бала тасымалданатын мектеп те осы. Биыл да көрші ауылдардан 132 оқушы қатынап оқымақшы. Оларды жеке кәсіпкер Қанат Мырзабаевтың иелігіндегі 4 қоғамдық көлік тасымалдайды. Ауыл әкімдігі ол үшін жылына 6,5 миллион теңге қаржы төлейді. Сұлушаш Сәтбекқызы ескі көліктердің жай-күйін сынға алды. «Таксиге мінсек те, жақсысын таңдайсыз ғой. Ал бұл жерде мәселе – бала тағдырына қатысты. Сондықтан тапсырыс беруші ретінде көліктің техникалық ерекшеліктеріне көңіл аудару керек», – деп ауыл әкімі Ораз Тәнкеевке жаңа көлік қарастыру қажет екенін ескертті.
Nur Otan партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарын қабылдаған облыс әкімінің орынбасары алдына келген әр азаматтың өтініш-тілектерін тыңдады. Түйткілдердің түйінін тарқату жолдарын қарастырды. Кездесуде көтерілген мәселелердің дені – атаулы әлеуметтік жәрдемақыға байланысты.
Атап айтсақ, сегіз баланың әкесі, Абай ауылының тұрғыны Нұрлан Әбілдаев мүмкіндігі шектеулі баласының екінші топ мүгедектігі бойынша алатын жәрдемақысы кіріске есептеліп, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отырғанын айтып, осыған ықпал етуін өтінді. Ал Құлан ауылының тұрғыны Ардақ Кенжеева атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізудің жолдарын сұрады. Құлан, Луговой, Каменка ауылдарынан келген тұрғындар жұмыссыздық мәселесін қозғады. Сұлушаш Сәтбекқызы тиісті сала мамандарына аталған мәселелерді заң шеңберінде шешуді тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында аудандық орталықтандырылған кітапханадағы «Coworking» орталығының жұмысымен танысқан Сұлушаш Құрманбекова құландық жастармен кездесті. «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа қабылданған жас мамандармен ашық әңгімелескен облыс әкімінің орынбасары әр салада еңбек етіп жүрген аудан жастарына өз ой пікірлерімен бөлісуге мүмкіндік берді. Солар айтқан бірқатар ұсыныстарды қойын дәптеріне түртіп те алды.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ,
журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support