- Advertisement -

Мыңның алғысын алған мұрап

37

- Advertisement -

Бүгінде мұрап дегеніңіз елеусіздеу кәсіп көрінгенмен, егін шаруашылығы саласында таптырмас маманға айналып тұр. Өйткені егістіктен мол өнім алу – сол мұрап тарапынан танытылар ерекше бапымен, күтімінің арқасында ғана мүмкін болмақ. Қазір олардың еңбегін елеп, ескеріп жатқан да ешкім жоқ. Ал кешегі кеңестік кезеңде осы кәсіпті өмірлік серігіне айналдырған ата-апаларымыздың даңқы жер жарды емес пе?! Керек десеңіз, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл кәсіп шыдамдылық пен қара күшті, ептілік пен ұқыптылықты қажет етеді.Кезінде картоп өсіру бойынша толағай табыстарға қол жеткізген мұраптар Мүсірепбек Бектаев пен Антонина Манченко Еңбек Ері атанса, Әбзелбек Татеков пен Жарас Артаев осы атақты алайын деп тұрған тұста Кеңестер Одағы тарап кетіп, марапатсыз қалған болатын. Міне, бүгінде солардың ізін басып, тәлімін алған Үсіпбек Бегалиевтың сушы болып жұмыс істеп келе жатқанына 40 жыл болыпты. 

Сол мені көрсе болды:
– Жиен, осы мені газетке бір жазбадың ғой, – деп әзілдеп арқамнан қағатыны бар.
– Аға, бір орайы түскенде жазам, міндетті түрде, – деймін көңілін қалдырғым келмей.
Аңғалдау ағам осы сөзімнің өзіне мәз болып, балаша қуанып қалады. Онша-мұншаға мойын бұрғызбайтын қауырт іс, зымыраған уақыт ол уәдемді орындауыма мұрша бермей жатады.
– Әй, жиен, ұмытып кеттің-ау, – дейді ағам жиын-тойда мені көріп қалса.
Іштей қуыстанып, күмілжіп:
– Жазам, аға, ойымдасыз. Ұялы телефоныңыз бар ғой, хабарласамын, – деймін.
Сөйтіп жүргенде, тағы да арада біраз уақыт сырғып өте шықты.
Жуырда Жуалыға жолым түсіп, «Зылиха» шаруа қожалығының егіс алқабына бардым. Биыл қожалық 100 гектар жерге картоп егіпті. Бұл алқаптарды 10 мұрап суғаруды мойындарына алыпты. Шаруашылық жетекшісі Керімқұл Бегалиев былтыр осы дақылдың әр гектарынан орташа есеппен 250-280 центнерден өнім жинағанын, биыл да осы межеден көрінеміз деп болжамдап отырғанын айтты.
Қожалықтың егіп, өсіріп отырғаны – 2012 жылы Голландиядан 50 тонна көлемінде әкелінген картоптың «Невский», «Латона», «Сантес», «Алладин» сұрыптары екен. Шаруашылық алғашқы жылдары оның әр гектарынан 430 центнерден өнім жинапты. Өнімділігі жылдан-жылға төмендегені байқалуда. Содан да шетелден жаңа картоп тұқымын алдырту қажет екен. Қожалық жетекшісі аталған дақылға да қызылшаға берілгендей субсидия қарастырылса, бұл шаруашылықтың шетелден жаңа картоп тұқымын алуларына, тұқым шаруашылығын ұстап тұруларына қолдау болар еді деген ұсынысын жеткізді.
Біз барғанда мұраптар егістіктің ертеңгі суын салып, түстенуге үйлеріне қайтып кетіпті. Араларында Үсіпбек аға да бар. Неге екенін, ол кісімен кездесуге көңілім ауа берді. Агроқұрылым басшысы да соны сезгендей, ұялы телефоны арқылы ағасымен байланысып, «Тілші келіп тұр, тез жет» деді.
Үсекеңнің баяғы жайдары қалпы, келе құшағына басып, арқамнан қағып, қал-жағдайымды сұрап бәйек болды да қалды.
– Әй, жиен, ақыры жазбадың ғой, – дейді тағы да әзілімен қағытып.
– Бұл жолы сізді арнайы іздеп келдім. Міне, қолымда қалам, блокнотым бар, – дедім сенімді түрде.
– Әй, қайдам, – деді ол басын шайқап. – Мені емес, ана бастықтарды жазуға келдің ғой!
Осындай өкпе-назымен мені бір түйреп алды да, артынша: «Түсінем, бәрін түсінем, сендердің жұмыстарың оңай емес», деп сөзін жуып-шайған болды.
«Ал бастаңыз» деп, тұрған орнымда айтқанын қағазыма түсірмек болғаным сол еді. «Ана жерге барып жайғасайық. Күн ыстық қой», деп қолтығымнан демеп, икемдей берді. Арық жағалай өскен топ ағаштың түбіне келіп, төселген картон қағаз үстіне отырдық. Бұл сушылардың алқап басындағы ең жайлы орны болса керек.
– Мен 1956 жылы Түктібай ауылында дүниеге келдім. Осындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітіре салып, еңбекке араластым, – деп бастады әңгімесін байырғы су мұрабы.
– Еңбек жолыңызды кім болып бастадыңыз? – дедім сөзін бөліп.
– Сушы болдым. Сен білесің бе, менің кімдерден тәлім алғанымды? – деді сұқ саусағын безеп. – Еңбек Ері Мүсірепбек Бектаев, атақты сушылар Әбзелбек Татеков, Иван Шмиттер мені еңбекке баулыды! Әсіресе Мүсірепбек атаның қамқорлығы ерекше еді. Көп нәрсе үйретті. Содан бері сушымын. Шынымды айтсам, егістікті бір күн суармасам, ауырып қаламын. Кей жылдары осыны қояйын, басқа жұмысқа ауысайын дедім. Бірақ егін суару жұмысына қалай қайта шығып кеткенімді өзім де сезбей қаламын.
«Бурный» совхозында еңбек жолын бастаған Үсіпбек совхоз тарағанға дейін қызылша, жүгері, картоп суару ісімен айналысқан екен. Еңбектегі жетістіктері жетерлік. Өзі звено жетекшісі болған тоқсаныншы жылдарда алдыңғы толқын ағаларының ерлігін бір емес, бірнеше рет қайталапты. Картоптың әр гектарынан 300-350, кей алқаптардан 400 центнерге дейін өнім жинаған кездері болыпты. Бірақ бұл еңбегі сол тұстағы басшылық тарапынан еленбей, ескерусіз қалып қойған. Совхоз тарап кеткен соң інілері Керімқұл мен Нұржігіт бастаған іске қолдау көрсетіп, картоп шаруашылығын дамытуға біркісідей атсалысыпты. Сол 2000 жылдан бері қарай осында тапжылмай мұрап болып жұмыс істейді. Жаңа технология енгізіліп, картоп сұрпы жаңаланған тұста өнімділік 400-450 центнерге дейін артыпты. Қазір де ол суарған алқаптар гектарына 300 центнерге дейін өнім беруде.
– Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Қос інім үнемі қарайласып тұрады. Жалпы осы ісіме менің көңілім толады. Егістікті суарып, мол өнім жинап, бауырларымның тірлігінің алға басқаны, олар басқарған шаруашылықтың ауданда іргелі қожалыққа айналғаны мен үшін бақыт. Осы күніме, еткен еңбегіме тәубе, шүкіршілік етемін, – дейді Үсіпбек аға.
Бүгінде Үсіпбек Бегалиев жұбайы Нүрила екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды өмір көшіне қосып, он алты немере сүйіп отыр. Мұраптың үлкен ұлы да өзімен бірге егін суарумен айналысып жүр. Енді ол өзі бүге-шүгесіне дейін жетік білетін, Еңбек Ерлерінен үйренген кәсібін ұлына үйретуде.
Ағаның әңгімесінен еңбек адамының өз ісіне деген сүйіспеншілігін аңғарып, шабыттанып қайттым. Оның еңбегі шынында ұстаздары жеткен биікпен тең. Тек бүгінгі уақытта қатардағы қарапайым еңбеккердің ылғи да ескерусіз қалып қоя беретіндігі болмаса.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support