- Advertisement -

Отан қорғаған оғландар

278

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі құрлық пен суда мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.
1992 жылдың 18 тамызында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңына сәйкес және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттер басшыларының «ТМД-ға қатысушылардың мемлекеттік шекарасын және теңіз, экономикалық зоналарын күзету туралы» келісіміне сай еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» Жарлығы жарияланды. Сол уақыттан бастап 18 тамыз шекара әскерлерінің құрылған күні болып есептеледі.
Осыған орай ақиық ақын Мұқағали Мақатаев та қалам тербеген «Шекарада» біз де болдық. Өлеңде айтылғандай, «Бақытымның осында тас қамалы» деген шекара шебіне біз де бардық. Нақтырақ айтқанда, ҚР ҰҚК «Оңтүстік» өңірлік басқармасы Шекара қызметінің 2035 әскери бөліміне қарасты Гродеково шекара аймағындағы Отан қорғаушылардың бір күндік тыныс-тіршілігімен таныстық. 2000 жылы құрылған басқарманың бұл заставасына қарасты ел шетіндегі соңғы соқпақ айырқалпақты ағайынмен шектеседі.
«Бұл жауапкершілігі мол, үздік әрі үлгілі мекеме саналады» дейді ардагер-тәлімгер Қошан Жұмабаев олардың газетіміздің тұрақты оқырмандары екендігімен де мақтанып.
Застава іші мұнтаздай таза. Қызметке қажеттінің бәрі сақадай сай тұр. Аулада спортзал, автотехника, жатақхана, қызметтік иттер мен жылқыларды жаттықтыратын алаң да бар. Барлық тақтайшалардағы жазулар жуырда латын графикасымен қайта жазылыпты.
Мекеменің аға кинологі Дулат Заматқұл өз ісінің нағыз маманы. Үйретілген бір итті түрлі кедергілерден өткізіп, баспалдақтардан жүргізді. Әбден жаттыққан ол биік тақтайлардан да қарғыды.
Еліміз ғана емес, тіпті Орта Азия бойынша үздік саналатын оқу орны ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының түлегі, бүгінде 2035 «Гродеково» шекара заставасы бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Жеңіс Молдабек маңайдағы Бесағаш ауылының әкімімен және тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізетіндерін тілге тиек етті.
Осы оқу ордасының тағы бір түлегі, капитан Еркеш Жанпейісов бүгінде осы заставаны басқарып отыр. Еркеш Мейрамұлынан біз шекара шебін кірпік қақпай күзететін Отан қорғаушылардың қажырлы еңбегі мен олардың әлеуметтік жағдайы жайлы толығырақ сұрап білген едік.
– Елдің шеті шекара шебін бақылау – оқу-білімді, іс-тәжірибені, күш-қайратты талап ететін қажырлы жұмыс. Күзет аймағында биылғы 7 айдың ішінде 15 мемлекеттік шекараны бұзушы, 24 шекара режімін бұзушы, 52 шекара аймағын бұзушы ұсталды. Оның ішінде контрабанда мал ұрлығы да бар. Біз жергілікті тұрғындармен өте тығыз қарым-қатынастамыз. Олардың да Отанды қорғау, қырағы күзетуге көмектесуі үшін түсіндіру іс-шаралары жүргізіліп тұрады. Онда шекара аймағының тәртібі мен бұлжымас ережесі түсіндіріледі. Өйткені мемлекеттік шекараны қорғау – Ата Заңда көрсетілгендей, еліміздің кез келген азаматының міндеті», – дейді жас та болса бас болып отырған капитан. Еркеш Жанпейісовтің суреті бүгінде Тараз шекара жасағының Құрмет тақтасына ілінген. Мемлекеттік шекараны күзетудегі әскери міндетін үлгілі атқарғаны үшін былтыр облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Алғыс хатымен де марапатталған.
Шекара шебінде өткен бір күнді құр жібермей біз де шекараны жағалап, жұмыс барысымен танысып қайттық. 17 метрлік күзет мұнарасына шығып, айналаны дүрбімен шолдық. Нысанда Закир Мусаев есімді сарбаз тұр екен. Былтырғы күз айында әскер қатарына алынған ол биыл туған жері Алматы қаласына қайтады.
Ал Отан шетін қырағы күзетіп тұрған қатардағы жауынгер Қуаныш Құрман Талдықорған қаласынан шақырылған. Жас сарбаз Қызылорда қаласында 3 ай арнайы оқудан өтіп, Б.Момышұлы заставасына, одан Гродековоға келіпті. Оның да мерзімдік қызметі күзде аяқталады екен. Айтуынша, мұндағылар ата-аналарымен байланысып, хат алмасып тұрады. «Бұл сала маған қатты ұнайды. Отанымды, елімді қорғауға атсалысып жатырмын. Туған жерге қызмет еткенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе», – деген сарбаз болашағын да осы саламен байланыстырмақ ниетте.
Біз күн ұзақ жүрген заставадан шыға бергенде 2 жас сарбаздың 10 күндік еңбек демалысына кетіп бара жатқанына куә болдық. Сөйтсек, олар он шақты күн бұрын 2 шекара бұзушыны ұстаған екен.
«Қырағылық танытқан жігіттер басшылық тарапынан марапатталады. Сондай-ақ өздерінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша жергілікті билікке, ата-анасына немесе бітірген мектебіне Алғыс хаттар жолданады. Мұндай ынталандыруды 2035 әскери бөлімі де назардан тыс қалдырмай келеді. Сәйкесінше, қос шекарашыға осындай сый-құрмет көрсетіліп отыр», – деді заставаның шабандоздар бөлімшесінің командирі, кіші сержант Азат Романов.
Мәңгілік еліміздің шетіндегі шекараға табан тіреген біз де қоршауын ұстап, тексеріп көрдік. Бізді қуантқаны – іргеміз берік, қорғанымыз – қамалдан да мықты екен. Бір емес, бірнеше қатар тартылған сымдар, қыбырлаған жанның ізін кесетін жолақтар, сапалы байланыс, заманауи техника мен темірдей тәртіптен жеріміздің шетін жау басуы мүмкін еместігіне көз жеткіздік.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support