- Advertisement -

Ана мен баланы қолдау – партияның басым бағыты

26

- Advertisement -

Халықтың тілегі – тыныштық. Бейбіт заман берекелі тіршіліктің тірегі екенін жұрт жақсы түсінеді. Әлемдік саяси аренадағы алпауыт мемлекеттер басшыларының көзқарастарындағы қарама-қайшылықтар бүгінде барлық елдің экономикалық жағдайына өз әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. Ал сыртқы ықпалдарға төтеп беретін күш – елдің ішкі тұрақтылығы. Қарапайым азаматтардың мемлекет саясатында сабақтастықтың сақталғанын қалайтыны да – сондықтан.
Елдегі саяси науқан – Президент сайлауы кезінде кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында Nur Otan партиясы #BIRGE жалпыхалықтық акциясын өткізгені мәлім. Сол кезде жалпыхалықтық шараға қатысып, азаматтық белсенділіктерін танытқан тұрғындар елдің даму бағыттары айқындалған стратегиялық жоспары сақталып, нығайтылса деген тілек айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, халықтың дəл осындай өтініш-тілек білдіруі – заңды, орынды. Шындығында, бүгін жұртты не мазалайды? Барлық жерде, әсіресе әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың тұрғындарға əділ қызмет көрсетуін талап етуі қоғамдық сананың өзгергенін, өркениетке деген ұмтылысын көрсетеді.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев ұзақмерзімді келешектегі мемлекеттің әлеуметтік саясатының аса маңызды бөлігі ретінде ана мен баланы мемлекеттік қолдаудың айрықша маңызын кезекті рет атап өткен болатын. Әйел – отбасының ұйытқысы, ал отбасы – мемлекеттің тірегі. Елбасы еліміздің басты бағдарламалық құжатында дамудың осындай ұстын, константасын белгілеуі сондықтан.
Халықтың санын көбейту, біріктіру, нағыз әлеуметтік мемлекетті құру саясаты – мемлекеттің негізгі стратегиялық бағытына тән ерекшеліктердің бірі. Мәселенің практикалық қырына тоқталсақ, он жылдан астам уақыт үдерісінде Қазақстанда көп балалы аналарға мемлекеттік қолдау шараларының тұтас топтамасы ұсынылып келеді. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамада көп балалы аналарға бірқатар әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар, халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған.
Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға «Жалпы оқу қорының» есебінен мектеп формасымен, ыстық тамақпен және оқулықтармен қамтамасыз ету секілді қолдаулар көрсетіледі. Мәселен биыл балаларды ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге және оқу грантымен қамтуға облыста 7,8 миллиард теңге бөлінген. Аталған санаттағы шәкірттерге жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер беріледі. Жергілікті атқарушы органдар баспана жәрдемақылары және басқа да көмектер бойынша қосымша қолдау шараларын қабылдауда. Әйткенмен соңғы жылдары қолданыста болған мемлекеттік әлеуметтік көмектерді Үкімет жанындағы жұмыс тобы қайта қарап, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді (валюта бағамының құбылуы, инфляция және т.б.) ескере отырып, ұлғайту жағына қарай түзеуде.
Соңғы кездері бұдан басқа әлеуметтік қолдау жүйесіне кірмеген немесе бұған дейін әлсіз қолданылған құралдар да жұмыс тобының нысанына айналып отыр. Бірінші кезекте бұл – тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері. Табыстың төмендігі, жағдайдың келмеуі, ақпараттың жетіспеуі оларға мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндікті шектейді. Бүгінде шағын көлемді арзан баспана – отбасылық, жұмысшылар жатақханаларын және басқаларын салуды қарастыруда. Ал оларға деген қажеттілік айқын байқалады. Осы мақсатта өңірімізде тұрғын үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар үшін 10 жатақхана салу жоспарланған еді. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Жатақхананың 7-еуі облыс орталығынан, 3-еуі Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларында бой көтермек. Бұл мақсатта бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінген.
Алдағы онжылдықта ана мен баланы қолдау басты басымдықтардың бірі болып қала бермек. Тиісті бағыт партияның 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасында белгіленген. Nur Otan партиясы Үкіметпен және азаматтық қоғаммен бірлесіп осы бағыттағы өзара іс-қимылды жолға қоюға қазірден күш салып жатыр. 2019 жылдың ақпанында Балалар құқықтарын қорғау кеңесі құрылды. Бірыңғай әлеуметтік терезе жұмысы іске қосылды. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы жаңа редакцияда басталды. Жобаны іске асыру үшін бірқатар шараны жүргізу көзделген. Оның ішінде аула-ауланы аралау, мониторингтің әлеуметтік картасын түзу және басқалары бар.
Өңірде жобаны іске асыру мақсатында жол картасы жасалған. Жобаның мақсаты – жоғарыда аталған отбасылардың жағдайын жақсартып, оларға мүмкіндігінше материалдық, моральдық және психологиялық тұрғыдан көмек көрсету. Әрине, көп балалы отбасылардың проблемалары тек қана материалдық сипаттағы мәселелермен шектелмейді. Ата-ананың жауапкершілігіне, ата-аналардың отбасылық өмірге дайындығына байланысты да көптеген мәселелер өрбиді. Қолжетімді несиемен қамтамасыз етуге, әсіресе ауылда жұмыспен қамтуға қатысты макроэкономикалық тұрғыдағы аспектілер де бар. Бұның барлығын еш дүрбелеңсіз, конструктивті диалог аясында, бірлескен ізденіс пен жұмыс арқылы шешуге болатынына және солай шешу қажеттігіне сенімдімін. Оған барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Алайда мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы масылдық психологияны өршітпеуі керек.
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев «2050 Стратегиясы бізді ХХІ ғасырдың күрделі жағдайында шынайы да қиын жұмысқа бағыттайды. Бізге жаһандық және өңірлік сипаттағы көптеген сын-қатерлермен бетпе-бет ұшырасуға тура келеді» деген болатын. Әлбетте, дамудың жаңа кезеңіне қарай жасаған қарышты қадамы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне әсер етпей қоймасы анық. Алайда қазақ халқының болмысына тән қажырлылық пен табандылық, білім мен жарқын келешекке деген мол сенім нақты нәтижеге бастайды.

Шәбден ТІЛЕУМҰРАТ,
Nur Otan партиясы
облыстық филиалы
төрағасының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support