- Advertisement -

60 мың адам емханаға тіркелмеген

29

- Advertisement -

Санаулы айдан кейін елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Ал өңірімізде әлі күнге 51 мың адамның мәртебесі нақтыланбаған. Алғашқы жартыжылдықтағы саралау нәтижесі осыны көрсетіп отыр. Енді осылай арқаны кеңге салып жүрген азаматтар үшін 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап медициналық көмекке жүгінгенде қиындықтар туындайтыны сөзсіз.
Азаматтар өздерінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы екендігін анықтауы үшін не істеуі қажет? Елімізде сақтандыру полисі берілмейтіндігін де ескерсек, әр тұрғынға халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өз мәртебесін нақтылап алғандары жөн. Е-gov жүйесі арқылы да әркім өзінің жарналарды төлеуші немесе мемлекет төлейтін жеңілдігі бар азаматтардың 15 санатына жататындығын білуіне болады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатын өткізген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының директоры Мавлюда Бокаева, облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Абай Нұржанов, «ZHANUYA» емханасының бас дәрігері Бота Узденбаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің пакеттері мен жаңа моделі, бірыңғай жиынтық төлем туралы түсіндіріп өтті.
Спикерлердің айтуынша, ең алдымен тұрғындар қай емханаға тіркелгендігін тексеруі керек. Қалауы бойынша емхананы, тіптен дәрігерді де таңдауына болады. Денсаулық сақтау министрлігі бүгінде дәрігерге тіркелу нормативін 2200 адамнан 1700-ге дейін азайтып, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің учаскесін ірілендірген. Дегенмен облыста емханаға тіркелмеген тұрғындар әлі де бар. Ол биыл жарты жылдың қорытындысы бойынша – 60 мың адамды көрсетіп отыр.
Мамандар берген мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде 532 465 жұмысшы күші бары анықталған. Оның 506 610-ы жұмыспен қамтылғандар болса, жалдамалы қызмет атқаратындар – 329 089, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 177 521 адамды құрап отыр. Жұмыссыздардың үлесі – 25 855. Сонымен қатар жұмыс күші құрамына кірмейтіндері – 213 284. Статистика осыны көрсетеді. Ал олардың жарналарды өзі төлейтіндердің немесе мемлекет төлейтін жеңілдігі бар азаматтар екені санатына қарай анықталған.
Жалпы облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді ақпараттық-түсіндіру мақсатында коммуникативтік жоспар жасалып, бекітілген. Осы жоспарға сәйкес бүгінге дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мақсаты мен маңыздылығын айқындайтын ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанынан құрылған штабтың жұмысы бекітілген жоспарға сәйкес тоқсан сайын өткізіліп, жоспарланған жұмыстардың орындалу барысы талқыланып отырады.

 

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support