- Advertisement -

ҚАРЖЫЛЫҚ КЕМШІЛІКТЕР ҚАРАЛДЫ

63

- Advertisement -

 

Nur Otan партиясы облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтіп, онда партияның облыстық, Тараз қалалық және аудандық филиалдардың ішкі партиялық және қаржы-шаруашылық қызметін тексеру қорытындылары қаралды. Отырысқа комиссия төрағасы Жарықасын Айтақов төрағалық етті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша комиссия төрағасының орынбасары Нұрқасым Үкібаев баяндама жасап, тексеру қорытындыларымен таныстырды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, облыстағы 333 бастауыш партия ұйымдарының мүшелері өткен жылмен салыстырғанда 522 адамға өсіп, 69770-ке жеткен. Барлық деңгейдегі партия филиалдарында дебиторлық немесе кредиторлық берешек қалыптаспаған. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Ал оның кейбірі тіпті, жыл сайын қайталанып отыратын көрінеді.
Мәселен, партияның Жамбыл аудандық филиалында 2018 жылдың желтоқсан айында 15 партия мүшесінің есепке алу карточкасы толтырылмағаны анықталған. Өрнек бастауыш партия ұйымына қарасты «Гүлдер» балабақшасы партиялық тобында қаңтар айында 27 партия мүшесінің жарнасы келесі айда кешігіп төленген. Жуалы ауданында да жарнаны 2 ай кешігіп төлеген бастауыш партия ұйымы бар. Байзақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлерінің 2018 жылдың наурыз-қыркүйек айлары үшін жарна төлеу құжаттары жинақталмаған. Мойынқұм, Меркі, Шу, Т. Рысқұлов аудандарындағы бірқатар бастауыш партия ұйымдарында да партия мүшелерін есепке алу карточкасын толтырмау, дерекқор мәліметтерінің сәйкессіздігі сынды біршама кемшіліктер орын алған. Келеңсіздіктердің кейбірі тексеру барысында-ақ ретке келтіріліпті.
Комиссия отырысында сондай-ақ Nur Otan партиясы Талас, Жамбыл және Шу аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Ғ.Қартабаев, Н.Несіпбеков, Н.Сұлтанбаевтардың есептері тыңдалды. Қаралған мәселелер бойынша партияның барлық деңгейдегі филиалдары басшыларына орын алған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою туралы арнайы тапсырмалар мен ұсыныстар беріліп, қаулы қабылданды.
Комиссия отырысын қорытындылаған партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ең алдымен ішкі партиялық тәртіпті нығайту қажеттігіне тоқталып, партияның аумақтық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының алдында тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support