- Advertisement -

Алапат қайтып соқпасын…

40

- Advertisement -

Арыс оқиғасы елдің бірлігін, ынтымағын, ұйымшылдығын көрсетті. Дегенмен алғаш жел сөзге еріп, толқыған ағайынның көңіліндегі қаяу-күдік бүгінде толық сейілген. Ал адам басына қиын күй түскенде бірінші болып алаңдайтын да, бірінші болып жанынан табылатын да көршісі екені белгілі. Арыстағы төтенше жағдайды қалпына келтіруге алғаш болып көмек қолын созған, арыстықтардың көңіліндегі күдікті сейілткен де көрші жатқан біздің облыс болды. Қазір мұндағы тірлік қалыпқа түскен. Еліміздің түкпір-түкпірінен жеткен ағайындардың асарлатып, білек сыбана кіріскен жұмыстарынан игіліктің лебі еседі. Мемлекет қамқорлығын сезінген арыстықтардың ертерек үйіне кіріп, отбасына оралуы үшін құрылысшылар күннің аптап ыстығын да елеместен тынбай еңбек еткен-ді. Арыс қаласының қалпына келтіруге тиіс аумағы 17 бөлікке бөлінген. Оның үшінші бөлігі облысымыздың еншісінде. Бір айта кетерлігі, бұл – жарылыс орын алған әскери қалашыққа жақын орналасқан және көп зақым келген аумақ. Бірақ жамбылдықтар оған қарамастан жедел іске кірісті. Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов пен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қаржаубай Бекболатов бастаған облыстық мәслихаттың депутаттары Арыс қаласында болып, Жамбыл облысының штабы жұмысымен танысып қайтты. Штаб «Арыс» шипажайының аумағына орналасқан екен. Штаб жұмысына 170 адам жұмылдырылған. Ал халық қалаулыларына Төтенше жағдайлардың зардаптарын жою бойынша облыс әкімдігі штабының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап берді.

– Алғашқы күндері бұл жұмыстарды ұйымдастыруда қиындықтар болғаны рас. Бірақ соған қарамастан облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бұл іске белсене кірісіп кеттік. Өйткені аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында облыстық тауарлармен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері штаб қызметкерлерімен бірге келіп, тазалау жұмыстарын бастап кеткен болатын. Бұл өте тиімді болды. Құрылыс және жөндеу жұмыстарының жедел басталуына жол ашты, ешқандай кедергілер болмады. Олай етпегенде біраз күтіп қалатын едік. Өзімізге тиесілі бөліктегі 11 көшеде 327 жеке үй орналасқан. Қазір 312 тұрғын үйдің 205-інің жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалпы іске төрт мердігерлік ұйым тартылса, 464 жұмысшы және 20 техника жұмылдырылды. Алдымен штаб кеңсесінде жоғарыда аталған үй тұрғындарының әлеуметтік санаты бойынша тізімі ілініп қойылады. Олардың 26-сы – мүгедек, 38-і – жағдайы төмен отбасы, 27-сі – көп балалы аналар. Өзімізге бекітілген аумақтағы тұрғындардың арасынан 36 беделді азаматты анықтап, оларды әр көшеге бекіттік. Бұл түсіндіру жұмыстарына едәуір көмек болып отыр. Әрине, алғашқы қарбаласта туыстарын, таныстарын іздеген азаматтар болды. Сондықтан ондай азаматтарға көмек беру үшін әр үй тұрғындарының тізімі толық алынды. Екінші мәселе, көшелердің атаулары әртүрлі. Ескі атаулары қосарлана аталады. Оның да арнайы картасы жасалды, – дейді Еркебұлан Әбілханұлы.
Сондай-ақ депутаттар тобы бүгінгі күні жөндеу жұмыстары аяқталған Жүсіп қожа көшесіндегі №1 үйдің тұрғыны Зафира Запар мен №2 үйдің тұрғыны Нұрлан Құрманбектің үйінде болып, тұрғындармен сөйлесті. Жүсіп қожа көшесіндегі №14-1,2 үй снаряд түскенде өртеніп, жарамсыз күйге енген. Бұл жапсарлас үй толық сүріліп, мұнда жаңа үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылысты мердігер – «Талас құрылыс» ЖШС жүргізуде. Жамбылдықтар құрылыс басында да болып, жұмысшылармен сөйлесті. Ал бірнеше жыл Арыс қалалық ардагерлер кеңесін басқарған Арыс қаласының Құрметті азаматы, Кенбаев көшесіндегі №79 үйдің тұрғыны Төлебай Ысқақбай қария жамбылдық құрылысшыларға ризашылығын білдіріп, батасын берді. «Ел басына күн туғанда жаныңнан табылатын – ағайын. Сүйейтін де, иық тірейтін де – ағайын. Аллаға шүкір, ағайынның да, мемлекеттің де қамқорлығын сезініп жатырмыз. Жамбылдық құрылысшылар үйімізді жөндеп беріп, кіріп алдық. Олардың сапалы жұмысына ризамыз», – дейді қария.
Облыс штабының жұмысына Арыс қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлнар Садықова мен Шардара ауданы әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаров өз тараптарынан көмек көрсетіп отыр екен. «Мен осы қалада тудым, өстім. Қазір осында еңбек етудемін. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп көмек көрсетіп жатқан азаматтарға алғысым шексіз. Иә, тұрғындар арасында алыпқашпа әңгімелер, әртүрлі пікірлер болғаны рас. Бір күнде күтпеген жағдайға тап болған азаматтардың жағдайы солай болары түсінікті ғой. Оған түсіністікпен қараған жөн. Қазір қала тұрғындары барлық жағдайды ой елегінен өткізіп, мемлекеттің жасап отырған қамқорлығына ризашылықтарын білдіруде», – дейді Гүлнар Садықова. Сондай-ақ Арыстағы жағдаймен арнайы танысқан халық қалаулылары мен қариялардың ниетіне риза болған Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батыр Исламбеков ықыласын төмендегіше жеткізді.
– Қазақта «оққағар» деген сөз бар. Жақыны мен туысына келетін қауіпті кеудесімен тосып, бейбіт өмірін қорғайтын қаһарманды айтса керек-ті. Рас, бүгінде бүкіл ел болып арыстықтардың тірлігін түзеуге құлшына кіріскен ағайындар осы оққағар іспетті. Ал біз қариялар «сөзқағар» болып жүрміз. Әртүрлі қауесеттің, өсек пен бос айқайдың алдын алып дегендей. Ел болғаннан кейін қатер де, қауіп те болады. Оны құр айқаймен түземей, елдігімізбен түзейік. Осында келіп, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан барлық қазақстандықтардың еңбегі ерен. Күн-түн демей тынымсыз еңбек етуде. Олардың қатарында Жамбылдан келген құрылысшылардың жұмысы да тындырымды болып тұр. Мәселе осындай қыруар жұмысты ың-шыңсыз ұйымдастыра білуде болар. Бүгін осында келіп ел жағдайын білген депутаттар мен ақсақалдарға рахметімді айтамын, – деді ол.
Жамбылдан барған депутаттар мен ардагерлер өгіз сойып, құрбан шалды. Оны Жуалы аудандық мәслихатының депутаты, «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы, меценат Керімқұл Бегалиев арнайы алып барған екен. Арыс қаласының бас имамы Әбдікамал Әбдукарим құран оқып, жиналған көпшілік арыстықтардың басына туған күн қайталанбаса екен деп тілек білдірді.
– Арысқа алғаш болып көмектескендер қатарында облыстық мәслихаттың депутаттары да болды. Олар зардап шеккендерге бір күндік айлық жалақыларын аударды. Одан бөлек, жеке қаржысы есебінен және өздері басқарып отырған кәсіпорындар тарапынан 197 миллион 584 мың теңге аударды. Қосымша 7 миллион 598 775 теңге көмек көрсетті. 250 мың теңгенің көлемінде азық-түлік жеткізді. Тараз қалалық мәслихатының депутаты Бағдат Майлыбаева 1 миллион 200 мың теңге бөліп, Арыстан келген балаларды лагерьге орналастырды. Міне, осындай азаматтарымыздың қатарында болған Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, «Мейірім» орталығының директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова, «Компания Марк» ЖШС директоры Никон Ким сынды белсенді жандарды мақтана айта аламыз. Өздеріңізге белгілі, бүгінде өңірімізде облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар құрамында 205 депутат бар. Олардың әрқайсысы қолдарынан келген көмегін көрсетіп отыр, – деді облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов.
Жамбыл облысынан Арысқа барған топ бесін ауа жолға шықты. Қала орталығындағы көшелермен жүріп отырып, үлкен жолға түстік. Сондағы көз жеткізгеніміз, төңірек түгел қарбалас. Құрылыс жұмыстарының көрігі қызған. Күре жолдың бойында 2013 жылы Қаратау мен Жаңатас қаласында орын алған төтенше жағдай еске түсті. Табиғат алапатынан қираған үйлер мен мектеп, ауруханаларды, елді мекендегі балабақшаларды ел болып, мемлекет болып қалпына келтіріп берді. Марқұм, ақын Нарша Қашағанұлы сол жолы ағайынның жанынан табылып, мемлекеттің көмегіне ризашылығын «Рахмет, мемлекет!» атты өлеңмен: «…

Шыққан ерлер даңқты,
Сақтаған ерлік салтты.
Халқымыз да қашанғы,
Ұстамдылығын танытты.
Күн туғанда от та сын,
Күн туғанда оқ та сын.
Ағайын! Енді бұл елге,
Алапат қайтып соқпасын.
Өміріңді жөндейді,
Көңіліңді емдейді.
Мемлекет тұрғанда,
Мені ешкім жеңбейді», – деп жеткізген еді.
Арыстық ағайындарға алапат енді қайта соқпасын!
Тараз-Арыс-Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support