- Advertisement -

Бейбіт Ыстыбаевтың балаларға тартуы

89

- Advertisement -

Есімдері елге белгілі азаматтардың игілікті іске ұмтылуы – көпшіліктің олжасы. Халыққа арналған қандай жұмыстың да жемісті болатыны белгілі. Осындай еліне жанашыр азаматтың бірі – қазақ күресінен Әлем чемпионы, үш дүркін «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев. Спортшы жақында облыс орталығынан 200 орындық бөбекжай бақшасын ашып, үлкен іске бастамашы болды.
«Жақсыны көрмекке» деп «Қазақстан барысы» салып берген «Барыс» бөбекжай бақшасына біз де бардық. Екі қабатты еңселі ғимарат алыстан көз тартады. Ауласының өзі атшаптырым. Кәдімгі мемлекеттік балабақшалардан ешқандай кемдігі жоқ.
Аталған бөбекжай бақшасының меңгерушісі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Айша Ниязбекова мұнда 1 жастағы бөбектер тобынан бастап, 6 жастағы мектепалды даярлық тобына дейін қабылдана беретінін айтты. Әзірге 50-ге жуық бала 4 топ бойынша қабылданып, жұмыс басталып кетіпті. Негізі, ғимарат 200 орынға арналған, осынша балаға барлық жағдай жасауға мүмкіндіктері бар. 8 топ болады, 35 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде бұл мекемеде 15-ке жуық адам еңбек етеді, бірқатар мамандар резервте тұр. Жаңа топ ашылса, солар жұмысқа қабылданатын болады.
Бөбекжай меңгерушісімен бірге ғимаратты аралап көрдік. Топтардың аты да ерекше, қазақы. «Еркетай», «Жұлдыз», «Айгөлек» деп аталыпты. Балабақшадағы Нұрқанат, Ерқанат, Ерсұлтан Мадиярлар – бір үйдің балалары. Бір үйден бірнеше бала бергендерге де жеңілдік бар. «Былтыр Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін тәрбиеші мамандығы бойынша бітірген едім. Бір жыл мамандығым бойынша орын табылмай, басқа жұмыстарда жүрдім. Бұл бөбекжай бақшасының ашылуының нәтижесінде жұмыс тауып отырмын. Балалармен жұмыс жүргізген сондай көңілді», – дейді тәрбиеші Нұргүл Шекербек. Ал мейірбике Жанар Әбдіхалықова мұнда облыстық ауруханадағы жұмысынан ауысыпты. Ол жалақыдан сәл айырмашылық болғанымен, бұл жақта жұмыс жүйелі екенін айтады.

Бөбекжайдың асхана, мәжіліс залы, үйірме залдары да көз тартады. Кең, заман талабына сай. Төсек-орны, ыдыс-аяқ сынды тұрмыстық қажеттіліктің бәрі жеткілікті. Мұнда тәулігіне 5 мезгіл тамақ беріледі.
«Бұл бөбекжай бақшасын барынша ойланып, барлық талапқа сай ашып отырмыз. Құрылтайшы Бейбіт Ыстыбаев та істің сапалы болуына мән берді. Осында ағылшын тілі, хореография (би), күрес, таэквандо, гимнастика үйірмелерін ашуды жоспарладық. Өмірге бейімдеу сабағын да өткіземіз. Жоғары топтарға 15 минуттық сабақтар жүреді. Алдағы уақытта балабақша ауласына түрлі талдар мен гүлдер егіп, абаттандырамыз. Бізге келетін балаларға барлық жағдайды қарастырып отырмыз», – дейді аталған мекеменің меңгерушісі Айша Бердешқызы.
«Барыс» бөбекжай бақшасының ресми ашылуына Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қатысып, лентасын қиыпты. Көпшілікке белгілі сахна актері, «Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиев, қазақ эстрадасының жұлдызы Еркін Нұржанов келіп, өнер көрсеткен. Алдағы уақытта 200 баланы қабылдап, оларға жоғары деңгейде қызмет етуге «Барыс» бөбекжай бақшасының мүмкіндігі мол.

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support