Көркемсөз оқу шеберлері сынға түсті

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы биыл Абай атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің облыстық байқауын жаңа форматта өткізді. Байқауға қатысушыларға Бейімбет Майлин мен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай олардың прозалық шығармаларынан, Сәбит Дөнентаев пен Бейімбет Майлиннің 125, Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойларына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу талабы қойылды.
Байқауға 17-29 жас аралығындағы 9 үміткер қатысып, жүлделерді сарапқа салды. Өнер сайысында жуалылық Ерке Қалымбек, құландық Жәнібек Әміреев, тараздық Ерлан Нұрланов, таластық Ақбаян Ілиясбек жақсы өнерлерімен көзге түсті. Олар мәнерлеп оқу барысында Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің, Фариза Оңғарсынованың шығармаларын жоғары деңгейде орындады. Дегенмен бірнеше шығарма жаттағанымен, өзін-өзі көрсете алмағандар да болды. Мәселен, байзақтық математика пәні мұғалімі Амангелді Рысбаев ұзақ шығарманың үзіндісін, бірнеше өлеңді жатқа айтқанымен, мәнерлеп оқу шеберлігі жетіспей жатты. Алайда есепке жүйрік маманның әдебиетке де жақын жүруін өзгелерге үлгі етуге болады.
Жиын соңында қазылар алқасының төрағасы Бақтияр Бекназаров, қазылар алқасының мүшелері ҚР еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, облыстық «Арай» жастар газетінің тілшісі Талғат Нұрханов сөз сөйлеп, байқаудың өз деңгейінде өткенін, қатысушылардың жоғары дайындықпен келгенін, жастардың кітап оқып, шығарманы жатқа айтып жүргеніне қуануымыз керектігін айтты.
Сонымен қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің 4-курс студенті Ерлан Нұрлановқа берілсе, Т.Рысқұлов ауданынан келген мектеп оқушысы Жәнібек Әміреев жүлделі бірінші орынды иеленді. Екінші жүлде жуалылық Ақерке Қалымбекке бұйырса, шулық Малика Мақаш жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом және Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Енді байқаудың жеңімпазы тараздық Ерлан Нұрланов Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

https://4store.com.ua/