Тылсымға толы Топағаш

Елбасының «…Жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген аталы сөзінде зор мағына жатыр.
Ықылым заманнан келе жатқан, Жібек жолы бойынан орын тепкен қасиетті мекеннің әр тасы мен тауы, жотасы мен белі тұнған тарих екені белгілі. Атадан балаға мирас болған кең-байтақ жеріміздің әрқайсысының аталуы мен сол атаудың қойылу тарихы үлкен бір ғылыми-зерттеу мен зерделеуді қажет етеді. Менің айтпағым ол емес, жұртшылық арасында Әулие Топағаш атанған киелі жерден өзім көрген табиғаттың тылсымы туралы жариялауды жөн көрдім.
Ақыртөбе ауылының солтүстік шығысында жатқан Топағаш жері – көпке беймәлім, бірлі-жарым адамдар білмесе, қалың жұртшылық әлі де атбасын тіремеген киелі мекен. Бұл жер туралы ел арасында айтылған әңгіме де, аңызға бергісіз оқиғалар да көп. Сол өңірдің заңды егесі атанып отырған шырақшы Ғалымжан Ұзақбаев ағаның Әулие Топағаш тарихы туралы айтары көп.
– Бұл жердің тарихы 1400 жылдардан бастау алады. 1378 жылдың шамасында дүниеге келген Мақтым Ағзам Қожаның немересі Нүриләнің (Домалақ ана) өрнек тоқыған жері делінеді ел арасында тараған әңгімелерде. Шамамен 1726 жылы Болат ханның тұсында Бөгенбай батыр басшылық жасап, үш жүздің басын құрап, Әбілқайыр бас сарбаз атанып, осы Әулие Топағаштың маңында жаудың бетін қайтарғандықтан, жер атауы «Сұмқайтты» деп аталып кеткені туралы да дерек бар. Бұл – «Сұмырай жаудың беті қайтты» деген сөзден қалғанының дәлелі. Осы шайқаста қазақтың көптеген сом білекті батырлары, әулие азаматтары көз жұмып, жерленгені туралы көнекөз қариялар кезінде айтып кеткен екен.
Әулие Топағашқа кірген бетте ғасырлардың куәсіндей болған терең құдықтан су ішіп, ниет ету, топтанып өскен әр ағаштың тұсында тілек тілеп, түрлі суларды ем ретінде ішу – бұл жердің киелі жер екендігіне көз жеткізгендей. Бірақ осынау тылсымға толы жердің арнайы мамандар мен ғалымдар тарапынан зерттелмей, тарихы түгелімен зерделенбей жатқаны өкінішті! Топтана өскен сол талдардың жапырағы үш түрлі сипатта жайқалған. Өсіп жатқан әр ағаштың өзіндік атауы мен емдік қасиеті бар, – дейді шырақшы. Біз білмейтін сырлары көп жердің тылсымға толы екендігін мен де аңғардым.
Сатан Ғазиева әжемізден тәлім алған Ғалымжан Ұзақбаев бауырымыз Әулие Топағашта тоғыз емдік қасиеті бар тасы, үш ақ жыланы, үш көкжалы, үш үкісі, үш жағыл тайы, екі елігі бар екенін алға тартады. «Тағдырыма таңғалам!» атты кітап жазбақ ойы бар бұрынғы мемлекеттік қызметкер қазір қарапайым халыққа рухани азық беруді басты мұрат тұтқан тақуа жанға айналған. Ғалымжан аға әулиелі жердің қасиеті, аянмен ашылған әр талдың тарихы мен құдіретін айтқанда таңғалмасқа лажың жоқ! Ал оны зерттеп, зерделеу – алдағы күннің еншісі. Бұл қасиетті жер туралы интернетте саусақпен санарлық қана мәлімет бар. Баспа беттерінде жарияланған аз-кем мақаладан басқа дерек табу мүмкін емес. Оның өзі шырақшының айтуымен жазылған. Терең тарих пен тылсымға толы әлемді зерттеу – тарихқа терең үңілетін зерек те зерделі, білімді де білікті ғалымның еңбегін қажет етеді. Қасиетті Қазақстанды, оның ішінде Жамбыл өңірінің тарихын тереңірек әлем танысын десек, құпиясы мол құт мекеннің өткенін зерделегеніміз, өте дұрыс болар еді. Зерттелмеген дүние көп, көңілде осы жердің сыры ашылса деген ниет қана бар.
Жаймашуақ жаздың жақсы кешінде осынау тылсымға толы жерге өз отбасыммен мен де бардым. Күннің ыстығы қайтпаған 2015 жылдың шілде айы болатын. Әуесқойлықпен сыры беймәлім мекен туралы достарыммен бөліспекші болып, оларды таныстыру үшін ұялы телефоныма түсірген суретте намаз оқып тұрған адам бейнесіндегі сұлбаның ап-анық түсіп қалуы мені қатты таңғалдырды. Осы суретті шырақшы ағамыз Ғалымжанға көрсеткенімде, бұл жер тылсымға толы, әр тал о дүниелік болған азаматтардың мүрдесінің үстіне өсіп шыққан әруақты жер, ал әруақ ақ сұлба боп кей жағдайда бойында ерекше қасиеті бар адамдарға да көрінеді деп одан ары күдігім мен қызғушылығымды арттырды. Бұл сурет бір ғана менде болғандықтан, жариялауға жүрексініп жүргеніме біраз жылдың жүзі болды. Екі жыл бұрын әлеуметтік желіге жариялағаным бар, қазіргідей ел мен жер тарихы таныстырылып, жас ұрпаққа киелі жерлер дәріптеліп жатқан тұста өзім көрген дүниені көпке жариялауды жөн көрдім.
Тасы да, топырағы да зерделеуді, оны адамзат баласының пайдасы үшін жаратуды қажет ететін, киелі жер саналатын Топағаш туралы жазғанды жөн көрдім. Өлке тарихы мен киелі жерін таныту, сол арқылы отандық туризмді нығайтуға өз үлесімді қосу – менің азаматтық парызым. Бұл жердің энергетикалық күші ерекше екендігін айтпағанда, ауасы да, топырағы да, тасы да, суы да, әр өскен шоқ талы да дертке дауа. Күйзеліс пен күйкі тірліктен қажыған жан да, дертіне ем таппай дәрменсіз күй кешкен пенде де, арман-тілегі мен мақсатын жүзеге асырсам деген кісі баласы да осында, есепсіз ағылған халықты көз көрді. Тарихы тереңнен сыр тартқан осынау киелі жердің әлі де беймәлім күйде зерттелмей жатуы мені қынжылтады. Әр талдан тамшылап тұрған судың биологиялық құрамы зерттеліп, ғылыми тұжырымдама жасалса, Домалақ ана құдығы атанған терең бұлақтан шығып жатқан судың қасиеті зерттелсе деген тілек бар. Шын мәнінде тарихи шындық қандай? Домалақ анамыздың бұл жерге қатысы бар ма, аңыз әңгіменің ақиқаты туралы білгім келеді.
Құндылыққа бейжай қараудан арылатын уақыт жеткенін сезінеміз. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өткеніңді тану арқылы өркениетке қадам басу туралы нақты тапсырмалар берген. Сайын даланың бізге беймәлім сырын ақтаруға үлес қоса алсақ, перзенттік парызымыздың орындалғаны. Ендеше, ғылым саласындағы азаматтарды осынау іске бастамашы болуға шақырамын!

Ләззат ӨТЕУЛИЕВА,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/