- Advertisement -

Сабақтастық: Биік межеге жеткізер бес реформа

44

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында айтып өткендей, Елбасының тарих сынынан өткен стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Әсіресе біртектілік пен бірлікті ту еткен елде кәсіби мемлекеттік аппарат құрып, заңның үстемдігін қамтамасыз етудің, индустрияландыру арқылы экономикалық өсімді сақтап қалудың, есеп беретін мемлекет құрудың жолы айқындалған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын толық жүзеге асыруға тиіспіз. Өйткені Ұлт Көшбасшысы ұсынған бес институционалдық реформа биік межеге жеткізеді.
Аумақтық департаменттер бес реформаның бірінші бағытын жүзеге асыруға мүдделі. Біз «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын негізгі бағдарымыз ретінде санай отырып, кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың тетіктерін барынша сапалы іске асыруға ұмтылудамыз. Бірінші кезекте мемлекеттік басқару жүйесіне меритократия негізінде тек лайықты, білімді адамдар келу қажеттігі жөніндегі Президенттің қойған міндетіне сәйкес кадрларды іріктеуге үлкен мән берілуде. Осы мақсатта бірінші жартыжылдықта мемлекеттік қызметшілер арасында тестілеу өткіздік. Оған қатысқан 1727 азаматтың ішінен 762-сі – 44,1 пайызы тестілеудің шекті мәнінен жоғары балл алды. Бір айта кететіні, өткен жылғы сәйкесті кезеңге қарағанда мемлекеттік қызметке қызығушылық білдірген азаматтардың саны 31,4 пайызға артқан. Ал тестілеудің шекті мәнінен өткендердің үлесі 3,4 пайызға өсіп отыр.
Осы есепті кезеңде бос лауазымдарға қызметке қабылдау үшін жүргізілген 583 тағайындаудың 75 пайызы конкурс арқылы, 3 пайызы сайлау нәтижесіне қарай іріктелгеніне де айрықша тоқталған жөн. Ал қалған тағайындаулар меморганның құрылымдық және штаттық өзгерістеріне байланысты орын алатын мемқызметшілерді әлеуметтік қорғау шараларының тетіктері арқылы жүзеге асырылған. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында міндеттелген қадамдардың нақты іс жүзіндегі көрінісі – осы.
Жалпы өткен алты айда облыстық мемлекеттік органдар тарапынан жарияланған 824 бос лауазым орнына 859 үміткер қатысып, 437 жеңімпаз анықталды. Осылардың 71 пайызы ішкі конкурстардың нәтижесіне қарай меритократия негізінде жоғары лауазымдарға тағайындалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8 пайызға артқанын айта кеткен жөн.
Конкурстық іріктеудің аса маңызды тұсы – оның әділ өтуі. Әділеттілікті қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңда облысымызда әңгімелесу үдерісін «Фейсбук» желісінен тікелей көрсетілім арқылы жариялау қолға алынғанын атап өткім келеді. Облысымызда өткен конкурстарға байқаушылар толық қатысады. Дегенмен бұл мәселеге қатысты айқындай түсетін тағы бір түйткіл бар. Әңгімелесуге қатысқан байқаушылардың бастамасы арқылы заң бұзушылықты анықтау мүмкіндіктерін заңнамалық тұрғыдан арттыру қажет. Бұл конкурс комиссиясының жауапкершілігін күшейтумен қатар, азаматтық қоғамның рөлін көтеретіні анық.
Мемлекеттік қызметтің кәсібиленуіне кері ықпалын тигізетін жайттың бірі – кадрлардың басқа қызметке ауысуы екені белгілі. Бұны салалық терминмен түсіндірсек, таза ауысымдылық деп атайды. Есепті кезеңнің ішінде 116 қызметші, оның ішінде 31-і жеке және квазимемлекеттік секторға ауысса, 85-і өз еркімен қызметінен босатылған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкесті мерзімге қарағанда 0,4 пайызға төмен.
Жалпы кадрлардың тұрақтап қалуына әсер ететін фактордың бірі – өңірдің жеке секторында еңбек нарығының төмендігі екені белгілі. Бірақ қолға алған нақты шаралардың арқасында, яғни еңбек нарығындағы өзге сегментке қарағанда, салада персоналды оқыту, тәлімгерлік, тағылымдама сияқты институттардың болуы, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шараларымен бірге еңбек жағдайының ұйымдастырылуы өз нәтижесін бере бастады. Мысалы, есепті кезеңнің ішінде жалпы оқытылуы жоспарланған 1459 мемлекеттік қызметшінің 827 немесе 56,7 пайызы тиісті курстармен қамтылды. Ал жалпы біліктілігін жетілдірген 745 маман өңірлік филиалда, 76-сы Мемлекеттік басқару академиясында оқыған.
Өңірде мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шараларына да баса көңіл бөлініп отыр. Оларға Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы 305 спорт нысанында дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалған. Бұдан бөлек облыс орталығында мемлекеттік қызметшілердің медициналық тексеруден өтуіне мүмкіндік беретін арнайы «QYZMET» медициналық кабинеті ашылған. Дегенмен саладағы мотивациялық жағдайды түбегейлі жақсартпайтын болсақ, тұтастай алғанда алдағы уақытта таза ауысымдылық деңгейі төмендемейтіні анық.
Сондықтан таза ауысымдылық көрсеткішіне қатысты есепке алынатын мемлекеттік қызметтен шығу себептерін қайта қарастыру қажет. Мәселен, бүгінде қызметші тағылымдамадан өту мүмкіндігімен ведомстволық бағынысты мекемелерге жоғарылауы да осы санатқа жатқызылып отыр. Ал бұл мансаптық өсу сатысы саналуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуді атап өтті. Азаматтар қоғамда әділеттілік орнауын күтетіні анық. Мемлекеттік қызметшілерден де адал қызмет етуді талап ететіні сөзсіз. Президент бізге осы міндетті жүктеп отыр. Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті саладағы заңнаманың сақталуын бақылау тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында 15 тексеру жүргізіп, мемлекеттік қызмет туралы заңнамасы мен қызметтік әдеп нормаларының 99 заң бұзушылығын анықтады. 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Негізі былтырғымен салыстырғанда заң бұзушылықтардың саны екі есе азайғанымен, бұл көрсеткіш талап пен жауапкершілікті әлі де болса күшейте түсу керектігін байқатып отыр.
Мемлекеттік қызмет саласын бақылау бағыты бойынша біз алты айда азаматтардан түскен 130 өтінішті қарадық. Оның 54-і құзыреттілігі бойынша жіберілсе, 66-на тиісті түсіндірмелер беріліп, 7-еуі бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Бұл ретте Агенттіктің ұстанымына сәйкес, әрбір өтініш иесімен сындарлы байланыс орната отырып, олардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізілгенін айта кету керек. Нәтижесінде жүгінген 7 өтініш иесінің талабы орындалды.
Бүгінде өңірлерде мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырумен қатар, Әдеп жөніндегі кеңестің бүгінгі рөлі профилактикалық бағытта трансформацияланғанын атап өту қажет. Аталған кеңес жұмысын жүргізудегі басымдық құқық бұзушылықтың алдын алуға және мемлекеттік басқару тетіктерін дамытуға берілуде. Осы алты айдағы кеңестің 4 отырысында қаралған барлық 14 мәселенің небәрі 5-еуі ғана тәртіптік іс болуы – соның бір көрінісі. Кеңестің шешімімен 3 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылса, қалған 24 ұсыныс алдын алу жұмыстарына қатысты енгізілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес билік өкілдері азаматтардың сұраныстарын тыңдап, жергілікті жерде сұрақтарды нақты шешуге және тұрақты түрде азаматтардың алдында есеп беруге міндетті. Осы талапты орындау үшін департамент тарапынан өңірдегі басшылардың әлеуметтік желі арқылы жүргізетін халықпен кері байланыс жұмыстарына, қолданыстағы азаматтарды қабылдау мәселелерінің ұйымдастырылуына мониторинг жүргізіліп, Әдеп жөніндегі кеңес арқылы ұсыныстар берілді.Нәтижесінде облыс әкімі, оның орынбасарлары және аудан әкімдерінің жеке аккаунттары арқылы жүйелі байланыс орнатыла бастады. Қабылдау кестелері ай сайынғы жиіліктен, апталық жиілікке ауысты.
Әдеп жөніндегі кеңесте сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына да мән беріліп, мемлекеттік органдардың сервистік мәдениеті мен қызметтерді автоматтандыру арқылы бизнес-үдерістерді тиімді форматқа көшіру ұсыныстары енгізілуде.
Жалпы мемлекеттің әділ әлеуметтік саясаты ретінде халыққа мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасын жатқызуға болады. Сапаны жақсарту бағытында департамент жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар денсаулық сақтау (медициналық анықтамалар) және ветеринария саласындағы анықтамалардың стандартқа сәйкес берілуі бойынша тиісті мемлекеттік органдарға 16 ұсыныс енгізді. «Жасырын тұтынушы» тәсілімен әртүрлі 41 мекемеде қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізіп, анықталған 187 кемшіліктің негізінде 23 ұсыныс енгізіліп, 3 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып отыр.
Әділдік – мемлекеттік қызметшілердің ұстыны болуы тиіс. Олар жұмыс орнында ғана қызметші, ал негізінен осы қазақстандық қоғамның бір бөлшегі екенін ұмытпағаны жөн.

Равиль ТӨЛЕБАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
облыс бойынша департаментінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support