- Advertisement -

Әкеміздің жақсылығының қайтарымын ұрпағы көріп жүр

111

- Advertisement -

Тірілердің қарызы – әруақтардың парызы бар ғой. Ол жұртқа белгілі: құран оқыту, ақсақалдардың батасын алу, садақа беру, басқа да еске алу шараларын жүзеге асыру. Бұлардың бәрін бұрынғы өткен ата-бабаларымызға, әке-шешелерімізге арнап қал-қадерінше атқарып та жүрміз. Десек те оларды ертеден білетін, аралас-құралас болған, туыстық байланысын үзбеген, кісілік қасиеттерін еске сақтаған, әр жерге шашырап жүрген ағайын-туыстың басын қосып, кең көлемде бір еске алу шарасын өткізсек деп ойлаушы едік. Соның бір реті келген сияқты.
Осындай шақта сол үлкендеріміздің өмір жолын, кім болғанын, кісілік қасиеттерін айту – парыз. Әкеміз Мамашбай Олжабайұлы 1960 жылы қыркүйек айында 61 жасында дүниеден өтті. Иә, бұл қазаға да 60 жыл болыпты. Ол кісілер арғы Үшаралдан Бостандық өңіріне алғаш көшіп келгендер қатарында. Келісімен жеркепе соғып алса керек. Кепенің төбесін тесіп, ешкінің қарнынан терезе жасаған. Алғашқы келген 5 үй болғандықтан, қазіргі Ақжар, Бостандық, Талапты, Көккөл тәрізді ауылдар «бескепе» атанып кеткен екен. Сол атаулар күні бүгінге дейін сақталып отыр.
Біз әкемізден тым жас қалдық. Мен ол кісіні көке деуші едім. Өз аузынан естігенім, 14 жасынан ел ісіне араласып тым белсенді болыпты. Онысы үкімет жұмысына, партия қызметіне араласқаны шығар. Суреті де сақталмаған екен. Кейін Кенжеқасым Мәскеуден, Орталық Комитеттің архивіндегі партбилетінен суретін тапты ғой. Жалпы өзі сол жылдары Талас ауданындағы ауыл шаруашылығы ұйымдарында қызмет еткен, ұжымшар (колхоз) басқарған. Әкем жайлы білетін кісілермен кейінірек сөйлестік те. 1982 жылы Ішкі Істер саласының ардагері Тұрсынбай Жайнақов деген кісі біршама әңгімелеп берді. Өзінің милицияға жаңадан кірген жас кезі екен. Сол кездің қатал тәртібіне сәйкес жоғарыдан тапсырма алады. Соңғы жылдары талай ұжымдардан былық-шылық шығып жатыр, ал Мамашбай Олжабаев басқарған «Ақжар» колхозы тып-тыныш, колхоздан соңғы жылдары бірде-бір адам ұсталмаған. Бұл ұрлық-қарлық жоқ деген сөз емес, бір құпиясы болуы тиіс. Соны зерттеп, қылмысты ашып, қылмыскерді табу керек. Тапсырма солай. Содан Тұрсынбай «Ақжар» колхозына келіп, бір үйде жасырынып жатып, қылмыс жасауы мүмкін деген адамдарды аңдып, бір ай жүреді. Бірақ ешкімді де ұстай алмай қайтады. Оның себебі, ауыл тұрғындары ұйымшыл, тәртіп күшті, ауызбірлік мықты. Ал Мамашбай аз сөйлейтін, мінезі ауыр, сабырлы да салмақты кісі екен, көп сыр шашпайтын, нағыз істің адамы болып шықты. Ел оны қатты сыйлайды екен.
Екінші бір әңгімені ағайынымыз Әлішерден естідім. Соғыс аяқталған кез. Әлішер елге оралғанда әке-шешесі бірдей қайтыс болып кетіпті. Далаға келгендей күй кешеді. Баратын жері, кіретін үйі болмай қалады. Көршілес жатқан Көккөл колхозындағы ағайындарға барса, жағдай мәз емес, кәрі-құртаң, жетім-жесір, бас көтерер ешкім жоқ. Сөйтіп қатты қиналып жүргенде Мамашбай жәкесіне жолығады. Ол кісі «Біраз күт, содан кейін сөйлесеміз» деген. Неге олай дегенін толық түсінбесе де, бір жақсылық жасар деген үміті оянады. Ол кез Сталиннің қылышынан қан тамған заман, тәртіп қатал, бір уыс бидайға бола сотталып кеткендер қаншама. Бір күні шақырып, ешкімге білдірмей екі қап бидай береді. Содан қуанышы қойнына сыймай бидайды қалаға апарып сатып, пұл қылады. Бір қап бидайдың ақшасына Жетітөбеден баспана сатып алады, ал бір қабының ақшасына үйленіп, үй болыпты. «Сондай қиын-қыстау заманда жағдайды түсініп, өз басына келетін қауіптен қаймықпай, жақсылық жасаған Мамашбай ағамыз жүректі кісі еді ғой» деп әңгімесін аяқтап еді.
Үшінші бір естелікті көкеміз Сәрсенбек Орынбаев айтқан болатын. Ол жетім қалып, Үшаралда әр үйдің малын бағып, әр үйге бір қонып, қалған сорпа-суын ішіп күн көріп жүр екен. Бір күні қонған үйіне бөтен бір тағы да бір мейман келіпті. Бұдан кімнің баласы екенін сұрайды. Үй иесі әке-шешесінің атын айтуы сол екен, әлгі қонақ орнынан ұшып тұрып баланы кеудесіне қысады, аздап жылап та алады. Мұнысына 10 жастағы бала аң-таң қалады. Ертесіне оны қойдың кезегіне жібермей, өзімен бірге алып қайтады. Содан кейін Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына апарып, балалар үйіне орналастырады. Сол жерде жас балалармен бірінші сыныпқа барады. Кейін мектепті алтын медалмен, Абай атындағы КазПИ-ді қызыл дипломмен бітіріп, аспирантураға түседі, ғылым кандидаты болып шығады. Сәрсенбек аға әкеміз қайтыс болғанда Алматыдан арнайы келіп, көңіл айтып, балаларға қолдан келгенше көмектесетінін жеткізген еді. Шынында да солай болды.
Әкем туралы төртінші айтқан адам – жеңгеміз Аргония Жақыпқызы. Аргонияның анасы татар қызы, әкесі Қарқаралы өңіріне белгілі қайраткер, оқыған кісі екен. Қыздар педагогикалық институтында кафедра меңгеруші болып істеді. Шешемнің нұсқауымен тауып алдым оны. Аргонияның айтқаны мынау: «Мен – әкеңнің әпкесінің келіні едім. Әпкесі бізді күштеп ажырастырмақ болды. Енеме жақпадым. «Мына татардан туған келінді таста» деп баласына бұйрық берді. Бір балам сыртта, бір балам іште еді. Амалсыз ажырасуға тура келді. Сонда сенің әкең Мамашбай келіп, мен үшін әпкесімен қатты сөзге келіп қалды. «Мынау жалғыз балаң, келініңнің бір баласы сыртта, бір баласы іште, құдайдан қорық, райыңнан қайт, балалар ажыраспасын» деп әпкесіне жалынды. Айтқанына көнбеген соң «Енді бетіңді көрмеймін, өлсең өлігіңе келмеймін, сен әпке емессің, мен іні емеспін» деп мені үйден алып шығып кетті. Содан Ташкенттің пойызына отырғызып, жол қаражатымды, ас-суымды беріп, «Қайда жүрсең де аман бол» деп қимай қоштасып еді. Әкеңнің сол жақсылығын ұмыта алмаймын деп бізге көп қамқорлық жасап жүрді… Мұндай әңгімелер ел ішінде де аз емес. Тек көзкөргендер азайып қалды ғой. Мұның бәрі әкеміздің бойында кісілік қасиеттерінің мол болғанын көрсетсе керек.
Ал анамыз Әміртағайқызы Дәния – атадан да, анадан да жалғыз. Әкелері үш ағайынды болған екен. Ол кісілерді «Айымшаның үш мырзасы» дейді екен. Өте мейірімді, сері, ер көңілді кісілер болыпты. Шешеміз 39 жасында 6 баламен жесір қалған. Балалардың үлкені мен – 15 жасқа аяқ басқан едім. Басқалары жас. Шешем жұмыс істемеген, үй шаруасындағы кісі еді. Әкеміз қайтыс болған соң бар ауыртпалық бір басына түсті. Қатты қиналды. Өйткені апамыз бір үйдің жалғыз қызы, шөп басын сындырмаған ерке еді. Сондықтан 6 баланы қалай асыраймын деген уайым жанын жегідей жегені рас. Үйде үлкен әжеміз бар. Аты-жөні – Імәрқызы Зылиха. Ол – шешемнің анасы, нағашы әжеміз. Үйдегі билік сол кісінің қолында болатын. Әжеміздің пейілі кең, қолы ашық, ойы озық. Бәрін жолға қоя білді. Ол кезде қазіргідей дайын киім жоқ, бәрін қолмен тігеді. Үйге келген қазақтың баласы болса, қол қусырып күтіп, бәсіре деп қозы-лағын беріп жататын. Малды өзі сойып, өзі жайғайтын. Мал сойылған күні «Жыртық үйдің пұшық мейманына» деп бір асым етті бөлек тұздап, сақтап қояды, ол ет таусылғанда да асылмайды. Үйге кездейсоқ бір қонақ келгенде ғана қазанға салынады. Сол ақылы асқар таудай асыл әжеміздің дем беруімен, ақыл-кеңесімен, қамшылауымен шешем тез есін жиып, ердің де, әйелдің де тірлігін істеп, алтаумызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, аялап өсірді. Осы күнге жеткізді. Әжем марқұмның Дәния қызына басу айтып, жігер беріп отыратыны әлі де есімде. «Сазды бассаң жетілер, тасты бассаң кетілер» деген сөз бар, есіңді жый. Мен 37 жасымда жалғыз сенімен қалып, жастығымды құрбан етсем, сен 39 жасыңда алты баламен қалып отырсың. Әлі-ақ жетілесің» деп қанаттандырып отыратын.
«Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық» деген сөзі бар ғой, сол рас. Бәріміздің өмірден өз орнымызды тауып, жоғары білім алып, өсіп жетілуімізге әкемізді білетін, оның жақсылығын көрген кісілердің ықпалы көп болды. Қазір, алтауымыз бір-бір әулеттің тұтқасы болып отырған жайымыз бар. Әке-шешеміздің өмірін кейінгі ұрпақтары жалғастырып жатыр.

Үміт МАМАШБАЙҚЫЗЫ,
еңбек ардагері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support