- Advertisement -

Ел үшін тер төккен ер қымбат

97

- Advertisement -

«Ежелден ер тілегі – ел тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі»  деп даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы жазып қалдырғандай, қашанда ер боп туған ұлдың адал еңбегінің бағаланғаны абзал. Елдің абыройын асырып, еңбегімен қоғамға үлгі болып жүрген бірегей азаматтар қазір де ортамызда бар. Олардың асқақ азаматтық қырларын жас ұрпаққа үлгі ету – біздің көрсетер өнегеміз.

Сондай азаматтың бірі – қасиетті Жамбыл топырағының төл перзенті, кардиохирург Сейітхан Жошыбаев. Оның Қазақстанның денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бұл туралы облыстың бас басылымы – «Aq jol» газетінің 20 шілдесінде жарық көрген cанында крдиохирург-дәрігер туралы: «Қазіргі уақыттың Өтейбойдағы» атты мақалада кеңінен тарқатылып жазылды.

Мен кардиохирург, өз саласының терең білгірі, «Парасат» және II дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Сейтхан Жошыбайұлын біраз жылдан бері жақсы білемін. Ұзақ жылдан бергі таныстығымыз, достық, ағалық-інілік қарым-қатынасымыз екеумізді рухани тұрғыдан тіптен жақындастыра түсті. Қолы алтын, жүрегі мейірімге толы азаматтың ерен еңбегі туралы газеттегі ұсыныста кеңінен жазылды.

1962 жылы Қырғыз мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған жас дәрігердің еңбегі Алатаудың екі бауырын тең жайлаған Қазақ пен Қырғыз халықтарына кеңінен танылып, атағы алысқа тарады. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Бұл – қажырлы еңбек пен маңдай тер, ізденіс арқылы келген жетістік.

Қай заманда да елге еңбек сіңірген ер қымбат. Осы уақытқа дейін қаншама жанның ғұмырын ұзартып, қаншама жүректерге үміт пен сенім ұялата білген асыл азамат, өз ісінің терең білгірі, таңдаулы кардиохирург Сейтхан Жошыбаевтың еңбегі жоғары билік тарапынан лайықты бағаланып жатса – елдігімізді танытқанымыз, ерлеріміздің даңқын асқақтатқанымыз болмақ. Қорыта айтқанда, білікті дәрігер Сейітхан Жошыбаевтың есімі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына әбден лайықты.

Жарас МҰРАТАЙ,

қаржы саласының ардагері.

Жамбыл облысының және

Жуалы ауданының Құрметті азаматы.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support