- Advertisement -

Ұжымның ұйытқысы

87

- Advertisement -

Қазір жастар белсенді. Жастар әлеуметтік және қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылып отыр. Осы ретте жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен заңды кәсіби мүдделерінің тиімді қорғалуын қамтамасыз етуші қуатты ұйым – кәсіподақ. Сол ұйымға жетекшілік етіп отырған жастың бірі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Индира Диханбаева.
Жас та болса жауапкершілігі жоғары, білімі мен талабы, жаңашылдығы, ұйымдастыру қабілеті, онымен қоса бір бойына жетерлік өнері талайды таңдай қаққызбай қоймайтын Индира өз жұмысына жауапты, аудан бойынша білім беру саласының ең жас кәсіподақ көшбасшысы.
Ал кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғауды нығайту, ынталандыру жұмыстары, әлеуметтік әріптестік, педагог қызметкерлер мен отбасы мүшелерін сауықтыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қайырымдылық шаралары, ұжымдық келісімшарт жасасу, марапаттау және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мәселелеріне жан-жақты көңіл бөледі. Ұжымда барлық іс-шара кәсіподақ төрайымының көзқарасы мен ойын ескеріп, ақылдаса отырып орындалады.
Кәсіподақ ұйымының демеушілігімен Ұстаздар күні, Жаңа жыл, 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні, Наурыз мерекелері қарсаңында ардагер ұстаздармен кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің мерейтойларымен салтанатты түрде құттықтау – дәстүрге айналды. Кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің тынығуы, демалысы мен бос уақытын қызықты өткізуі, рухани дамуына ерекше назар аударады. Осы ретте білім саласының барша өкілдері арасында дәстүрге айналып, өнер мерекесі атанған «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты фестиваль, дене шынықтыру мен спортты насихаттау мақсатында велошерулер, спартакиадалар, турнирлер өткізіледі.
Кәсіподақ мүшелерін сауықтыру маңызды орынға қойылған. Жыл сайын «Сарыағаш», «Манкент», «Меркі», «Ақниет», «ГРЭС» шипажайлары мен көршілес қырғыз еліндегі Ыстық көл жағалауына жолдамалар кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелеріне беріліп отырады. «Киелі Түркістанға саяхат», «Астана-Бурабай» туристік маршруттары бойынша ұжымдық тарихи-танымдық саяхаттарға да кәсіподақ мүшелері жылда барып жүр.
Индира қайырымдылық іс-шараларды да назардан тыс қалдырмайды. «Қарттарым – асыл қазынам» демекші, жоғары сынып оқушыларымен бірігіп мүмкіндігі шектеулі және көмекке мұқтаж қарттарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып отырады.
Заманның заңғар тұлғаларының бірі Міржақып Дулатов «Алыстан алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын» деп айтқанындай, Индира сияқты алғыр жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда, бүгінгі жастармен әрқашанда мақтанамыз!

Зухра Жұмағазиева,
Жамбыл атындағы
гимназияның мұғалімі.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support