Қайта жанданған ұйым

Тегінде жасырын емес, осыдан бір жарым-екі жыл уақыт бұрын еліміздің кәсіподақ ұйымдарының жұмысы жайлы аз еститінбіз. Кезінде дүрілдеген кәсіподақтардың осы уақытқа дейін үнсіз қалғанын кеңестік дәуірдің күйреуімен байланыстырып, құрдымға жібергендердің болғаны да рас.
Алайда соңғы кезде Қазақстан кәсіподақтары жоғалмағанын, жаңа заман талабына сай, жүйелі форматта жұмыс атқарып отырғанын жар сала айтып жүр. Бақсақ, мұның өзіндік себебі бар екен.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы басшылығы соңғы жыл ішінде үлкен жұмыстар атқарып отырғанынан хабардармыз. Қазіргі таңда құрамында жалпы еліміз бойынша еңбек ететін 6,4 миллион еңбеккердің 2 миллионын қамтитын 18 000 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Бір ғана өткен жылдың өзінде 35 000 еңбеккерден құралған 470 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы пайда болыпты. Бұл – үлкен күш!
Өз ұранын «Тұрақты кәсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел!» деп таңдаған қазіргі кәсіподақтар, біріншіден, қарапайым еңбек адамына қажетті дүние лайықты жалақы мен тұрақты жұмыс орнын алға тартуда. Яғни тұрақтылық қоғам мен еліміздің негізі болуы тиіс дейді. Келесі мәселе – еңбек адамын заң тұрғысынан қорғау және соған қажетті заңнамаларды қабылдауға ықпал ету. Осы тұрғыда елімізде 2018 жылы әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып «Еңбек шартын жасаңыз!» атты республикалық акция өтті. Мақсаты – еңбеккердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретін басты еңбек құжатының болуын қамтамасыз ету. Бір жылғы жұмыс барысында елімізде еңбек шарты жоқ 37 000 азаматтың еңбек қатынастары заңдастырылды.
Сол сияқты, 2018 жылды Кәсіподақтар Федерациясы «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялады. Осыған байланысты өткен жылы «Еңбекті қорғау мәдениетін бірге арттырамыз!» республикалық акциясы өткізіліп, аймақтарда «Қауіпсіз еңбек» бағдарламалары қабылданып, жүзеге асырылды. Себебі жыл сайын елімізде өндіріс орнында жарақат алатын мың жарымнан аса адамның 200-ге жуығы қаза болатынын айтып дабыл қаққан кәсіподақ өкілдері еңбек адамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең маңызды мәселе деп отыр. Бұл пікірге фермерлер одағы толықтай қосылады. Өйткені басым бөлігі ауылдық жерлерде жұмыс атқаратын фермерлер де еңбектің қауіпсіз болғанын қалайды.
Атқарылып отырған жұмыстарды зерделей келе, бұл бағытта тың серпіліс бары байқалады. Қоғамымызда өз орны, айтатын сөзі бар, билік те құлақ асатын ірі ұйым болып қалыптасып келе жатқан кәсіподақтар жуырда өткен Президент сайлауына да өз өкілдерін қосып, бақ сынап көрді.
Кәсіподақтардың Президент Қ.Тоқаевтың он әлеуметтік бастамасын толық қолдап отырғанын да бүгінде БАҚ пен әлеуметтік желілерден көріп, біліп отырмыз. Бұл да көңілге үміт ұялататын жайт деп санаймыз.
Осының бәрін ескере отырып, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы кәсіподақ ұйымдарының кең мүмкіндіктерін пайдалану үшін облыстық бірлестікпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отырды. Мұның да бір өзіндік себебі бар. Фермерлер де жергілікті ұйымдардың еңбек ұжымдарының мүддесі үшін нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқанын біледі. Оған бір мысал, Шу аудандық газетінің еңбек ұжымының бес айлық жалақысын өндіріп беруге бірден-бір сеп болған жергілікті кәсіподақ ұйымы екенін естіп, риза болдық.
Сондай-ақ еңбек қатынастарына байланысты 200-ге тарта арыз-шағымды шешкен кәсіподақ ұйымдарының еңбегі оларға деген сенімді арттыра түсуде.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біздің одақ кәсіподақтармен бірлесе отырып еңбек адамының әл-аухатын арттырып, қолайлы жағдай жасай береді деп сенеміз.

Жигули ДАЙРАБАЕВ,
«Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/