- Advertisement -

Шаңырақ шайқалмасын десек…

60

- Advertisement -

Тұрмыстың тауқыметінен бе, әлде басқа да себептері бар ма кім білсін, соңғы уақытта психолог, коуч, мотиваторлардың көмегіне жүгінетін әйелдер көбейді. Олардың қатарында отбасының берекесін сақтап, көпшілік алдында абыройлы болғысы келетіндер де бар. Сондықтан біз жұрттың сұранысына қарай әлеуметтік желіде танымал коуч, мотиваторлардың ұсыныс-пікірлерін іріктеп, өздеріңізге тұрақты түрде ұсынып тұруды жөн көрдік.
Соның алғашқысы – отбасының ырысын арттыру үшін аса қажет ынтымақты сақтап қалудың жолдары. Жалпы үй болып, көтерген шаңырақтың берік болуы үшін ер мен әйелдің өзара түсінісіп, түйткілдерді бірлесе шешуге ұмтылуы әрқашан маңызды. Қазақта «Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» деген сөз бар. Мұнымен қазіргі психологтер де толықтай келіседі. Көп нәрсе әйел адамға байланысты болғандықтан, күйеуді өзгертпес бұрын, әйел адам алдымен өзін тәрбиелеп, өзгертуі тиіс.
Осы орайда белгілі психолог-психоаналитик Ирина Гаврилова-Демпси өзінің «Правила мудрой женщины в отношениях с мужчиной» деген кітабында ұсынған өзара сыйластықтың қағидаларын сіздермен бөліспекпіз:
1. Алғашқы қағиданың түпкі түйіні – «Қазақтың жақсылық жасасаң да өзіңнен, жамандық жасасаң да өзіңнен» деген сөзіне саяды. Қателік отағасы, ата-ене, туған-туыс үшін жасаған істің қайтарымын күтуден басталады. Шектен тыс жақсылық жасап, соған сай сый-құрметке бөленемін деу – бекершілік. Өйткені сол сәтте бәрі бірдей сіздің ниетіңізді түсінбеуі, бәлкім ризашылығын жеткізуге уақыты, көңіл-күйі болмауы мүмкін. Сондықтан азғантай түсінбеушілікті үлкен мәселеге айналдырмай, текке шаршамаңыз. Жасаған жақсылығыңыз сізге түбі бір қайтарына сеніңіз.
2. Қамқорлық пен қайырымды іс адам жанын ізгілендіреді. Айталық, сіз жақын адамыңызға сыйлық немесе жоқ-жітікке қайырымдылық жасай отырып, сіз одан кәдімгідей ләззат, онымен қоса қуат аласыз. Бұл кезде сіз басқалардың өзіңізге көңіл бөлуіне зәру болмайсыз. Міне, біз үнемі осылай қайтарымын күтпей, шын ықыласпен энергия бере білуіміз керек. Бірақ ондайлар арамызда санаулы. Көпшілігімізге махаббат, ықылас жетіспей жатады. Өйткені біз сондай кезеңде дүниеге келіп, тіпті, әке-шешеміздің мейірімі мен махаббатына қанбай өстік.
Артық салмақ, депрессия, ауру, шаршаңқылық… Мұның бәрі энергия тепе-теңдігінің бұзылуынан, берілген энергияның орны толмағандығынан орын алады.
Жалпы әйел табиғаты мейірімге бөленгісі келеді, өзі де қамқорлық көрсетуге бейім. Жаны содан рахаттанады. Бірақ біздің табиғи болмысымыздың өзгергені соншалық, одан энергия алуды да ұмытқанбыз. Кейбіреулері оған сыйлық жасап, құрмет көрсетіп жатса, ол одан асырып қайтаруға тырысады. Олай жасамаса өзін ыңғайсыз сезінеді. Біз өзгенің көңілін табамыз деп өзімізді ұмытып жатамыз. Ол өзімізге ұнап, энергия сыйлап жатса, мейлі. Бірақ ол өзіңізді тығырыққа тіреп, титықтататын болса, сол нәрсе сізге қажет пе, ойланыңыз.
3. Өз ішкі жандүниеңізге үңіліңіз. Егер ішкі әлеміңізде үйлесім мен реттілік болмаса, сіз еш нәрсеге шынайы қуана алмайсыз. Жандүниеңізді байытуға ұмтылыңыз. Ешкімнен мін іздемеуге тырысыңыз. Кемшіліксіз адам жоқ. Ұсақ-түйекшіл болмай, өзіңізді айналаңыздағыларға сыйлата біліңіз. Бас қосқан күйеуіңіз – өзіңіздің таңдауыңыз.
4. Өмірдің әр сәті – сізге берілген сый екенін ұмытпаңыз. Сондықтан кез келген істі пейілмен бастап, әрбір сағатты көңілді өткізуге ұмтылыңыз. Мәселен, ас пісіретін болсаңыз, кешкі асқа жейтін бірдеңе болса болды деп қарамау қажет.
Күніге таңертең өзіңізге 15-20 минутыңызды қиып, 1 шыны шай немесе кофе ішіп, жаңа күнді жақсы ырғақпен бастауға тырысыңыз.
5. Сенім – сыйластықтың көрінісі. Қорқыныш, белгісіз үрей, адамның көңіліндегі сенімді ысырып тастайды. Сенімсіздік кез келген істің, қандай да бір сыйластықтың арасына сызат түсіреді. Отбасылық өмір сізді сеніміңізден, өзіңізді қызықтыратын істен, жақсы көретін ортадан айырмауы үшін тым секемшіл болмау қажет. Ер мен әйелдің өзара түсіністігі аса маңызды.
Психологтің қалған қағидаларын «Айша бибінің» келесі санынан күтіңіз.

Дайындаған Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support