- Advertisement -

Ана мен бала жыламаған ел бақытты

37

- Advertisement -

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен бірлігіне кепіл болар үлкен құрылымдық күшке айналды. Қоғамдық институттың өңірдегі хатшылықтарының да ішкі тұрақтылық пен өзара келісімді сақтау, жас ұрпақтың бойына толерантты мінез-құлықты сіңіру бағытында атқарып отырған идеологиялық жұмыстары өте ауқымды. Бұған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесі де үлкен үлес қосып отыр.
Осы Аналар кеңесінің мүшесі, облыстық полиция департаментінің подполковнигі, Тараз қаласының тұрғыны, көп балалы ана Ақмарал Жанисова қоғамның тұрақтылығы отбасында орныққан тыныштық пен берекеден бастау алады дейді. Иә, аналары мен балалары зорлық-зомбылық көрмеген шаңырақта шаттық ұялайтыны, жетімі мен жесірі жыламаған ел бақытты екені – шындық нәрсе.
– 1997 жылы ҚазҰУ-ды бітіріп, журналистика мамандығын алған соң, алғашқы еңбек жолымды облыстық «Аq jol» газетінде бастадым. Кейін жолдама бойынша полиция департаментінде баспасөз қызметінің инспекторы болып бір жарым жыл жұмыс істедім. Жалпы еңбек өтілім – 23 жыл. Алғашқы кезде кіші лейтенант атанып, бір жылдан кейін толық лейтенант атағын алдым.Қазір полиция подполковнигі лауазымына дейін көтерілдім. Бүгінгі таңда облыстық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесін басқарамын. Менің қызметім тұрмыста құқық бұзушылық жасайтын агрессорлармен байланысты. Біздің міндетіміз – әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, – дейді Ақмарал Жанисова.
Рас, қазіргі кезең – өзгерістер дәуірі. Дегенмен бұл ертеңге деген сенімсіздікті тудырмауы тиіс. Отбасылық құндылықтарды сақтауға, саналы қоғам құруға атсалысуға оның еш кедергісі жоқ. Керісінше, жаңашылдыққа ұмтылыс өмір сүру сапасын арттыруға көп көмектеседі. «Генерал болуды армандамайтын солдат солдат емес» деген сөз бар емес пе?! Жемісті еңбек етіп, полковник болсам деп ұмтыламын. Әйтсе де әйел адам үшін ең басты бақыт – отбасының амандығы, ошақ қасының бүтіндігі. Менің жетістігім – менің балаларым! Олар лайықты білім алып, қоғамның белсенді мүшесі, ел азаматы болып өссе деймін. Бар арманым – осы!» – дейді Ақмарал Жаханқызы.

Бибігүл Шахзада,
облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз қызметінің жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support