- Advertisement -

Өңірімізде гофра картон өндіріледі

70

- Advertisement -

Бүгінде әлем ғылыми-техникалық жетістіктердің екпінімен жедел өзгеріп келеді. Осындай бәсекелестіктің бәсі жүріп тұрған уақытта бізге жас буынның белсенділігі өте қажет. Биыл – Жастар жылы. Талапшыл жасқа зор мүмкіндіктер берілуде. Өскелең ұрпақтың рухани әлемін байытып, қоғамдағы келбетін аша түсуге барынша жағдай жасалуда. Кешенді жоспарлар қабылданып, 89 пункттен, 4 блок пен 5 бағыттан тұратын Жол картасының жасалуы – соның дәлелі. Онда қолжетімді баспана ұсыну, білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру бағыттары қамтылған.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Креативті пікірге ие жас буын өкілдерінің арасында соңғы инновациялық технологиялар арқылы іске асырылатын тың жобалар ұсынып жүргендері де бар. Соның бірі жуырда Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өткен «Тұрақтылық пен келісім – әлеуметтік бірлік пен жаңғыру кепілі» тақырыбын арқау еткен өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІІ сессиясында өзінің жобасын таныстырған болатын. Облыс басшысының назарына іліккен стартап жоба «Өңірдегі экологиялық таза гофра картонын шығару» деп аталады. Авторы – Диана Аралбаева.
– Бүгінде Қазақстанда гофрленген бұйымдардың жылдық орташа жеткізілімі шамамен 50 мың тоннаны құрайды. Дайын гофрленген орамның негізгі жеткізушілері – Ресей, Қырғызстан, Қытай елдері. Ал отандық өндірушілер тұтынушылар сұранысын толық өтей алмай отыр. Себебі өндірістік қуат көзі саналатын шикізат, атап айтқанда, макулатура тапшы. Импорт көлемінің жылдан-жылға өсіп жатқаны содан.
Ұсынылып отырған жобада гофрленген картон өндірісі тас қағаз негізінде қарастырылады, ол 70 пайыз кальций карбонатынан (әктас) және 30 пайыз құпия компоненттерден тұрады. Бүкіл әлемде мұндай ұқсас қаптаманы тек Қытайда шығарады. Алайда ТМД елдеріне мұны сатып алу тиімді емес, – дейді Диана Аралбаева.
Бұл өнім түрі барлық баспа түрлеріне жарамды болмақ. Оны әдеттегі қағаз сияқты басып шығаруға болады. Егер осы жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туса, автор болашақта бұл қағаздан блокноттар, тұсқағаздар, кітаптар және тағы басқа да өнімдер жасауды жоспарлап отыр.
Жобаны қаржыландыру үшін 5 миллион теңге қаржы қажет. Бұл өнім озық технологияларды қолдана отырып жасалатындықтан, экологиялық таза өндіріс болып саналады екен. Ал бұл қадам ағаштар мен су қорын сақтауға және энергия шығындарын қысқартуға септігі тиеді. Өнімнің бәсекелестік артықшылығы да мол болмақ. Майға, ылғалға төзімді келетін гофрленген картонның салмағы жеңіл келеді (300 грамм) және бағасы арзан. Тағы бір айта кететіні, жоба авторының бүгінде Қазақстанның, Өзбекстанның ірі компанияларымен жасасқан сатып алу-сату туралы келісімшарттары да бар.
Өңір басшысы Асқар Мырзахметов тиісті салалық құрылымдардың басшыларына тың жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуді тапсырды. Қаржылық мәселе шешімін тапса, жобаны «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында іске асыру көзделіп отыр.

 

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support