- Advertisement -

Бауыржан батырмен дос болған

157

- Advertisement -

қазақ журналистикасының қайраткері құрманбек сағындықов туралы бір үзік сыр

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ ауылдарындағы көзі ашық, болашақты дұрыс болжай білетін ата-аналар өз балаларын білімдар етуге ұмтылды. Сондай кісілердің бірі Шегір ауылындағы Сағындық ақсақал еді. Жуалы ауданында бірде-бір жөнді мектеп болмағандықтан, атамыз ұлы Құрманбекті Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы мектеп-интернатқа оқуға орналастырады. Бұл жерде білім алумен қатар ол Бауыржанмен бір партада қатар отырады. Момыш ақсақал да өз баласын білім алып, адам болу үшін осында өткізіп кеткен екен.Осы сәттен бастап қазақ халқының аса қадірменді азаматтарына айналған Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықовтың достықтары басталған еді. Екеуі жоғары сыныптарды Шымкент қаласындағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы мектепте жалғастырады. Ол кездегі он жылдықты бітіріп шығу институт пен университет тәмамдаумен бірдей болса керек. Өйткені Құрекең Жуалыға оралғаннан кейін енді ғана ашыла бастаған ауыл мектебінде дәріс береді, аудандық оқу бөлімі басшыларының біріне айналды. Сонымен қоса журналистік қызмет жолы басталып, Жуалы аудандық «Таусағыз» газетінің редакторлығына да тағайындалады. «Таусағыз» аталуының себебі, Жуалы топырағында көптеген табиғи өсімдіктермен қатар, түп-тамырында сағызы бар, бойы бір метрге жуық ғажап өсімдік өсетінін бәріміз білеміз. Бала кезде тамырына ұйыған аппақ сүті жетілгеннен кейін сары-қоңыр түсті, жағымды дәмі бар сағызын рахаттана шайнайтын едік. Сөйтсек, ізденгіш-ғалымдар тек Жуалы жерінде өсетін сағыз өсімдігі таптырмайтын дүние екендігін дәлелдеген болса керек. Елімізде шыға бастаған машиналардың дөңгелектерін жасау үшін резиналар қажет болғандықтан, сағыз шикізаты өндіріле бастаған. Кейін машиналардың шиналарын химиялық синтетикалық-каучуктік жолмен жасауға қол жеткізгеннен кейін Жуалының сағызы да ұмытылған.

Содан Қ.Сағындықов Алматыға ауысып, кәсіподақтардың республикалық советінде қызмет атқарады. 1941 жылға дейін Қазақ көркем әдебиет және қазақ мемлекеттік біріккен баспаларының меңгерушісі, редакцияның бас редакторы, Қазақ ССР Министрлер советінің радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы болды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын бірінші редакциялаушы болғаны да осы кез.
Сонау соғыс жылдарында қолбасшы генерал Панфиловтың 8 гвардиялық полкінің құрамында жүріп те Отанын қорғауға бастан-аяқ қатысып, «Отан үшін» – «За Родину» атты әскери газетінің редакторы болған. Жауынгерлермен қоян-қолтық араласып, әрқайсысының күнделікті жасаған ерліктері баспа бетінде жарияланып, жігерлендіріп отырған. Өзі: «Полктің соңында баспагерлік асай-мүсейлерімізді арқалап келе жатқан біздерді жау ұшақтары атқылап, бомбалап шашып тастар еді. Өлмегеніміз есімізді жиып жатсақ, топыраққа көмілген кісілер мен баспаханамыздың темір-терсегін қазып алып, ретке келтіріп, жөндеп, жұмысқа қайта кірісіп кететін едік», – дейтін.
Сол полкта Баукеңмен қатар жүрген орыс жазушысы Александр Бек «Волоколамск тас жолы» кітабын жаза бастағанда, айнымас досы Баукең Күрекеңе өтініш жасайды: «Сенің көркем аудармадан тәжірибең мол ғой, қазақтың мақал-мәтелдерімен өрнектеп, әсерлеп жіберетінің және бар, мен тек саған ғана сенемін», – дейді. Сондағы дос сеніміне қуанышы қойнына сыймай, батыл да игілікті іске кірісіп кетеді.
Көркем шығарманың құдіретін жақсы білетін Құр-аға әрбір сөзі мен сөйлемдеріне дейін үлкен маңыз береді. Екі тілде қатар жазылып отырған осы еңбек дала баспаханасында басылып, «Арпалыс» деген атпен жауынгерлердің қолына тиеді. Бұл еңбектің қазақша нұсқасын жасау жұмыстарына Баукең оң баға беріп, қатты разы болып, алғысын білдірген хаты да сақтаулы. Мазмұны оқырманға соншалықты ұғынықты болғаны үшін аудармашы ғана емес қайта әрлеп өңдеуші» деп те кітаптың соңғы тарауына жазуын батырдың өзі өтініпті.
Күндіз жауынгерлермен бірге қолына қаруын алып жаумен шайқасса, түнгі мезгілде балшықты орыс орманынан ыңғайлы жер тауып жазып тастайтын газеттік мақалалар мен очерктер, аудармасы тағы бар. Бұлайша ұзақ отырып, ойланып-толғанып жұмыс істеуге шыдамы да жетпейтін секілді. Бұрынғыдай шыдам, төзім дегенді соғыс өрті жалмап, сарқып тастағандай ма, қалай? Қайткенде де аударма жұмысы ақырындап алға жылжи бастайды. Тіпті қиналған сәттерінде Құрекең досына: «Осының бәрін мен қиналып жасап жатырмын, бастапқы кездегідей қарқын жоқ, бірақ мен өзімнің саған берген уәдемді дәл уақытында әрі сапалы етіп орындауға қайтсем де жанымды саламын», – деп жазып та жібереді.
Бірде Баукең Бекке балалық шақтан бергі досы Құрманбектің өзіне жазған хаттарын көрсетіп отырып былай дейді: «Иә, ол бүгінде ұрыс даласында майдан газетін шығарып жүр. Жағдайы өте қиын. Ұйықтайтын уақыты өте аз. Сәл көзі ілінген сәттерде түндегі сойдақтатып ұйқылы-ояу жазғандарын түсінбей әріп терушілер де жиі мазалайтын көрінеді. Дүниедегі асыл шығарма да осы хаттар. Өзімнің де жазатын, сызатын, кейде көркем шығарма жазатындығым бар ғой… Бірақ байқаймын әрі соған досымның осынау хаттары да куә. Хаттан адамның жан дүниесіндегі ішкі сілкініс, бұлқыныстардың, дәл сол сәттегі толғаныстары мен айналасында болып жатқан оқиғалардың бәрінен де хабардар боласың. Сенің көркем шығармада айтып жеткізе алмаған жағдайларың хаттың өн бойынан өзі-ақ сезіліп тұрады. Қызық емес пе?!
Тағы да хаттарды сөйлетсек:
«Он шақты күн шабуылда болдық.
Жүзден астам хуторларды жаудан азат еттік…
Ұрыс басынан аяғына дейін қанқұйлы болды…
Қаңтардан сәуірге дейін бес жүзден астам елді мекенді азат еттік…
Бірде бір өзеннен өтіп, бір биікке бекінген едік, өзіміз де білмей қалдық, осы жерде үлкен ұрыс болды. Жау да табан тіреп соғысты. Шығын да көп еді. Көпті көрген жауынгерлер бұндай қырғын соғысты бұрын-соңды көрмегендерін еске алысты. Сондықтан біз оны «Кіші Сталинград» деп атадық» дегендей жан толқытарлық жолдар да жиі кездеседі.
«Окопта жатырмыз, кеше ғана үлкен ұрысты аяқтадық, жау кейін қашты. Бұл ұрыста да біздің қазақ жігіттері жарады, халқымыздың атына еш кір келтіргеніміз жоқ. Талай танк, неміс басқыншылары жер жастанды…».
Құрманбек ағамның қай кезде майдан газетін шығарып, қай кезде ұрыс даласында жауға қарсы оқ боратып жатқандығынан да жаңылыса жаздайсың. Елге барған соң бүйтемін деп армандап отырған достарынан аяқасты айырылып қалуы тағы бар. Ол кісінің көрген-білген, көңілге түйген, ұрыс даласындағы қазақ батырларының ерлік істері хақындағы жинаған материалдары да көп еді. «Осыдан елге бір жетіп алсам, дивизияның атақты снайпері Төлеуғали Әбдібековтің өмірінен бір деректі хикаят жазуға отырар едім», – деп армандаған екен.
Төлеуғали Әбдібеков – бір өзі үш жүз тоқсан жеті жаудың көзін жойып, өзі де құрбан болған азамат, қазақ батыры. Майдан мақалалары бойынша «Хас батыр бейнесі» және «Так рождаются герои» атты еңбектері жарық көрді. Кітапта мерген Төлеуғали Әбдібеков пен оның қарулас досы Әбіл Нүсіпбаевтың дивизия комсомолдарының жетекшісі Балтабек Жетпісбаевтың және тағы да басқа майдангерлердің жауынгерлік бейнелерін сомдаған.
Соғыстан соң өзінің біліктілігі, ұқыптылығы, іске деген тындырымдылығымен аты шыққан белгілі қазақ зиялысы Құрманбек Сағындықұлын Алматыдағы бейбіт өмір де құшағын жая тосып тұр еді. Соғысқа дейін-ақ аудармашылығымен аты шыққан болатын. Қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға тәржімәлаудың асқан шебері атанған. Қазақ журналистикасында терең із қалдырған ғалым кісі. Кезінде «Журналист қауымының атасы» деген атқа ие болған.
Өзім қазақ радиосында қызметте жүргенімде Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев сынды радиосұхбатқа келген университеттің аға буын профессор ұстаздарынан Құрекең жайындағы әңгімелерді талай естідім. Тіпті Тауман ағамен бірнеше жыл көрші де боп тұрдық. Ол кісілер асқан білімі мен сіңірген еңбегін айта келіп Құрекеңді қашанда алыптарға теңейтін. Және де олар соның бәрін нақтылы мысалдармен келтіретін.
Аудармашылық еңбегін тізер болсақ: ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық трактаттарын да ана тілімізде сөйлетушілердің бел ортасында болды. Карл Маркстың үш томдық таңдамалы шығармаларын және «Капиталдың» негізгі бөлімдерін, Пушкиннің, Толстойдың, Шолоховтың, Островскийдің еңбектерін қазақ тілінде сайратқан. Лениннің елу бес кітаптан (томнан) тұратын таңдамалы шығармаларын, театрдың негізін қалаушы Станиславскийдің «Менің өнердегі өмірім» атты отыз томдығын, Горькийдің «Анасын», Макаренконың «Ұстаздық дастанын», Лопе де Вега, Лу Син секілді шетел драматургтерінің еңбектерін жиырма бес-ақ жасында Құрекең өз ана тілінде майын тамыза сөйлеткен. Айта берсе таусылмайтын тізім. Саясат пен театр әлемінің аударуға қиын тиетін атау сөздерін (термин) әр оқушыға түсінікті етіп жеткізу, қай аудармашының да тұғырын биіктетпей ме?
Осы еңбектерін білетін Мұқаң (Әуезов) бірде Құрекеңді көргенде «сенің бірден қалың орманның арасына қарай түсіп кеткенің қалай? Сен көркем аударманың да тамаша білгірі едің ғой?» деп, қаралай қатты таңғалыпты.
1942 жылдың қараша айы болса керек, «Сәлем Сізге, Мұхтар аға» деп бастапты Құрекең хатын. Майдан даласына Алматыдан делегация келгендігін, қазақ тілінде көптеген кітаптар әкелгендігін тілге тиек ете отырып, соның ішінде Құрекеңнің өзі бірінші редакторы болған «Абай жолы» романы бар екендігін айтып, қуанышын білдіреді. Бірден майданның алғы шебінде жүрген жауынгерлерге жеткізілгендігін айтады. Жанын пида етіп жүрген жауынгерлерге аспаннан нұр жауғандай, алыстағы туған елден ұлы бір рух, тың күш келіп жеткендей-ақ сезініп, қазақ жігіттері соншама шаттана қуаныпты дейді. Кешкілік атыс-шабыстан қолдары босап, бір сәт тыныштық орнаған кезде, шамның сығыраңқы жарығына топтасып отырып, орталарында біреуіне «Абай жолын» дауыстап оқытып қойып, өздері рахаттана қызыға тыңдайды екен.
Бірде, тіпті, Құрманбек тәтем қолдан-қолға өтіп, ақжемденіп қалған бір данасын тауып алып, бетін ашып қараса, кітап беттерінің шет жиектері толған жазу екен. Жауынгерлер бұл кітапты рахаттана оқығандарын, жазушы талантына бас игендерін білдіріп, аты-жөндерін, келген жерлерін, жазып қоятын болыпты.
«Өте жақсы кітап, сіздің атыңыз қастерлі ғой, Абай!
Тамаша жазылыпты, маған қатты ұнады.
Осы кітапты оқып шығып, мен бүгін «үш бірдей фашисті жер жастандырдым. Снайпер Қанатбаев.
Мен бұл кітапты жаудың тылында жүріп оқып шықтым. Бүгін фашистермен қанқұйлы ұрыста болып, он шақтысын өлтіріп, үшеуін пленге түсірдім…»
1942 жылдың 24 қазаны деген жан толқытарлық жолдары бар кітапты, сол ақжемденген, жауынгерлерге рух берген кітапты Құр-ағам өзімен бірге елге алып келген ғой. Құрбан болған асыл азаматтардың көзіндей сол аталмыш кітап қазір Шақпақата ауылындағы Құрманбек Сағындықов мектебінің музейінде сақтаулы.
Кезінде орталықтың солақай саясатының салдарынан шаруашылық салалары сан түрлі – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары «Өлке» атауымен біріктірілді. Құрекең сол жылдары 1962-1964 жылдары Шымкент қаласында «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» атты қазақша-орысша басылымның Бас редакторы болып Алматыдан ауыстырылады. Ал 1965 жылы «Өлке» атауы жойылып, астанаға қайта оралған соң, бұрын қызмет жасап кеткен жорналы «Қазақстан коммунисі», қазіргі атауы «Ақиқат» журналына екінші рет тағайындалады. Бұл басылымды зейнеткерлікке шыққанша табаны күректей 22 жыл басқарған. Құрекең қай қызметте болса да қарауындағы талантты жігіттердің маңдайларын жарқыратып, шығармашылық биіктерге өрлей беруге жетелеп отырған.
«Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, Қазақстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкері марапаттары – өмір жолының айғағы. Бұл кезең достықтары үзілмеген екі атақты қазақ зиялысының соғыстан кейінгі қырық жыл бойына ел арасына ізгіліктің нұрын сеуіп, отансүйгіштік рухтағы тәрбие берумен жалғастық тапқаны елге мәлім.

Ұлжан ПАРМАШҚЫЗЫ,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы,
Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты,
Телерадио байқауының
«Алтын Жұлдыз» иегері.

Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support