- Advertisement -

Күллі әлем көркемдікпен жаратылған

33

- Advertisement -

Күләш АХМЕТОВА, ақын, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты.

АРЫСҚА НАЗАР АУҒАН КҮН

Cұлу таң еді. Желегін жел өпкен еді.
Құлпырса гүлдер, Күн нұры себепкер еді.
…Бұрқ етті түтін.
Зырқ етіп, жүрек шошынды.
Өзгеріп кетті өңірдің кенеттен өңі.

Не болды?! Жұртқа жауап пен
дерек – керегі.
Жазым мен жазмыш не деген өр,
өктем еді?!
Біреуі жылап, біреуі демеп келеді…
Шыдаңдар сәл-пәл, бауырлар,
көмек келеді.
Сендерге көмек келеді.

Шаршағандарды Тараз да
қабылдаған-ды.
Мешітке келіп, жөн көрді дамылдағанды.
Қуанышы мен өкініші қатар
әлемде мынау
Бола гөр, Алла, халқымның
жағында мәңгі!

Құлынның даусы – адасқан – құлаққа жетті.
Шұбырған халық бұзбады бірақ та әдепті.
Арыста болған қайғыда Қазақстанның
Бірлігі менен сабыры сынақтан өтті.

КӘМИЛА

Қалдырып дүрбелеңді қала жақты,
Бетке алып бейбіт қырды, дала жақты,
Қарамай мал-мүлкіне, арыстықтар
Асығыс бас сауғалап бара жатты.

Қаладан ұзап шығып бара жатты.
Көзді мұң, көңілдерді нала жапты.
Жарылыс жан ұшырған жас-кәрінің
Ішінде бір әйел бар жаны азапты.

Толғағы түніменен талықсытқан.
Ағарып атқан еді жарықтық таң.
Қираған емханадан акушер қыз
Қиналған келіншекті алып шыққан.

Мезгілі межелеген бүгін еді.
Ілбиді, иіледі, бүгіледі.
Бітпейді шақырымдар, шарасыз жан
Шырқырап шыбын жаннан түңіледі.

Жүргізбей аяғының ұйығаны,
Қара тер қара көзге құйылады.
Тағдыры – қос өмірдің қылға ілініп,
Жалынып Жаратқанға сыйынады.
Уақыт өтіп жатыр көп бағалы.
Тезірек жеңілдеудің жоқ па амалы?!
…Құдайдың құдіреті-ау,
Бір көліктің
Жәйлап кеп дәл жанына тоқтағаны.

Иманды, қайырымды шопыр еді.
Көлікте екі-үш әйел отыр еді –
Абайлап жас ананы отырғызып,
«Шыдашы, шыдашы» деп өтінеді.

Біраз жол әупіріммен игерілді.
Жарылқап, жоғарыдан сый берілді.
Жандарын шүберекке түйгендердің
Бағына алыстан бір үй көрінді.

Жас ана тауып бойдан тыс намысты,
Толғақтың дүлейімен күшті алысты…
Бір кезде сүйіншілеп, самал есті,
Қуанып, шыр-шыр етіп құстар ұшты.

Тырбанған тіршілікті жалға, Құдай!
Болмаған бұрын-соңды, маңда бұлай.
Азапты ана, бала жеңді екеулеп,
Жарығы таусылмаған жандарым-ай!

Күткен жұрт оңалғанын байқады істің.
Құт болды шаңырағы бейтаныстың.
Жабылып жақсы қызға жақсы ат қойды,
Жансын деп бақ жұлдызы
қайта Арыстың.

Сол бір күн болады ертең, әрине, аңыз,
Ақжолтай туған еді сәби нағыз.
Өмірдің ұлылығын дәлелдеген
Арыстың қаһарманы – Кәмила қыз!

СЫН САҒАТТА

Кең далам, айналайын жан далам-ай!
Жағдайың болар екен әлде қалай?
Сырттан сақ, іштен ықтият бола алмасақ,
Көбіңнің аз болуы әбден оңай.
Түнімен ұйықтамадым Арысты ойлап.
Келетін келешекті, алысты ойлап.
Қиындық келген кезде жұмылатын
Қазаққа тән қасиет – намыс қой нақ!

Келеді тұтастанып мәңгі жаһан.
Арман мен қиялымды алға ұзатам.
Қай мезет, қай шепте де қамқор, пана –
Біз үшін Қазақстан – жалғыз Отан.

Сырласар керек екен кеңес бізге.
Кеңессек, кім кінәлі демеспіз де.
Отанның мүддесі үшін бәріміз де
Жауапты, жанашыр да емеспіз бе?

Бауырлар бақыт тапсын аппақ таңнан.
Санамда сан тарихи сәтті ақтарғам.
Қазақтың ынтымағы, даналығы
Даланы нәубеттерден сақтап қалған.

Болады қиындықтар ұмыт демде.
Сыйлық бар салт-дәстүрлі, ғұрыпты елге.
«Бір айда кент қалпына келеді» деп,
Нұр жаусын серт беріскен жігіттерге!

Шаттыққа бөленеді шаһар әлі.
Тұрғындар құрметпенен аталады.
Әзірше көш-керуен шеру тартып,
Жолдардың бәрі Арысқа апарады.

Ұқсаттық жарылысты зілзалаға.
Жас ұрпақ сын сағаттан үлгі ала ма?
Халықтың махаббатымен, бірлігімен
Бұл қала айналады гүл қалаға!

АЯЛА

Жеріңді сақтай білсең, кемеңгерсің.
Еліңнің мықтылығын әлем көрсін.
Оң ниет, ойлы әрекет біте қайнап,
Бақытты, берекелі заман келсін!
Жарқырап жұлдыз біткен аспандағы,
Жазылар дәуірлердің дастандары.
Жер – сұлу, ауа – таза, орман – аман…
Әуелде тіршіліктің басталғаны.

Базарды бүгінде адам қабылдайды.
Білмейді нені неден дайындайды.
Қазақтың ас-ауқаты, үй, бұйымы
Болатын әрі таза, әрі ыңғайлы.

Мекенді ұлан-ғайыр тегіс барлап,
Көшетін көркем жерге, қоныс таңдап.
Мыңғырған мал өсірген дархан халық
Іздейтін құнарлы өңір өріске арнап.
Кезі жоқ рухының аласарған.
Керемет керек кезде қала салған.
Меймандос, ізгі, жомарт пейіліне
Осынша кең даланы бере салған.
Жырлауға жақсылықты жалықпаспын.
Адамзат абайласын, анық бассын –
Алланың нығметтерін аялайтын
Әдет пен мәдениет қалыптассын.

Адамның біткенінше күш, ғұмыры,
Сөнбейді үміті мен ішкі нұры.
Тәртіп һәм терең білім, адал еңбек –
Қоғамның қай кезде де үш тұғыры.

Сүйе алсаң табиғатты, қорғамақсың.
Қорықпай бассын оны қолғанат шын.
Шөлмектің сынықтары тіліп түспей,
Шөпшектің табанына шөңге батсын.

Жаратқан берер әлі бақ халқыма.
Аршылып тозаң бітеп жатқан тұма,
Жойылған жан-жануар түгелденіп,
Дүние қайта оралсын пәк қалпына!

Бұлбұл құс құйтақандай
әйбат жыршым
Әр таңда ауламызға сайрап кірсін.
Жемісін өз жерінің алсын жұртым,
Әр үйдің бау-бақшасы жайнап тұрсын!

Бекіре еркін жүзсін Жайығында.
Шырайлы, шүйгін болсын жайылым да.
Ертеңі ұрпағымның не болар деп,
Адамдар түспесе екен уайымға.

Күте алмай Жер-ананы ұлағатпен,
У шашып, мұнай төктік қиянатпен.
Аяусыз айналасын ластаудың
Тиеді адамзатқа зияны, әттең!

Аққулар айдынынан үркіп ұшты.
Алапат күйге түсті толқын үсті.
Әртүрлі себептерден болатұғын
Атылыс, жарылыстар қорқынышты.

Даланың түні нұрлы, таңы арайлы.
Өлкеміз тал, қайыңды, қарағайлы.
Қоршаған ортаны біз аяласақ,
Біздерді табиғат та аялайды!

Ақ гүлдер, қызыл гүлдер… дала тұнған,
Ауаға хош иісі таратылған.
Адамдар сұлу өмір сүру үшін
Күллі әлем көркемдікпен жаратылған!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support