- Advertisement -

«Ақ келіннің» үлгісі

57

- Advertisement -

Әнебір жылдары бұл да әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардың бірі-тұғын. Нарыққа өтпелі кезеңде күнкөріс қамын күйттеп, ауылдан қалаға көшіп келген. Шаһарға көшіп келгендерінде алдарынан шығып қарсы алып, жағдайларына қараса қойған нағашылары да жоқ. Айтпақшы, бұл отбасында да шиеттей бала-шаға – төрт ұл-қыз бар болатын. Көпбалалы ана осы жағдайын айтып, шағынып, билік алдына бір бармапты.

* * *

Абырой болғанда, бұл отбасының ауылда еңбектеніп, тірнектеп жиған ақшалары қала орталығынан үш бөлмелі пәтер үй алуларына жеткен. Бәрі де осыдан басталыпты. Ұлпан үшін пәтер үй тым арзанға-ақ түскен. Өйтетіні оның жылуға, жарыққа төлемақы қарызы біраздан бері төленбепті. Жылу мекемесінде, құқық қорғау органдарында қосымша қызмет етуінің, тіпті бір дөй бастықтың өзінің қазақша тілін сындыруының пайдасы тиіп, бірқатар басшылар қордаланып қалған коммуналдық қызмет ақысын түгел жауып та беріпті. Осылай баспаналы да болған екен.
Алайда оны алда ауыр сынақтар күтіп тұр еді. «Екінші жартысы» жарытып жұмыс істемей, бертінде біржола ішкілікке салынып, мұғалімдік мамандығы бар отанасы отбасын жалғыз өзі өрге сүйреуге тәуекел етіпті. Бір ғана мұғалімдік жұмысымен шектеліп қалмай, жаз шықса-ақ үлгерімі нашар оқушыларды ҰБТ-ға дайындауға репетиторлық еткен. Оған бала-шағасының ғана емес, көк тиын табыс таппайтын күйеуінің де күні қарап қалған еді. Сол тұста кейіпкеріміздің үш бірдей мекемеде жұмыс істеуіне тура келіпті…
Ұлпанның сол еңбегі ақталып, бүгінде облыс орталығындағы элиталы мектептің бірінде ұстаздық етіп жүр. Айлық жалақысы жаман емес. Бірнеше авторлық бағдарламаның авторы. Күйеуінің жанына жалау болудың орнына алтын сырға, сақиналарын сатып жібергені, сірә естен кетер ме? Төлқұжатын «кепілдікке» қойып алған арағының қарызын жабамын деп, біраз жыл онымен жауша жағаласқанын біреу білер, біреу білмес. Өзін талай үйден қуып жіберіп, далада түнеуге мәжбүр еткені ше… Құрбыларының «Мұндай күйеудің барынан жоғы жақсы… ажыраспайсың ба?» дегеніне де құлақ аспапты. Жолдасының бұл әрекеті Ұлпанның сағын сындыра алмаған. Оны тек әкелерінің бойында бар әнебір зиянды әдет ұлдарына жұғысты болып кете ме деген ой үрейлендірген екен. Олай болмай, үш ұлы да дін жолына түсіп, бүгінде Астанада, Алматыда және Таразда түрлі қызметтер атқаруда. Мұғалім болып жүріп-ақ, барды ұқсатып, жоқты жасап, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Ұлпан ұстаз бүгінде ағайынға сыйлы келінге, ақылшы анаға айналып отыр.
«Ақ көңілдің аты арымайды, тоны тозбайды» деген сөздің тегінде жаны жоқ емес-ау. Оның қайда да жолы болумен келе жатқан сыңайлы. Ылғи да жақсы адамдарға кездессе, өзі де жақсы болса, оған таңданудың еш жөні жоқ. Қазекеңнің ауылда, қалада тұратыны болсын Тараз қаласының орталығынан ескі үй (олардың бәрі де қайта салуды қажет етеді) сатып алу үшін қалталарынан 70-80 мыңдай «көк қағаз» шығаруға мәжбүр болып жатса, ол үшін мұндай үй сутегінге (бар-жоғы 17 мың долларға) түсіпті! Оған жоғарыда біз айтқан пәтерінің ақшасына бір-екі миллион теңге қосуы жеткілікті болған да шыққан. Сатуға мәжбүр болған жеңіл көліктерінің орны да ойсырамапты – есіктері алдында шетелдік көлік қаңтарулы тұр бүгінде. Ал бұл үй ішіндегілердің – ұстаздың өзінің, баласы мен келінінің күнбе-күн жұмыстарына қатынауы, басқа да қажеттілік үшін қажет-ақ қой.
Қазіргі уақытта жоғары білімді маман ретінде дінтану, құқықтану, темір жол салаларында қызмет ететін кешегі көкөрім ұлдары өздерінің ұшқан ұялары – қарашаңырақтарын қарқарадай етіп кеңейтіп, қайта салуға жұмыла кіріскен сыңайлы. Ұмытып барады екенбіз-ау, Ұлпан ұстазға ұлдары үш жақтап, жолдама алып беріп, жуырда Меккеге ұмыра қажылыққа барып келуіне мүмкіндік жасапты. Кешегі қорғансыз, көмекке мұқтаж отбасының кемелденіп, әлеуетті әулетке айнала бастауы ғой бұл!
Әлгі «арзанға» түскен үйдің жерінің жалпы аумағы он сотықтан асады екен. Ескілеу демесеңіз, үлкен үйдің етек-жеңі де кең, мол. Әлі бірер жыл тұруға болады. Алайда үлгілі де тәрбиелі әулеттің көзі ашық өрен-жараны заманауи үрдістен шеттеп қалсын ба? Олар да алаштың ардагер ақыны Сәбит Дөнентаевтың «Бұл заман байқағанға күштінікі, азулы, тырнақты һәм тістінікі. Дүниенің патшалығы, батырлығы – тыпырлап тыныш жатпаған істінікі» дегенін жақсы ұғынған сыңайлы. Ұғынғаны сол – үй ауласын биік дуалмен қоршап, әдемі де берік темір дарбаза орнатып үлгеріпті. Енді жаңадан салынатын үлкен үйдің белуардан келетін іргетасы қалану үстінде. Аулада өсірілетін шыршалар мен алуан гүлдер көз жауын алады, тіпті. Табан жолдарға түгел өрнектастар төселініп тасталыпты. Елімізде кім-кімнің де зәулім үй салып, бақуатты тірлік кешуіне мүмкіндігі барының бір дәлелі осы емес пе? Тек отбасылық құндылықтар – татулық, бауырмалдық, ауызбіршілік, сыйластық, еңбекқорлық болса, жеткілікті.
Бір ғажабы, осы істің бәріне де Ұлпан ұстаздың күйеуі бас-көз болып жүр деп естиміз. Оның да қолының ебі бар екен. Үйдің қабырғасы қаланып, үсті шатырланып біткен соң, күллі сылақ ісін өзім жүргіземін деп алақанын ысқылап отырған көрінеді. Дәл қазір… оның бағзы кездегідей «дүкен» жағалауға уақыты да, ниеті де жоқ деседі білетіндер. Есіл-дерті үй тірлігіне ауған. Іргетас қаланып бітсе, өзгесі қиын емес. Ауылдағы үйлерін бұзып, кірпішін, ағашын, шатырын әкеліп пайдаланбақ. Бірді екі ету дегеніңіздің өзі осы ғой. Осындайда Абай хәкімнің «Адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп айтатыны ойға орала кетеді. Уытқұмарлықтың да емі бар, ол – еңбек екен-ау! Бәрінен де осынау ұстаз келіншекке жарының барлық «еркелігін» көтеріп, көніп, қадіріне жете алғаны, «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» екенін ұғынғаны үшін алғыс айту керек шығар. Қоғамымызда онсыз да «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар» аз емес қой!
Айтпақшы, Ұлпанды ағайыны, ауыл-аймағы «ақ келін» деп атайды. Ақ келіннің үлгісі бүгінде талайды тәнті етуде. Үш құдасы да қандай да бір істі бастамас бұрын онымен ақылдасып алуды ұмытпайды. Расында да, ұстаз – кішіге де, үлкенге де ұстаз. Жас ұрпаққа күндіз-түні жалықпай тәлімгерлік етіп, тамаша тағылым-тәрбие беруімен, жеке үлгісімен, сөзімен де, ісімен де! Енді бірер жылда бұл әулет дүмбірлеген дәу үйге кіріп, дүрілдетіп қоныстойын жасап жатса, оған еш таңданбаңыз. Ол күн де алыс емес.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support