- Advertisement -

Қазақстанды өркениетті елдер қатарына қосқан қайраткер

106

- Advertisement -

Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір бар. Бұл – заңды құбылыс. Дегенмен әркім өз ой-тұжырымын бекемдеп, өзіндік көзқарасын танытуы керек. Елімнің тағдыры – менің де тағдырым деп білетін патриот ретінде мен жан-жағымдағы болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмаймын. Үн қосып, ойымды айтып, көзқарасымды білдіру – азаматтық парызым деп білемін.

Бәрі өткінші. Жақсылық та, жамандық та ұмытылады. Бірақ көрген қиындығыңның көңіл сарайыңда бір белгісі қалады. Сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезең ел-жұрт үшін сондай шақтың бірі еді. Ел экономикасының нарықтық қатынастарға көшуі, жаппай жұмыссыздық тұрғындардың тұрмыс ахуалын тұралатып, ел еңсесін көтертпей тастағаны есімізде. Сол кездегі сүреңсіз көріністер әлі күнге көз алдымызда. Көпшілігіміз жоқшылық пен тапшылықтан сенделіп, тіршілігі тоқтап қалып, үдере көшкен ауыл жұртынан қалмай, қалаға қарай ағылдық. Әлдекімдердің шамасы мегаполистерге қоныс аударуға жетті. Кейбірі облыс орталықтарына орналасты. Адымы қысқалар елсіз, егесіз шағын қалашықтарды паналап, оны қарбаласы толы үлкен ауылға айналдырды.
Сол шақты еске түсірудің өзі ауыр. Тұрмыс тапшылығы жаныңды жегідей жейді. Тіршілік тауқыметі сананы билеген кезеңде руханият, мәдениет туралы айтудың өзі артық. Ауылдарда балабақшалар тегіс жабылып қалған. Тіпті кітапхана, Мәдениет үйлерінің есіктеріне қай кезде дәу қара құлып салынғаны тұрғындардың есінде де жоқ. Міне, сонда да емізулі бөбегімді көтеріп жүріп жұмыстан қол үзбедім. Айлап, жылдап жалақы алмағаннан күдер үзіп, мектепті тастап, «беттің арын белге түйген» кейбір мұғалім құрбыларыма ұқсап қап арқалап, Қаратау мен Ақмола, Новосібір аралап кетпесем де, нарықтық экономика мені де өз ырқына көндірген. Дегенмен мен қашанда еліміздің болашағы жарқын боларына кәміл сеніп, үмітімді үзбеген едім. Себебі көпшілікпен бірге мемлекетімізді бастап алып келе жатқан басшымызға кәміл сендім! Ол көшбасшымыз – халықтың қалауымен билік басына келген Нұрсұлтан Назарбаев болатын.
Көпшілік саясатта дер кезінде қабылданар шешімнің жауапкершілігі ауыр болатынын біле бермеуі мүмкін. Батыл қадам жасамаса, ел мүддесі ұтылады. Ал кей сәттерде асығыстық та жарға жығуы мүмкін. Тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылдығы сондай қауіп-қатері мол кезең еді. Ел іргесі беки түсу үшін сан ойланып, сан толғану қажет болды. Сонымен қатар көшбасшы ретінде қатты айтып, бірде жұмсартып, бірде арқадан қағып, бірде қамшылап отыру керек еді. Міне, осылайша Елбасы халқын экономикалық тығырықтан аман-есен алып шығып, енді ғана аяғына тұрған сәбидей әлжуаз жас мемлекетін ыдырау мен құлдыраудан сақтап қалды. Ұлт Көшбасшысының осы өлшеусіз еңбегін әсте жоққа шығаруға болмайды.
Ол астаң-кестең дүниеде қазағымызға кезіккен ауыр сынақтан сүріндірмей өткізіп, жаһандық сын-қатерлер туғызып жатқан әлемдік тәртіптің тұрақсыздығынан зардап шектірмеуге мейлінше тырысып, дамудың қазақстандық жолын салып берді. Алтай мен Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр Ұлы Даламыздың шекарасын шегендеп тұрып бекітіп берген тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев. Абылай бабамыз армандаған, бес құрлыққа ұялмай көрсете алатын ғажайып шаһар салдырған кемеңгер басшы. Елімізді қырғи-қабақ соғыссыз отыз жыл басқарып, елге бейбіт заман орнатқан ер. Екі жүзге жуық түрлі этноспен ұлтымыздың арасында тұрақтылық пен татулық салтанат құруына ықпал етіп, Қазақстанды өркениетті елу елдің қатарына қосқан қайраткер.
Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын көтеріп, негізін қалаған Елбасы өз халқын ғана емес, дүниежүзін таңғалдырып, билікті берудің өзіндік үлгісін жүзеге асырды. Әлемдік қауымдастықтағы саяси беделі жоғары, Шығыс пен Батыс елдеріндегі, Ислам әлеміндегі, Түркі елдеріндегі, Орта Азиядағы, ТМД аумағындағы абырой-атағына ешкім де, ешбір алпауыт мемлекеттер де көз жұма қарай алмайтын, қазақ дейтін халықтың әлем алдындағы абыройы үшін парасат биігінен көріне білген, ұлт болашағы үшін ұлы қадам, үлкен ерлік, салмақты шешім жасаған Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі мемлекетіміздің тарихында сөзсіз алтын әріппен жазылады.
Тұңғыш Президент – Елбасы, Ұлт Көшбасшысы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі Нұрсұлтан Әбішұлы, міне, мен үшін осындай ұлы тұлға.
«Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне шын бағасын береді, бірақ жарамсақтардың мақтауын халық қабылдамайды. Ол кісі де қабылдамас деймін. Мақтау психологиялық шегінен шыққанда мадақтаған тұлғаға да жағымсыз пікір тудырады, мақтатып отыр дегендей ой қалдырады, айналып келгенде беделіне де көлеңке түсіреді. Осыдан «табынусыз мәдениет болмайды, ал мәдениетсіз табыну – қауіп» деген сөз шыққан. Қазіргі жастар ақпараттық заманның жастары, өзімізді өзгемен салыстырып бағалайды, арзан сөздерге алданбайды. Тарихи тұлғаның беделін бағалау мен оған табынудың арасын айыра білудің саяси мәдениеті бізге жетпей жатыр», – деді бірде мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыз.
Жөн-ақ. Сондай-ақ менің өз басым жол көрсетер үлкенді әкеңдей сыйлау, ағаңдай құрметтеу, оның дұрыс бағытын қолдап, бастаған игі істерін аяқсыз қалдырмай, соңына дейін жеткізу үшін жалғастыру – жағымпаздық не жеке басқа табынушылық емес, инабаттылық пен имандылыққа негізделген қазағымыздың ұлттық құндылығы, адами атрибуты деп білемін. Ендеше Елбасының еліміз үшін еткен еңбегі құрметтеуге тұрарлық. «Адамдар біздің жақсылығымызды ұмытады, бірақ істеген қателіктерімізді есінде мәңгі сақтайды» деген пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) сөзін жадымызда ұстасақ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осынау бейбіт күннің қадірін түсінерміз.
Жүсіп Баласағұн айтқандай, «Негізі ең күшті адамдар – сабырлы, салмақты адамдар. Сіз туралы жаман ойлайтындар – сізден әлсіз адамдар. Мықты адамдар сіз жайлы ойлауға уақыттары да жоқ» екеніне көзіміз жетер еді.
Қалай десек те, тәуелсіздік ұғымының тәтті дәмін сездірген Елбасының еңбегі ерен, орны бөлек!

Үміт БИТЕНОВА,ақын.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support