- Advertisement -

Алаштың арысы еді

276

- Advertisement -

1917 жылы шілдеде Орынборда бірінші жалпықазақ съезі өтеді. Онда қазақ автономиясы жер, су, дін, әйел, қазақ партиясын құру мәселелері қаралады. Осы съезге Әулиеатадан Ә.Кенесарин, ал Сырдария облысынан барлығы 15 делегат қатысады. Ол кезде Әзімхан Кенесарин Әулиеата уездік басқармасында кеңсе меңгерушісі болған. Басқармада жаңа ғана мектеп бітірген жас жігіт Мұстафа Бұралқиев хатшы болып еңбек ететін. Мұстафа Әулиеата маңында туып-өскен, атақты болыс Бұралқының отбасында дүниеге келген. Атасы Сұлтанбек 30 жылдай, ал әкесі Бұралқы 20 жылдай болыс болған, көзі ашық, оқыған, елге сыйлы кісі екен. 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойына қатысып, шен-шекпен алған.

Мұстафа 10 жасқа толғанда Әулиеата қаласындағы 4 жылдық орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Алғыр жас орыс тілін жетік меңгеріп, білімін көтеріп, өзінің тиянақтылығымен көзге түсіп, мектеп директорының ұсынысымен уездік басқармада алғашқыда тілмаш, кейін хатшы болып еңбек етеді. Елгезек жас жігітті Әзімхан Кенесарин өзінің қамқорлығына алып, қазақ тілінде шығатын газет-журналдардағы мақалалармен таныстырып, саясатпен айналысуына ықпал етеді.
Бірінші жалпықазақтық съезден келген соң Әзімхан Әулиеатадағы өзіне тілектес адамдарды шақырып, съезд туралы, онда қаралған мәселелер мен шешімдер жайында әңгімелеп береді. Бұл басқосуларға Иманбет Сарымсақов, Алманберді Ержігітов, Мәуленқұл Байзақов, Рахым Әділов, Сарқұл Алдабергенов және басқалары қатысады. Осы басқосудан соң жігіттер ауылдарға шығып, халықпен кездесіп, Алашорда автономиясының құрылатынын, қазақтардың «Алаш» атты саяси партиясы болатынын жеткізеді.
Көп ұзамай желтоқсан айында Орынборда екінші қазақ съезі өтеді. Бұл съезде қазақ автономиясы жарияланып, ұлт кеңесі құрылып, төрағалығына Әлихан Бөкейханов сайланады. Съезде әрбір облыста, уезде «Алаш милициясы құрылсын» деген қаулы қабылданады. Милиция бір жағынан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді, екінші жағынан жаңадан құрылған Алашорда өкіметін қорғайды. Екінші жалпықазақ съезін Әулиеатадан Әзімхан Кенесарин бастаған алты делегат қатысады. Съезде Алаш партиясы құрылып, Алашорда автономиясы жарияланады.
Әзімхан Кенесарин мен басқа делегаттар съезден қайтқан соң Әулиеатада 27 желтоқсан күні Әулиеата қазақтарының съезін өткізеді. Съезге Мойынқұм, Шу, Меркі, Құлан, Талас, Сарысу, Жуалы жерінен 270 бақуатты адам қатысады. Ондағы бірінші мәселе – Алаш өкіметін тану. Екінші мәселе – Әулиеата және Бішкек уездерінде ашаршылыққа ұшыраған халықты аман сақтау үшін орталық Қазақстаннан бидай әкелу үшін 200 ат-арба, оларды қорғайтын қарулы жігіттер болғанын дұрыс деп шешіп, бұл жұмыстарды Мұстафа Бұралқиевқа тапсырады. Ауылдағы бақуатты адамдар ат-арба, қарулы жігіттерді дайындап тез арада бидай жеткізу қажеттігі айтылды. Үшінші мәселе – барлық болыстықтарда халық милициясын құру үшін жарамды жігіттерді дайындап, оларды ат-тұрманмен, қару-жарақпен, киім-кешекпен, жемшөппен қамтамасыз ету ауыл байларына тапсырылады. Қорағаты болысының байы Қырғызбай Қайшыбекұлы уездік комитетке 250 ат береді. Әулиеата қазақтарының съезінде Алашорда өкіметінің Әулиеата уездік комитеті құрылады. Оған 11 адам мүше болады. Төрағасы – Ә.Кенесарин, орынбасарлары – М.Бұралқиев, Е.Ақынбеков, мүшелері А.Әділов, Сарымсақов, Б.Иманбаев, дін уәкілі – Арыстанбек Алтынұлы.
Мұстафа уездік комитеттің жұмысын ұйымдастырумен қатар, әрбір болыстықтарда Алашорда комитетін құру, ашаршылыққа қарсы іс-қимыл, милиция жұмысын ұйымдастыру сияқты барлық тапсырылған жұмыстарды тиянақты орындап, елдің құрметіне бөленеді. Шаршауды білмейтін жас жігіт күндіз-түні еңбек етіп, уездік комитеттің беделін көтеруге көп күш салады.
1918 жылдың желтоқсан айында революциялық комитет Әулиеата уездік Алашорда комитетін таратқан соң, Мұстафа Ташкентке барып білімін көтеру үшін Азиялық университетке оқуға түседі және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. 1920 жылы Қазақ Советтік Социалистік Автономиялық Республикасы құрылған соң, Қазақстанның оңтүстік өңірінде шекараны белгілеу комиссиясының мүшесі болып сайланады да, қазіргі Түркістан, Жамбыл облыстарының Өзбекстанмен, Қырғызбен шекараларын белгілеуге қатысады. Оқуын бітірген соң Ташкентте ашылған бүгінгі Абай атындағы педагогикалық университетте мұғалім және оқу бөлімінің басшысы болады.
Осында жүргенде 1930 жылы ұсталып, 1932 жылы Воронежге жер аударылады. Орыс жеріндегі колхозда агроном болып еңбек етеді және Қошке Кемеңгерұлымен бірігіп осында жер аударылып келген қазақтар үшін қазақша-орысша сөздік жасайды. Ташкентте жүргенде Міржақып Дулатовтың ағасы Асқардың Ботагөз деген қызына үйленеді. Осы әйелі Воронежге іздеп келеді, бірақ бірге тұруға рұқсат бермеген соң, ағайындарына – Торғайға кетеді.
Мұстафаның бір ұлы, бір қызы болған. Тек ертеректе түсініксіз жағдайда қайтыс болады. Воронежде айдауда жүргенде алаштың айтулы тұлғалары – Ахмет Тунгашин, Мұхтар Мұрзин, Жанша және Халел Досмұхамедов, Сейдуазым Қадірбаев, Қошке Кемеңгерұлы, Кәрім Тоқтыбайұлымен бірге болды. Денсаулығы нашарлап, өлетін халге жеткен соң Мұстафаны өкімет елге қайтарады.
Әулиеатаға келіп, ағайындардың көмегімен денсаулығы түзеліп, жұмысқа жараған соң Свердлов ауданындағы «Қызыл жұлдыз» колхозына агроном болып жұмысқа орналасады. «Қызыл жұлдыз» колхозының қызылшадан мол өнім алуына аянбай еңбек етеді. Соның арқасында екі звено жетекшісі және колхоз бастығы Нұрбаев Еңбек Ері атағына ие болады. Мұстафа да медальмен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Осы қызметте жүріп 1961 жылы зейнетке шыққанша тағы да екі-үш жыл жұмыс істейді. Колхозда еңбек етіп жүргенде Разия атты келіншекке үйленеді. Зейнетке шыққан соң қазіргі Тараз қаласында тұрып жатады. Осы жылдары «Қазақ сөздігіне түсіндірме» деген еңбек жазады. 1973 жылы Жамбыл қаласында қайтыс болған соң, ағайыны, жазушы Әбен Сатыбалдиев келіп, жер қойнына береді. Мұстафадан ұл-қыз қалмағанмен, ағайын-туыстары бар. Мұстафаны еске алып, еңбектерін жариялап жүрген бір туысы Ерлан Сатыбалдиев Алматыда тұрады.
Алаш ардақтысы Мұстафа Бұралқиевтың есімі еш жерде айтылмайды. Тек саяси қуғын-сүргін күндері еске алатынымыз болмаса, атында не көше, не тұрған үйінде белгі жоқ. Осы өкінішті-ақ.

Москау НОҚРАБЕКОВ.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support