- Advertisement -

Департамент музейіндегі қызығушылық туғызған жәдігерлер

86

- Advertisement -

Заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттау арқылы үлгі-өнеге беруде музейдің алар орны ерекше. Оның өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпалы зор. Осындай тағылымдық мүддені көздеген облыстық полиция департаментінің музейі 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 330 шаршы метр аумақты алып жатқан орталығымызда экспозициялық және кинозал жұмыс істейді. Онда өңірлік полицияның тарихи қалыптасуы және кәсіби қызметінен сыр шертетін 1000-нан астам экспонат қойылған. Олардың арасында мұрағат құжаттары, фото және бейнематериалдар, материалдық және рухани мәдениеттің жәдігерлері – кітаптар, кәдесыйлар, макеттер, муляждар, өнер туындылары, қару-жарақ, раритеттік автотехника тәрізді құнды заттар бар.
Экспозициялық залда «Керей және Жәнібек хандар – Қазақ хандығының негізін қалаушылар», «Қазақ хандығының батырлары», «Мемлекеттік Рәміздер мен Қазақстан Республикасының Конституциясы», «Жамбыл облысының ІІО генералдары», «Кеңес Одағының Батырлары, ҰОС және кеңес милициясының ардагерлері – Александр Петров пен Бауыржан Момышұлы» сияқты бірқатар стенділер мен витраждар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырады.
Қоғам сақшыларының қауіп-қатерге толы өміріне, олардың пайдаланған құрал-жабдықтарына қызығушылық танытқан тұрғындар үшін аталмыш музейде Ашық есік күні өтті. Бұл күні «Бүркіт» студенттік жасағының мүшелері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары да «экспонаттар орталығының» қонақтары болды. Оларға арнап Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы қысқаметражды бейнефильм көрсетілді. Қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза тапқан жергілікті ішкі істер органдарының барлық қызметкерлерін еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Музейдің барлық экспонаттары ішінен келген қонақтар учаскелік милиционерлер мен мемлекеттік көлік инспекциясының қызметкерлері жолсыз және таулы өлкелерді шарлап жүріп қылмыскерлерді ұстаған раритеттік коллекциядағы үсті ашық, 1952 жылы шыққан «ГАЗ-69» автокөлігі мен 1940 жылғы үлгідегі «Урал» мотоцикліне, экономикалық қылмыстарды ашу үшін қолданылған калькуляторды алмастырған механикалық есеп машинасына, оқиға орнына шыққан криминалистердің кассеталық қол кинокамерасына және фотоқаруына және 1944 жылы шыққан олжаға немістерден алынған жазу машинасына, тағы да басқа заттарға ерекше назар аударды. Сондай-ақ музыкалық құнды зат Ұлы Отан соғысының және Жамбыл милициясының ардагері Петр Вербицкийге 1950 жылы бірнеше ауыр қылмыстарды ашқаны үшін бағалы сыйлық ретінде берілген, 60 жылдан астам тарихы бар ескі патефон келушілердің қызығушылығын тудырды.
Кеңес дәуірінің түрлі қару түрлері, қызметтік рациялар, микроскоптар және механикалық фотоаппараттарды көрген жастар көптеген сұрақтар қойды. Полиция бөліністерінің жекелеген макеттері – арнайы мақсаттағы жасақ пен жедел топ қызметкерлерінің жабдықтары да ерекше таңданыс тудырды.
Музей ашылғаннан бері мұнда 5 000-нан астам адам келді, оның жартысынан астамы – жас буын өкілдері.
Полиция департаментінің музейін осылайша көпшілікке танымал ету және жаңа экспонаттармен толықтыру ісі әлі де жалғаса беретін болады.

Гүлчехра ЗИЯУТДИНОВА,
облыстық полиция департаменті музейінің жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support