Зүлфия Ғабидуллина – Әлем кубогінің жеңімпазы!

Германияның Берлин қаласында паралимпиадалық жүзушілер арасында әлем кубогі мәреге жетті. Оған әлемнің 65 елінен 521 спортшы қатысып, түрлі қашықтықта бақтарын сынады. Әлем кубогіне еліміздің Ұлттық құрамасы сапында 15 спортшы қатысса, оның екеуі жамбылдық жерлестеріміз.
Атап айтқанда, барша қазақстандықтардың мақтанышы Зүлфия Ғабидуллина бұл жолы да нағыз бабында екенін көрсетті. Ол 200, 100, 50 метрлерге еркін жүзу, 50 метрлік қашықтыққа арқамен жүзу, эстафеталық қашықтықта еркін жүзу, аралас эстафеталық қашықтықтарға жүзу бойынша өнер көрсетіп, 2 алтын, 6 күміс, 2 қола медальды жеңіп алды. Тараздық жүзу шебері Азия рекордын жаңартты. Сонымен қатар жерлесіміз Айбек Искра 4х100 аралас эстафета бойынша сынға түсіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Жалпы жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ұлттық құрамасы 9 алтын, 18 күміс, 12 қола медальмен алғашқы орындардан көрінді. Сондай-ақ Ұлттық құраманың 12 спортшысы алдағы қыркүйек айында Англияның Лондон қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл орайда жерлесіміз, паралимпиадалық жүзуден Ұлттық құраманың бас бапкері Саттар Бейсембаевтың еңбегін айта кеткен жөн.

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/