- Advertisement -

Кешендегі кездесу

89

- Advertisement -

«Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің мұражайында Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС директоры В.Бугаев және «Қаратау» ТКӨК директоры Мұратқали Сарсеновпен кездесті. Аудан әкімінің екі іргелі кәсіпорын жетекшілерімен жүздесуі берекелі бірлік пен жарасымды тірліктің үлгісін көрсеткендей болды. Меймандар мұражайдағы жәдігерлерге зер салып, қарт Қаратаудың тағылымды тарихы туралы сөз қозғады. Ұлы Отан соғысының бастапқы ауыр кезеңдерінде, яғни 1941 жылдың қарашасында БКП(б) мен кеңес одағының ХКК Шолақтау қойнауындағы алғаш барлап-зерттелген фосфорит кеніші шикізат базасының негізінде «Қаратау» тау-химиялық комбинатын салу туралы» қаулы қабылданды. Сөйтіп еліміздің табиғат байлықтарын игеру, бұрынғы одақ үшін мәні жағынан екінші фосфорит шикізаттары базасын құру жұмыстары басталып кетті. 1946 жылдың қарашасында комбинаттың алғашқы кезеңі іске қосылды. Сол жылдың 5 желтоқсанында Шолақтау кенішінен қазып алынған алғашқы кен жиынтығы жөнелтілді. Осы кезден бастап тау-химиялық комбинаты қарқынды дамып, фосфорит кенін қазып алып, дайындау жұмыстарын ұдайы үдетумен болды. Сөйтіп, оның шикізат өндірудегі бүкілодақтық мәні арта түсті. Қаратау фосфорит алабының игерілуімен бірге жаңа қала – Жаңатас пайда болды. Кеншілер шаһары аз жылда-ақ аяғына нық тұрып, алып құрылыс алаңына айналды.
Биыл Жаңатас қаласына –50 жыл. Осы уақыт аралығында қала қалыптасу, өркендеу, құлдырау дәуірлерін бастан өткерді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау қаланы айналып өтпеді. Алайда шаһар Елбасы қамқорлығы мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында еңсесін қайта тіктеді. 1997 жылдан Сарысу ауданының орталығы болған Жаңатас жыл өткен сайын жаңара түсуде. Аудандағы іргелі өндіріс ошағы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің жұмысы алға басқан сайын әлеуметтің де әлеуеті арта түсуде. Сонымен қатар ресейлік «ЕуроХим» компаниясының инвестиция құюы да Сарысудың дамуына тың серпіліс сыйлады.

Дариха Үмбетиярова.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support