- Advertisement -

Жамбыл – ел дамуында айрықша орны бар аймақ

75

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, іс-сапарын өңіріміздегі іргелі кәсіпорын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» зауытының жұмысымен танысудан бастады. Бұл зауыт ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш шығарумен айналысып келеді. Серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров Президентке өндірістің қазіргі көрсеткіштері мен экспорт көлемін ұлғайту жөнінде есеп беріп өтті.
Мұқаш Зұлқарнайұлының айтуынша, 2016 жылы зауытқа жүргізілген қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік беріпті. Биыл зауыт 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде 24 мың тонна азот, 122 мың тонна фосфор тыңайтқышы бар. Ішкі нарықты өніммен толық қамтамасыз ете отырып, тыңайтқышты Қытай, АҚШ, БАӘ, Ресей елдеріне де экспорттаған. Бүгінгі таңда кәсіпорында 1000-нан аса адам жұмыс істесе, олардың 344-ін әйелдер құрап отыр.
Жалпы алғанда республика бойынша Жамбыл өңірі химия саласының ең дамыған аймағына жатады. Өңірде химия өнеркәсібін өркендетудің әлеуеті зор. Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайызын құрап отыр. Бүгінгі таңда аймақта заманауи химия кластерін құру бағытында жұмыстар атқарылуда. Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы жобаларды және «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары қолға алынған.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы аса қауіпті лаңкесті ұстау барысында қайтыс болған тараздық полицей, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың шаңырағына барып, батырдың жанұясымен танысты. Президент Ғазиз Байтасовтың ерен ерлігінің бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтіп, оның есімі ел жадында мәңгі сақтала беретінін жеткізді. Еліміздің құқық қорғау органында 20 жылға жуық қызмет атқарып, сын сағатта жанкештінің жолын кесіп, қаһармандықтың үлгісін көрсеткен оның Отан алдындағы ерлігі үшін Тараз қаласының бір көшесіне есімі беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылып, батырдың бейнесі бейнеленген бюсті орнатылған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаланың орталығындағы «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кешенінде болып, саябақ аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттармен танысты. Аталған орталықтағы 20 гектар алқапта шолу мұнарасы, Достық үйі мен конгресс-холлы бар мәдени орталық, «Тараз саздары» стеласы, «Мыңбұлақ» саябағы, қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттар қойылған музей нысаны орналасқан. Музейге қойылған көне заттардың бәрі қолөнер бұйымдары. Мысалға, алтын және күміс тиындар, қыш ыдыс-аяқтар, қыш құбыр жүйелері мен өзге ортағасырлық жәдігерлерді атауға болады. Бұл дүниелердің тарихи құндылығын отандық мамандар ғана емес, көрші ресейлік мамандар да жоғары бағалаған.
Бұл орталық Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ашылып, бүгінде шаһардың маңызды мәдени-тарихи орындарының бірі саналады. Себебі мұнда шаһардың өткенімен таныса аласыз. Айта кету керек, аталған орталыққа өткен жылы 145 мыңнан астам турист келіпті. Ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 16 мың саяхатшы келіп, тарихи жәдігерлермен танысқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда орталыққа таяу «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде бой көтеретін нысандардың эскиздерімен де танысты. «Шахристан» кешені аумағында алдағы уақытта көркем сурет галереясы, өлкетану музейі, көрме және руханият орталығы, арбат, қолөнер шеберханасы, амфитеатр және көлемді сағат стеласы сияқты бірнеше нысандар бой көтермек. Олардың құрылыс жұмыстары өткен айда басталып та кетіпті.
Жоспардағы нысан пайдалануға берілгенде тараздықтар үшін тамаша тарту болары анық. Онда бас сұққан адам бейнебір көне қалашықтардың біріне тап болғандай таңғажайып күй кешпек. Алда қала тұрғындары мен қала қонақтары енді ортағасырлық сәулет үлгісін көргісі келсе, Самарқанд асып, Бұқара бармай-ақ, «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне атбасын бұрса да жеткілікті болмақ. Неге десеңіз, аталмыш кешенде бой көтеретін барлық ғимараттар мен нысандардың қас беттері бірыңғай тарихи нақышта әрленбек. Бағаналардың бой көтеріп, қабырғалардың қалануы да тарихи шаһардың көне келбетін айшықтап тұруға, ортағасырлық сәулет үлгісінің болмысын сезіндіруге бағытталуда. Ол үшін салынатын жобалардың құрылысына «Самарқанд» технологиясындағы арнайы қыш кірпіштер қолданылатын болады. Бүгінде мұндай кірпіштерді өндіру еліміз бойынша алғаш рет біздің өңірде қолға алынып отыр.

* * *
Осыдан кейін Мемлекет басшысы «Arai Plaza» бизнес орталығында облыстағы зиялы қауым, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және жастармен кездесті. Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, алғашқы сөзді баяндама жасау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді.

– Ардақты ағайын!
Тараз қаласында өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл өңірге құрметім зор. Ыстық ықыластарыңызға рахмет!
Сан ғасырдың куәгері – көне Тараз бүгінде құтты мекенге айналды. Ұлттық тарихтың жауһарына айналған шаһардың мәні мен маңызын ұмытпау біз үшін парыз. Хандықтың қазығы қағылған Әулиеата өңірінде ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Шу мен Талас аймағы, шын мәнінде, бабалар ізін сақтап, ел қуатын арттыруға зор үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Сондықтан елдің жағдайымен танысып, халықтың тұрмысын өз көзіммен көру үшін Жамбыл облысына арнайы келіп отырмын.
Облыстың қазіргі тынысы қандай, халықтың көңіл-күйі қалай деген мәселелер мен үшін өте маңызды. Жалпы, өңірде бірқатар оң жұмыстар атқарылған. Соңғы жылдарда Жамбыл облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсы, айтарлықтай өсім бар. Облыстың әлеуеті мол. Оны бәріңіз білесіздер. Сондықтан әділетті және әлеуметтік мемлекет құру ісін біз одан әрі жалғастыруымыз керек. Ендігі міндет — барымызды сақтап, еңбек ету, жаңа белестерге ұмтылу. Еліміздің әрбір тұрғыны осы маңызды іске атсалысады деп сенемін.
Қадірлі қауым!
Президент ретінде халық алдында ант беріп, қызметіме кіріскен сәттен бастап өңірлерді аралап жүрмін. «Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстанның арқауы» деген ұстанымды басшылыққа алып, барлық облыс дамудың, өрлеудің жолымен жүруі тиіс. Бұл – біз үшін негізгі басымдық! Жоғарыда айтып өттім, Жамбыл облысы – экономикалық мүмкіндіктері мол өңір. Алайда біздің алдымызда түйіні тарқалмаған бірқатар мәселе тұр.
Бірінші
Өңірдің әлеуметтік дамуы және тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі. Аймақтың өнеркәсіптік және аграрлық мүмкіндіктері зор. Дегенмен аймақ республикалық бюджетке айтарлықтай тәуелді болып отыр. Облыстағы орташа жалақының мөлшері – елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі – 112 (жүз он екі) мың теңге.
1 маусымнан бастап табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өседі. Жамбыл облысының кәсіпорындары бұл бастамадан шет қалмауы тиіс. Азаматтардың табысы лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты. Қазір еңбекке жарамды әрбір үшінші тұрғын өзін-өзі қамтыған. Олардың табысы жоғары деп айту қиын.
Президент ретінде барлық деңгейдегі әкімдерге ескертемін. Сіздердің басты міндеттеріңіз – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту. Жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жоғары. Жақында өткен Ұлттық инвесторлардың кеңесінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 35-40 пайызға жеткізуді тапсырдым. Бұл мақсатты орындауға әр аймақ үлесін қосуы керек.
Жамбыл өңірі үшін маңызды мәселелер. Мемлекет «қарапайым заттар экономикасын» несиелеуге 600 миллиард теңге бөлді. Бұл Елбасының бастамасы болатын. Сондай-ақ экспортты қолдауға 500 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы экспортерлерге жеңілдіктермен несие беруге, экспорттық тасымалдарды сақтандыруға және өзге де шараларға жұмсалады.
Мен жуырда өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінде Үкімет пен әкімдерге бірқатар тапсырмалар бердім. Оның қатарында орта және шағын кәсіпкерліктің әлеуетін арттыруға, олардың мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысуына жол ашу керек. Олардың көлемі 14 триллион теңге.
Менің тапсырмаммен Үкімет Салық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жасауда. Жаңа кәсіпорындарға 3-5 жыл аралығында инвестициялық салық несиелері беріледі. Бұл кәсіпорындардың нарықтағы орнын бекемдеп, өзін-өзі ақтау мерзімін қысқартады. Сондықтан облыс әкімдері жергілікті компаниялардың осы жобаға белсенді қатысуына жағдай жасау керек. Мемлекет қаржы беріп отыр, енді кәсіпкерлердің белсенділігі керек. Жергілікті әкімдіктер жер телімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге инфрақұрылымдар жеткізіп, әкімшілік кедергілерді болдырмау үшін жұмыс істеуі қажет.
Әкімдер және кәсіпкерлермен ортақ талқылаған тағы бір мәселе – ол құрылыс жұмыстарының ұзақ жүруі, әсіресе бюджеттік жобалардың созылуы. Сондықтан менің тапсырмама орай әлеуметтік, тұрғын үй, транспорттық нысандардың инфрақұрылымдары құрылысын жүргізуде жаңа бастамалар енгізу үшін Жамбыл облысы пилоттық облыс болып анықталды. Бұл жоба аясында бюджеттік, сатып алу, жобалық-сметалық құжаттар және өзге де құжаттар оңтайланады. Пилоттық жоба биыл бастау алады. Аталған жоба Жамбыл облысында ойдағыдай жүзеге асса, тәжірибе өзге де облыстарға таратылады.
Үкімет пен облыс әкіміне тапсырмамды жұмысында басшылыққа алуын тапсырамын.
Екінші
Өнеркәсіптің зор мүмкіндіктерін толық пайдалану. Индустрияландыру жобаларын іске асыруда заманауи технологиялық өндіріске басымдық беру керек. Өңдеу өнеркәсібіне, әсіресе химия кластеріне ірі инвесторларды тарту қажет. Облыста 2016 жылы «ЕуроХим» компаниясының жобасы бойынша фосфор өндірісінің бірінші кезеңі аяқталды.
Минералды тыңайтқыш өндірісінің екінші кезеңі Жаңатас қаласында іске асыру 2021 жылға шегеріліп отыр. Сонымен қатар 2020 жылға қарай химия кешенін газбен қамтамасыз ету үшін «ЕуроХим» жобасының екінші кезеңін мерзімімен аяқтау керек.
Бұл – химия саласындағы өте ірі инвестициялық жоба, сондықтан Үкімет пен әкімнің назарында болуы керек. Үкімет пен әкімдік қажетті инфрақұрылымдардың тартылуын бірге қамтамасыз ету керек. Инфрақұрылымдар тартылмай жоба жүзеге аспайды.
Аймақтағы «Тараз» Химия паркі» еркін экономикалық аймағы өндірістің «Даму нүктесі» болуы керек еді. Бүгінгі күнге тек бір ғана жоба жүзеге асып отыр, ендеше еркін экономикалық аймақтың инфрақұрылымына 27 миллиард теңге қалай жұмсалған?
Сондықтан Үкімет пен әкімдік аталған еркін экономикалық аймақта жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту керек. Алдымен құрылысы жоспарланған қант зауытының жұмысын ширату керек.
Жуырда Үкімет гербицидті импорттауды қорғау шараларын енгізді. Бұл аймақтар үшін отандық гербицид өнім көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Үшінші
Аграрлық секторды сапалы дамыту. Елбасы еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есе ұлғайту туралы мақсат қойды. Облыстың географиялық жағдайы жаңа нарықтарды игеруге қолайлы. Бұл – өте жақсы мүмкіндік!
Облыста қант қызылшасы мен жеміс-көкөніс дақылдарының көлемін көбейтуге мол мүмкіндік бар. Үкімет келесі жылдан бастап шетелден әкелінетін шикі құрақ қантына импорттық баж салығын салу туралы шешім қабылдады. Осыған орай, облыс әкіміне қант қызылшасы және жеміс-көкөніс дақылдарының егіс көлемін ұлғайту және өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруды тапсырамын.
Облыста ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы жолға қойылған. Сүт өңдеуші кәсіпорындардың жүктелімі 38%-дан 56%-ға, ет өңдеуші кәсіпорындарда 19%-дан 35,2%-ға артқан.
Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған бастамаға мемлекеттік қолдау көрсете отырып, басқа да өңірлерге таратуы қажет. Сондықтан облыс әкімдігі агросектордағы азаматтармен үнемі байланыста болып, қолдау көрсетуі қажет.
Төртінші мәселе
Облыста туризм индустриясын дамыту. Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орны туризм саласымен байланысты. Бұл бағытқа ерекше көңіл бөлу керек. Өңірде туристерді қызықтыратын тарихи орындар жеткілікті. Бес нысанға ЮНЕСКО тарапынан халықаралық мәртебе берілген (ежелгі қалашықтар: Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас).
Жамбыл жеріндегі Айша Бибі және Қарахан кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы және басқа да тарихи орындар – халқымыз үшін ортақ мәдени құндылықтар. Үкімет туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауда. Оған ең маңызды 10 туристік нысан кіреді. Оның екеуі Алматы өңірінің тау кластері. Ал Түркістанның тарихи-мәдени туристік орталығы Жамбыл облысымен шекаралас орналасқан.
Өңірдің тарихи-мәдени маңызын ескере отырып, Жамбыл облысының әкіміне, үш облыс аумағымен өтетін «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршрутының (Алматы, Түркістан, Жамбыл) туристік инфрақұрылымын дамытуды тапсырамын. Аймақтың туристік қуатын арттырып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Үкімет пен әкімдік бұл саланы бірлесе дамытуға күш салуы керек.
Бесінші маңызды мәселе
Облыстың білім беру және денсаулық сақтау саласының сапасын көтеру.
Білім беру саласы:
Жамбыл облысында әлі күнге мектептерде оқушыларға орын жетіспейді. Сондықтан жаңа тұрғын үйлерді салу барысында оқушылар үшін орын тапшылығын, үш ауысымды мектеп пен апатты жағдайдағы ғимараттар мәселесін ескеру керек. Жаңа ықшам аудандарда дайын инженерлік желі болуы міндет және ол халық өсімін ескере отырып салынуы қажет.
Денсаулық сақтау саласы:
Жалпы облыс тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері қалыпты. Енді алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін халыққа жақын жерге орналастыру керек. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Сондықтан аурудың алдын алуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударған жөн.
Тағы бір маңызды мәселе. Мен Үкіметке медицина саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырдым. Әкімдіктер бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс.
Нақтырақ айтсақ, медицина саласы қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етіп, ауылға келген жас дәрігерлерді ынталандыру керек. Бұл жерде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалану қажет.
Сапалы медициналық қызметтер ауыл тұрғындарына толық қолжетімді болуы маңызды.Ол үшін мобильді дәрігер тәжірибесін енгізіп, қашықтықтан медициналық қызмет көрсету саласын дамыту керек.
Қазірдің өзінде жылжымалы бекеттер құрылып, жедел медициналық жәрдем қызметіне көлік пен реанимобильдер сатып алынуда. 2022 жылға дейін бүкіл ел бойынша аталған мақсаттарға 27 миллиард теңге бөлінеді.
Мұның барлығы халық үшін жасалып жатыр!
Алтыншы
Біз әр облыстың әл-ауқатын арттыруымыз қажет. Аймақтар арасындағы алшақтықты азайту маңызды мәселе. Сондықтан барлық облыстардың, соның ішінде Жамбыл облысының дамуына баса назар аударамыз. Былтыр облыста 480 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 4200 отбасы қоныс тойын тойлады. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 465 мың шаршы метр баспана салынып, бюджет есебінен 1497 пәтердің құрылысы аяқталуы керек. Моно және кіші қалалар – өз алдына бөлек мәселе.
Жаңатас, Қаратау секілді шағын қалалардың әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытамыз. Бұл шаралар, ең алдымен, халықтың өмір сапасын арттыру үшін жасалып отыр.
Өңірлік даму мәселелерін кешенді шешу Өңірлерді дамыту бағдарламасында көрсетілетін болады. Біздің маңызды міндетіміз тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту болып табылады.
Елбасының бастамасымен іске асыруға 90 миллиард теңге қарастырылған «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдарды кешенді дамытуды қамтамасыз етеді және қазіргі заман стандарттарына сай дамуына жол ашады.
Жамбыл облысының әкімдігіне перспективалы ауылдар тізімін анықтап, оларды дамыту бойынша Үкіметке ұсыныс жасау керек.
Алдымен, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға назар аудару қажет: жергілікті маңызы бар жолдар, байланыс, Интернет және білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет объектілері.
Біз – ашық азаматтық қоғам құрып жатқан елміз. Сол үшін мен Қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құру жөнінде шешім қабылдадым. Кеңес маңызды заң жобалары мен жалпыұлттық даму бағдарламаларына сараптама жасайды. Бұл жұмысқа аймақ өкілдері белсене араласуы керек.
Сондықтан облыс әкімдігі азаматтарды маңызды шешім қабылдауға және оны іске асыруға қатыстыруы қажет.
Әрбір әкімнің бюджетті пайдалану жауапкершілігіне қатаң талаптар қоямыз! 2020 жылы төртінші деңгейдегі бюджет құру жұмысын аяқтаймыз. Мемлекеттегі әрбір елді мекеннің өз бюджеті болады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ауыл-аймақтағы мәселелерді өзі бетінше шешуге мүмкіндік береді. Халық жергілікті бюджетті жоспарлау ісіне араласуы керек. Мен бұл мәселеге өз саяси платформамда айрықша назар аудардым.
Аймақтар қарқынды дамуы үшін облыстық бюджеттердің базасын ұлғайтуымыз қажет.
Сондықтан 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін ұжымдық табыс салығы орталықтан жергілікті әкімдіктерге беріледі.
Жетінші мәселе
Облыста жемқорлыққа қарсы күрес саясатын күшейту керек. Елбасының «Жемқорлықтан азат өңірлер» жобасын тиімді жүзеге асырудың маңызы зор. Жемқорлықты жою барлық деңгейдегі әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіші болады. Әкімдерге жеке жауапкершілік жүктеледі.
Ел экономикасының дамуы және халықтың әл-ауқаты осыған тікелей байланысты. Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Себебі бұл қоғамдық кесел ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Алайда бұл мақсатқа жету үшін тек жазалау шаралары жеткіліксіз. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Азаматтар қоғамдық өмірге белсене араласуы керек. Сонда ғана өзара сенім нығаяды. Жемқорлықпен күрес – менің Президент ретінде негізгі мақсаттарымның бірі.
Сегінші мәселе
Облыстағы қылмыс көлемін азайту. Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп жөн сұрасқан. Дегенмен соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген. Ұрлық жақсылыққа апармайды! Бұған тыйым салу керек! Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет! Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім.
Сондықтан әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін.
Облыстағы келесі өткір мәселе – есірткі қылмысының ушығуы. Бұл – бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі озық технология дамыған заманда «есірткі бизнесінің» дәурені жүріп тұр.
Есірткі сататын «астыртын» жарнамалар қаптап кетті. Тіпті, арнайы сайттар ашылған.
Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет! Жол бермеу керек! Заң жүзінде тосқауыл қоюымыз аса маңызды! Есірткі сатуды кәсіпке айналдырған қылмыскерлер қатаң жазалануы керек! Полиция қызметкерлеріне осы мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.
Тоғызыншы мәселе
Жастарды жан-жақты қолдау. Кез келген мемлекет келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі болған және бола береді. Биылғы Жастар жылының аясында қолға алынған тың бастамалар кейін де жалғасын табады.
Ұрпақтың лайықты білім алуы, жалақысы еңбегіне сай болуы, баспанаға қол жеткізуі, бәрі – мемлекеттің назарында. Тағы бір өзекті мәселе – жастар үшін ашық әлеуметтік лифт қалыптастыру. Ол үшін менің тапсырмам бойынша «Президенттің кадрлық резерві» жасақталады. Оған арнайы байқау арқылы ең үздік 300 жас маманды іріктеледі. Әрине, жас басқарушылар легі мұнымен шектеліп қалмайды.
Білімді және елге еңбек етуге дайын, дарынды жастарды тауып, мемлекеттік қызметке араластыру керек. Қазақстанда ондай жастар жеткілікті. Тек «Болашақ» бағдарламасы аясында 10 мыңнан астам жас әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алып келді. Бүгінде олар еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Білімді, дарынды, еңбекқор жастарға елімізде барлық жағдай жасалғанын көрсете білуіміз керек. Әкімдіктердің жанындағы Жастар кеңесі олардың қызмет бабында өсуіне қажетті баспалдақ болуы тиіс. Біз мемлекеттік қызметте ғана емес, білім мен ғылым, мәдениет пен спорт, бизнес және басқа да салаларда дарындардың дара шығуын қолдаймыз.
«Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында жастардың бизнес бастамалары мен стартаптары қолдау табады. Жұмыс берушілердің әлі тәжірибесі жоқ жастарды қызметке алуын ынталандыратын тетіктер жасалады. Осылайша, еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа жан-жақты қамқорлық жасауды жалғастыра береміз.

* * *
Президент ретінде мен үшін басты міндет – биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Мемлекеттік биліктегі біздің қағидамыз: Күшті, құзыретті Президент. Ықпалды, қабілетті Парламент.
Есеп беретін, кәсіби Үкімет.
Халқымызды мазалайтын стратегиялық мәселелер қоғам пікірін ескере отырып, қажет жағдайларда референдум арқылы шешімін табуы керек.
Міне, осы міндеттерді орындау үшін жұмыс істейміз!
Маңызды істерге елдің әрбір тұрғыны белсене атсалысады деп сенемін.
Бүгін Жамбыл облысына қатысты негізгі мәселелер көтерілді.
Облыс әкімі осы міндеттерге баса мән беріп, нақты шаралар қабылдау үшін Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек.
Енді өңірге арнайы келген соң Сіздерді тыңдағым келеді.
Пікірлеріңізді ашық айтыңыздар. Еркін сұхбат болсын.
* * *

Баяндамадан соң Қасым-Жомарт Кемелұлы залда жиналған жұртты еркін пікір алаңына шақырды. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы жиын тізгінін қайта қолына алып, жарыссөзге жазылған азаматтарға ретімен сөз берді.
Алғашқы болып мінберге облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген көтерілді.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қасиетті Әулиеата жеріне қош келдіңіз! Өзіңіз жаңа атап өткендей Тараз жері тұнып тұрған шежіре. Сондықтан болар кезінде Елбасы «Тараз – тарихымыздың темір қазығы» деп лайықты бағасын берген болатын. Еліміздегі ерекше оқиға – Қазақ Хандығының 550 жылдығын Тараз жерінде атап өтудің өзі осы бір тәмсілді айғақтап тұрғандай. Десекте егемен елдің ертеңімен тәуелсіздіктің тарихына тең келер ешнәрсе жоқ. Жаңа қазақстанның қазіргі жарқыраған жетістігі елдің Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Назарбаевтың парасатты саясаты, Елбасының ерен ерлігі екені ақиқат. Өзіңіз атап өткендей еліміздің өркендеуі мемлекетшілік пен дәстүр сабақтастығында, оған деген құрмет пен адалдықта деп ойлаймыз. Онсыз тұрақтылық та, даму да болмайды. Сіздің тек даму жолымен жүру деген ұстанымыңыз бәрімізді қуантады. Құрметті Президент, кәсіподақтар еңбек адамының құқығын қорғайтын ұйым болғандықтан еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты бірқатар мәселелер бар. Айталық, еңбек қауіпсіздігінің талаптарын сақтамаудың салдарынан 2018 жылы елімізде 200-ден астам адам өз жұмыс орнында қаза болған. Біздің облыста да 48 жазатайым оқиға орын алып, 60 адам жарақаттанса, 10 адам қайтыс болды. Осының басым көпшілігі жұмыс берушінің тікелей кінәсінен болып отыр. Сол себепті – біз еңбекті қорғауды басқару жүйесін заң деңгейінде енгізуді, қауіпсіз жұмыс орнын қамтамасыз етуді, жұмыс берушілерге алдын алу шараларын жасауды және еңбек талаптарын бұзған жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды қажет деп санаймыз.
Келесі сөз жеке кәсіпкер Анар Бексұлтановаға берілген болатын. Ол: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен бұл дүниеге екі қолсыз келдім. Бірақ бұл маған жоғары оқу орнын аяқтауыма, 20 жыл облыстық музейде жұмыс істеуіме, екі қыз тәрбиелеуіме, жеке кәсіпкерлікті қосымша алып жүруіме еш кедергі келтірген жоқ. Бүгінде жұмыс істеймін деген азаматтарға екі қолға бір күрек табылады. Мен аяғыммен іс тігемін. Сурет те саламын. Көрмелерге де қатысамын. Үй шаруасымен де айналысамын. Үйімнің бір бөлмесінен тігін цехын аштым. Сол жерде қыз жасауын тігіп отырмын. Осы ісімді бастағанда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жеті тігін машинасын алдым. Төрт әйелді жұмыспен қамтыдым. Жақында осы ісімді кеңейту үшін тағы да 3 миллион теңге несие алып отырмын. Мұның барлығы еліміздің әлеуметтік саясаты, сол саясатты қалыптастырған Елбасымыздың қамқорлығы деп білемін. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазіргі таңда мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың арасында да жұмыс істеймін деген азаматтар өте көп. Бірақ І-ші және ІІ-ші топтағы мүгедектерге несие берілмейді. Осы орайда айтқым келгені, екінші деңгейлі банктер осы топтағы мүгедектерге бір кәсіппен айналысуына, өз кәсібін ашуына қолдау танытып, қамқорлық көрсетсе», — деді Анар Бексұлтанова.
Ал келесі сөз алушы Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Евгений Кравчук «Құрметті Президент! «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылға мұғалім болып орналастым. Сондай-ақ жұмыс барысында республикалық жас ұстаздар байқауына қатысып, жеңімпаз атандым. Менің ойымша 21 ғасырда ауыл мен қала арасында айырмашылық болмауы тиіс. Өйткені бүгінде ұстаздарға деген барлық мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар мұғалімдерге жасалып жатқан жағдай да барлық жерде бірдей.
Елбасы педагог мәртебесін анықтау, заңмен бекіту туралы мәселені орынды көтеріп отыр. Біз де оған өз ұсынысымызды білдірдік. Біздің ұсынған ұсынысымыздың мұғалім мәртебесін анықтау туралы заңға енетіні қуантарлық жағдай. Педагог мәртебесі тек заңнан тұрмайды. Ол өзімізге де байланысты. Бала тәрбиесі ұстаздарға ғана емес, ата-аналарға да байланысты. Заң аясында ата-аналарға да жауапкершілік жүктеу керек деп санаймын», – деді ол.
«Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек, «Елбасы 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялады. Бұл Тұңғыш Президентіміздің жастарға деген үлкен қамқорлығының айқын белгісі. Осыған сәйкес жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, тұрғын үймен қамтылуына елеулі көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ өңірімізде жыл басынан «Қамқор» қайырымдылық еріктілер жобасы қолға алынды. Жоба аясында 2000-нан астам еріктілер 1000-нан астам отбасына азық-түлік, киім-кешек таратты. Үй шаруашылықтарына қолдау көрсетті. Мұнан кейін де бұл шара тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады. Жоба аясында Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкені ашылды. Дәл осындай дүкендер аудандарда да ашылып жатыр. Біз Сіздің «2020 жылды еріктілер қозғалысы жылы» деп жариялау туралы ұсынысыңызды қолдаймыз. Бұл еріктілерді жаңа бір деңгейге көтереді деп ойлаймын. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өңірімізде жастар кәсіпкерлігін шыңдауға үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Жастарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Алдағы уақытта да жастарға мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау арттырылса деген ұсынысым бар», – деді Уәлихан Болатбек.
Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов, «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы өңірімізде бірқатар мәселелердің оң шешілуіне мүмкіндік туғызды. Үндеуде көрсетілген жоғары білімнің қол жетімділігін, студенттерді жатақханамен қамту туралы Елбасының алдыға қойған тапсырмасын Тараз инновациялық гуманитарлық университеті алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды. Бұл мақсатта сыйымдылығы 500 адамға арналған ғимарат сатып алынып, бүгінгі таңда студенттер үйі ретінде қолданысқа беріліп отыр. Сонымен қатар қолтаңбалық және ғылыми зерттеушілік қызметті дамыту мақсатында университет жанынан аграрлық және биологиялық ғылыми-зерттеу институтын құрдық. Өңіріміздің аграрлық аймақ екенін ескере отырып маман тапшылығын жою мақсатында университеттен қосымша агрономия-өсімдік тану және карантин ветеринариялық-санитариялық мамандықтарды ашқан болатынбыз. Биылғы жылдың қыркүйек айында ветеринария және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Өңірдің өзекті мәселелерінің бірі – Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан ірі іргелі ғылыми-зерттеу институттарының филиалдарын облыс орталығынан ашса дұрыс болар еді. Бұл өз кезегінде, біріншіден, әлі күнге дейін шетел селекционерлеріне деген тәуелді болып келе жатқан отандық өсімдік шаруашылығының дамуына серпіліс берер еді. Яғни селекционер жүйесі қалыптасады. Екінші мәселе, отандық өсімдік танушылардың жер жағдайына мониторинг жасау арқылы өнімді еселеп арттыруына жол ашқан болар еді.
Құрметті Президент, алыс және жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарымен байланысты нығайта отырып, бүгінгі күнде аграрлық және техникалық сала бойынша бірқатар жетістіктерге де қол жеткіздік. Шеберліктің шыңына шықса мамандықтың бәрі жақсы демекші, біз қазір жастарға ерінбей еңбек етуді, талмай ізденуді, техника тілін меңгеруді үйретудеміз, – деді Е. Саурықов.
Жарыс сөзге шыққан азаматтардың сұрақтарын мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрқайсысына жеке-жеке тоқталып жауап берді.
– Құрметті Мейрамбек Мылтықбайұлы! Еңбек қауіпсіздігі – өзекті мәселе. Дұрыс айттыңыз, жұмыс берушілер қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек. Әрбір жұмыс беруші қызметкерлеріне қолайлы орта жасауы тиіс. Адамның өмірі, оның денсаулығы – басты назарда тұруы қажет. Сондықтан Үкіметке осы мәселеге қатысты қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын.
– Құрметті Анар Сағынтайқызы! Орынды, маңызды мәселені айтып отырсыз. Қолдаймын, әрбір азамат қоғамда еңбек етуге құқылы. Үкімет кәсіпкерлікті дамыту үшін жұмыс жүргізуде. Сіз айтып отырған, банктен несие алу мәселесін қарастыруды Үкіметке тапсырамын. Жұмысыңыз табысты болсын!
– Құрметті Евгений Анатольевич! Қазақшаны жақсы үйреніп алыпсың. Дұрыс. Қазір көптеген жас мамандар қалада жұмыс істегісі келеді. Ауыл мектебінде еңбек етіп, балаларға білім беріп жүрсіз. Еңбегіңіз жемісті болсын! Жалпы, біз қазір ауыл және қала мектебі деп бөлмей, сапалы білім беруге баса назар аударып отырмыз. Сондықтан талап бәріне бірдей.
– Құрметті Уәлихан Болатбек! Жастарға пайдалы біраз жобаларың бар екен. Өте жақсы. Жақында Қостанайда Жастардың Еріктілер (Волонтерлер) форумына қатыстым. Сен сияқты жастар ел үшін жұмыс істеуге дайын. Осы идеяны насихаттай беруіміз керек. Ең бастысы, жастарға, шын мәнінде, қажетті, пайдалы жұмыстарды қолға алу керек. Сонда нәтиже болады. Ал жаңа бастамаларды, үздік идеяларды біз әрқашан қолдаймыз.
– Құрметті Ерболат Байұзақұлы! Сіздің ұсынысыңыз орынды. Жалпы ғылымның дамуы орталыққа немесе өңірге тәуелді болмауы тиіс. Ғылым – экономиканың арқауы. Әсіресе бүгінгі заманда бұл өте маңызды. Озық технологиялар дамыған уақытта мүмкіндікті толық пайдалану керек.
Үкіметке тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.
Ардақты ағайын!
Бүгін өңірдегі біраз мәселені бірге жан-жақты талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық.
Жамбыл облысы – Қазақстанның дамуында өзіндік айрықша орны бар аймақ.
Басты мақсат – тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі арттырып, өңір экономикасын жаңа деңгейге шығару.
Алдымызда ауқымды жұмыс тұр.
Осы маңызды кезеңде ел болып, халық болып, жұмыла еңбек етуіміз керек.
Еліміз үшін әр азаматтың үлесі маңызды!
Арамызда облыс дамуына ерен еңбегімен үлесін қосып жүрген бірқатар білікті мамандар отыр.
Осы сәтті пайдаланып, мен оларды Алғыс хатпен марапаттағым келеді, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жандар Айтишев, «Кнаур-гипс Тараз» ЖШС директоры Мырзабай Бекназаров, «Агроспецстрой» ЖШС бас директоры Марат Рахымбердиев, «Jasau Taraz» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Анар Бексұлтанова, облыстық «Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Пейішкүл Озықбаеваларды Президенттің Алғыс хаттарымен марапаттап:
– Марапаттарыңыз құтты болсын! Еңбектеріңіз табысты болсын! Баршаңызға амандық тілеймін, – деді.

* * *
Жамбыл жұртшылығымен кездесуден соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әулие ата» халықаралық әуежайына барды. Президентке Тараз қаласындағы халықаралық әуежайдың еліміздегі жаңа, қазіргі заманға сай әуе айлақтарының бірі екені таныстырылды. Сондай-ақ әуежайдың әлеуеті артып, жаңадан халықаралық және аймақтық бағыттар ашу жоспарланып жатқаны туралы айтылды. Бүгінде 250-ге жуық қызметкері бар әуежай, былтыр 63 мыңнан аса жолаушыға қызмет көрсетіпті.
Мемлекет басшысының облысқа жасаған жұмыс сапары жоғарыда аталған нысандарды аралап, танысуымен, өңірдің зиялы қауымымен кездесіп, жүздесуімен аяқталды. Бұл жүздесудің өңір тұрғындары үшін пайдасы ұшан-теңіз болары анық.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support