Арнайы жұмыс тобы құрылады
Арнайы жұмыс тобы құрылады
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмі бекітілгені белгілі. Ондағы мақсат – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, оларға әлеуметтік қолдау көрсету. Осы жаңа жүйе бойынша өңір басшысының орынбасарлары мен инспекторлар аудандарды аралап, өз салаларына қатысты түйткілді мәселелерді назарға алып, тиісті жұмыстар жүргізуі керек. Бұл ретте бастысы тұрғындардың пікіріне құлақ түру – аса маңызды. Алгоритм арқылы облыс әкімі орынбасарларының, аудан, қала және ауылдық округ әкімдері жүргізген жұмыстың тиімділігі сараланатын болады. Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында осы мәселелер сөз болды. Жалпы жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмі нақтыланып, міндеттер белгіленгелі екі айдан асты. Дегенмен нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Зерделеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Жаңа жүйе бойынша жұмыс нәтижесін бере бастауы тиіс уақытта іс неге алға жылжымайды? Өңір басшысының ашық сынға алғаны да осы болды. Жиында талқыланған мәселелерді назарға алған Асқар Мырзахметов осы бағытта жұмыс жүргізетін арнайы топ құруды тапсырды. Ол топтың құрамына облыс әкімінің инспекторлары мен салалық басқармалардың мамандары тартылады. Құрылған топ арнайы дайындықтан өтіп, белгіленген кестеге сәйкес аудандарға барып, тиісті мамандарға жұмыс барысын түсіндіретін болады. Істің алға баспай тұрғаны – немқұрайлылық болуы мүмкін. Жауапты тұлғалар аудан әкімдерінің өздеріне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарамай отырғанын жасырмады. Осыған ашық сын айтқан өңір басшысы ауылдық округте қанша аула бар, онда қанша адам тұрады, тұрмыс-тіршілігі қандай екенін зерделеуді тапсырды. Осы алгоритм бойынша нақты шешім қабылданғаннан кейін, әр аудан, ауылдық округ бойынша қанша қаржы қажеттілігі нақтыланады.
Камила БОРАШОВА