Елдік мәселелер ұмыт қалған жоқ
Елдік мәселелер ұмыт қалған жоқ
«Ақ жол» демократиялық партиясынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның республикалық сайлауалды қоғамдық штабы үміткерді қолдау мақсатында Алматы қаласында веложарыс ұйымдастырды. Жарысқа жасөспірімдер мен балаларға арналған «AppleTeam and» спорт мектебінің жеткіншектері қатысты. Жастар жылы аясында жас жеткіншектерге саламатты өмір салтын насихаттау, спорт пен туризмді дамытуды көздеген үміткер белсенділік өмірді қолдайды. Кандидаттың сайлауалды штабы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай байдарка және каноэда ескек есуден Орал қаласының ашық біріншілігін өткізген болатын. Жалпы кандидат Дания Еспаева әрбір қазақстандық лайықты өмір сүруі тиіс деп есептейді. Сол үшін бізге әрдайым лайықты өмір сүруге жаңа мүмкіндіктер ашып, оларды кеңейту керек дейді. Оған жол ашатын – нарықтық экономика, демократия және әлеуметтік әділдік. Ал халық әл-ауқатының негізі – тұрақты қарқынды даму, жекеменшік бизнестің күшеюі, адал бәсекелестік екені сөзсіз. Адал бәсекелестік болмаған жерде жаппай кәсіпкерлікке жол жоқ.
* * * Президенттікке «Ауыл» саяси партиясы атынан ұсынылған кандидат Төлеутай Рахымбеков Алматы қаласына барып, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтында кездесу өткізді. Үміткердің республикалық сайлауалды қоғамдық штабының өкілдері оқу орнындағы химиялық талдау зертханасының жұмыстарымен танысты. Институттың мәжіліс залында президенттікке үміткер Төлеутай Рахымбеков сайлаушылармен кездесіп, көпшіліктің көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамасында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беріп отыр. Жол, су, электр қуаты, байланыс, интернет секілді мәселелер де назардан тыс қалмаған. Бұл түйткілдер қарапайым тұрғындарды көбірек мазалайтыны жасырын емес. Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасы ең біріншіден, «Ауыл» партиясының негізгі құжаттарына сүйене отырып әзірленгенін атап өтті. Одан кейін бағдарламаға съезде айтылған делегаттардың, аумақтардан, әлеуметтік желілерден келіп түскен ұсыныстардың барлығы топтастырылған.
* * * Кəсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері Қызылордада үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Белсенді жастар 1 маусым күні кешке серуенге шыққан қала тұрғындары арасына үгіт-насихат парақшаларын таратып, Аманкелді Таспиховтың сайлауалды бағдарламасы туралы хабардар етті. Аманкелді Таспиховтың сайлауалды бағдарламасы әділ еңбек қоғамын құруға бағытталған. Үміткер өз тұғырнамасында еліміздегі ең ірі қоғамдық бірлестіктердің бірі кəсіподақтардың алға қойған мақсаттары мен міндеттері туралы айта келе, қызметкерлердің еңбегіне əділ еңбекақы беру қажеттілігі, жұмыс берушінің əлеуметтік жауапкершілігін күшейту секілді өзекті мәселелерге тоқталған.Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жəне жергілікті деңгейде əлеуметтік əріптестікті дамыту сияқты мəселелерді де ерекше атап өткен. Кандидаттың әр өңірде жұмыс жүргізіп жатқан сайлауалды штабтарының өкілдері тұрғындармен кездесуде осыны айтуда. Әр жиыннан соң насихатшылар тобы аймақтық қоғамдық штабқа келіп, атқарылған жұмыстары туралы есеп беруде. * * * Қазақстан Коммунистік халық партиясы ұсынған президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков Семей қаласының тұрғындарымен кездесті. Мәдениет үйінде өткен кездесуде кандидат сайлауалды бағдарламасының негізгі аспектілеріне тоқталып, көпшілікке кедейлікпен күресуге арналған өз жоспарын таныстырды. Жамбыл Ахметбеков сайлауалды тұғырнамасында халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік теңдік мәселесіне баса мән берген. Сондай-ақ отандық тауарға деген сұранысты арттыру сияқты бастамаларға көп көңіл бөліп отыр. Жиынға қатысушылар президенттікке үміткерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Олардың қатарында жалақы көлемін арттыру мен еңбек жағдайын жақсарту, медициналық қызметпен қамту және баспана мәселесі де бар. Кандидаттың әр өңірде құрылған сайлауалды штабтарының өкілдері де үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Олар көпшілікке үміткер Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырумен қатар, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Соның бірі – балаларға арналған қамқорлық акциялары.
* * * «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат Əміржан Қосанов үгіт-насихат жұмысын Павлодар облысында жалғастырды. Кандидат сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын алдымен Ақсу қаласының тұрғындарымен кездескен басқосуда жан-жақты түсіндіріп, қоғамдағы түрлі өзекті мəселелерге қатысты өз ұстанымын да жеткізді. Кандидат Əміржан Қосанов сенімді өкілдерімен бірге Павлодардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл қою рəсімінен кейін, жергілікті тұрғындармен кездесіп, сайлауалды ұстанымдарын жан-жақты түсіндірді. Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасындағы «Бақуатты аймақтар – бақуатты мемлекет» деп аталатын тарауында «Басым бағытта даму, өмір сүру деңгейінің жақсаруы, рухани өркендеу бірді-екілі ірі қаланың ғана еншісінде болмауы тиіс. Елдің барлық аймағын тиісінше тең қаржыландыру, олардың дамуына жағдай жасау, даму деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп жою керек. Шынайы белсенді əрі кең құқықты жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жəне ауыл, аудан, қала əкімдерін халықтың тікелей сайлауына көшіру қажет» деп көрсетілген.
* * * «Ұлы Дала қырандары» республикалық қозғалысы атынан ұсынылған президенттікке үміткер Сəдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі – демография. Кандидат еліміздегі ана мен балаға берілетін жəрдемақыны көбейту, көп балалы аналарды тегін баспанамен қамтамасыз ету, жас отбасыларға жағдай жасау кезек күттірмейтін мəселе екенін айтады. Кандидат Қарағанды облыстық клиникалық аурухана жанындағы перзентхана бөліміне атбасын бұрды. Онда төрт анаға гүл сыйлап, өзінің ақ тілегін жеткізді. Сондай-ақ үміткер қала орталығындағы XX ғасырдағы жазықсыз жаза құрбандарына арналған ескерткішке арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. «Сайлауалды бағдарламамда атап көрсеткен Алашорда идеясының бастауында тұрған алаш ардақтыларының бірқатары осы Қарағанды өңірінің перзенттері. Елімізде қашанда бейбітшілік салтанат құрып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен болашақ ұрпақ қайғы-қасірет көрмей, ата-бабаларының ел тəуелсіздігі жолындағы күресін естерінен шығармайды деп сенемін», – деді Сəдібек Түгел.