Қоғам

Өзгерістерді өзіңнен баста

Өзгерістерді өзіңнен баста

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Өзгерістерді өзіңнен баста» атты кіші бағдарламасын іске асыру бойынша бірлескен жиын өтті. Қоғам қайраткерлері мен Қаржы министрлігінің аумақтық құрылымдарының қызметкерлері қатысқан басқосуды департамент басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Ерлан Өмірзақов ашып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына ұсынған стратегиялық бағдарламасының маңыздылығын атап өтті. Басқосуда сөз алған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Аq jol» газетінің Индустрия және инновация бөлімінің редакторы Баймаханбет Ахмет «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрініс тапқан, халқымыздың рухани мәдениетін жетілдірудің негізгі қағидаларын атап көрсетті. Белгілі журналист-ақын мақалаға байланысты өзі де бірнеше рет қалам тербегенін, қызмет барысында көпшіліктің ой-пікірлерін оқып, оқырмандардың материалдарын өңдегенін алға тартты. Сонда аңғарғаны – қазіргі қолданыстағы қарапайым заттарды ата-бабаларымыз сонау замандарда-ақ қолдан жасап пайдаланған. Сондай-ақ биылғы Жастар жылына байланысты облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жас қызметкері А.Садығалиев баяндама жасап, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберіндегі «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасының өзектілігіне назар аударды. Сонымен бірге ол «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты жобаның маңыздылығын тілге тиек етті. Облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Рахым Мыңбаев өз сөзінде мемлекеттік органдардың қызметіне халықтың сенімін нығайту үшін әдеп жөніндегі уәкілдер институтының маңыздылығына тоқталды. Басқосу соңында «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиаорталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байғұлов бірлестіктің қызметі жайлы баяндады. Сонымен қатар жиылған қауымға алғысын білдіріп, Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің әдеп жөніндегі уәкілдерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Өмірзақ ҚОСПАНОВ, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасы басшысының міндетін атқарушы.