Қоғам

Рухани жаңғыруды қолдау жоғары деңгейде

Рухани жаңғыруды қолдау жоғары деңгейде

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Меркі ауданында атқарылған жұмыстар» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Мейірхан Азатұлы Елбасы атап өткендей, рухани жаңғырудың бәсекелестікке қабілеттілік, прагматизм, ұлттық код принциптеріне тоқталып, бұл орайда атқарылып жатқан шаруаларды тізбектеді. Аудан басшысының мәліметіне сүйенсек, біраз жұмыстардың жүзеге асқаны байқалады. Ауданда тұңғыш рет Темірбек Қожекеевтің шығармашылығына арналған «Қожекеев оқулары» байқауы өткізілсе, алдағы уақытта мұны облыстық деңгейге көтеру көзделуде. «Үздік жас директорлар» атты аудандық байқаудың да ауқымы зор. Жекелеген жетістіктерге келсек, Меркідегі №39 орта мектептің оқушысы Аружан Асқар Париж қаласында өткен «Дарындылар отшашуы» байқауынан жүлделі екінші орынмен оралыпты. Республикалық «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер байқауына дәстүрлі әнші Мадияр Шалабаев қатысып, жүлделі І орынды иеленген. Жастар жылы да назарға алынып, үй жағдайындағы кіші құс фермасын ашуға 8 жас азамат ниет білдіріп, жалпы өз кәсібін ашу үшін 340 жас азамат грант алуға тіркеліпті. Спорт саласы да рухани жаңғыру талабынан алшақ емес. Ербол Бадашов пен Абзал Тұрлыбековтің жамбы атудан, Жарқынай Рахымбаеваның қол күресінен әлем чемпионы атануы – ауданның мерейі. Құсбегіліктен Меркі ауданы құрамасы Азияның, халықаралық байқаулардың чемпионы болуы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдаудың өз деңгейінде жүзеге асып жатқанын байқатады. Меркі жерінде туризмді дамыту бағытында да нәтижелі жұмыстар жолға қойылған. 9 қонақ үй мен 35 адамға арналған маусымдық «Тұран» демалыс аймағының демалушылардан босаған сәті жоқ. 430 адамға арналған «Меркі шипажайы», 100 адам еркін демалатын «Ақ ниет» шипажайы да қызметтерін жоғары деңгейде жалғастырып отыр. Ауданның барлық саласы бойынша ілгерілеу бар. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл 140 іс-шара өткізу көзделген. Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, оған Мейірхан Өмірбеков жан-жақты жауап қайтарды.

 

Есет ДОСАЛЫ