Жаңалықтар

Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары

Қошқардың тойы Белгілі ақын Қасқырбай Нарбатыров бірде бір кісінің баласының тойын басқарады. Баланың аты – Қошқарбай екен. Қасекең мұндайды қалай мүлт жіберсін. Тойды бастар-бастамастан: – Ал ағайын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман осы. Адам түгіл «аң» мен «мал» да татулығын байқатуда. Қошқардың тойын қасқыр басқарғаны нағыз достықтың белгісі емес пе? – депті. «Атамыздың асына барамыз деп...» Аудандық Мәдениет үйінде Байзақ батырға арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді де, әруаққа Құран бағыштаған дастарқан Тараздағы «Бақ сарайы» мейрамханасында жайылыпты. Ақпан айының саршұнақ аязы. Жер көк тайғақ кез. Конференциядан шыққан лауазымды азаматтар бір-бір көлікке мініп, Таразға тартып тұрыпты. Қасекең де бір ауылдас інісінің машинасына мінеді. Інісі жолдың қауіптілігіне қарамай, құстай ұшса керек. Көліктің доңғалағы екі-үш рет тайып кетеді. – Інім, жай айдашы, асықпашы, барамыз ғой, – депті Қасекең. Інісі сәл баяулатып, аз уақыт өткен соң қайтадан құйындай ұшады. Көлік тағы екі-үш рет тайғанап, қатерден әзер аман қалады. Сонда шыдамы таусылған Қасекең: – Айналайын інім, көлікті жай жүргізші, атамыздың асына барамыз деп отырып, қасына барып қалмайық, – деген екен. Байзақ ауданы.