Экономика

КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің алдына нақты-нақты 10 міндет қойып, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жолдағанда: «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаhандық трендтер көрсетіп отырғандай, бірінші кезекте, төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс», – деп үлкен жауапкершілік жүктеді. Сол үшін қазіргі назар аударатын маңызды міндеттердің бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Оған елімізде кеңінен мүмкіндік берілген. Көктем жетіп, көк көтеріле бастағанда ауыл адамдары бірден егіс жұмыстарының қамына кірісетіні белгілі. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, аудан шаруалары көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана кірісіп те кетті. Жалпы алғанда Шу ауданындағы егістік жердің көлемі 139 706 гектарды құраса, оның 27 516 гектары – суармалы жерлер, ал қалған 112 190 гектар алқап тәлімді егістік жерлердің еншісінде. Қазіргі кезде аудан шаруаларының басым бөлігі егіс жұмыстарын аяқтап, олардың агротехникалық шараларына баса көңіл бөліп жатыр. Негізінен, үстіміздегі айдың бел ортасында ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жағынан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, күздік бидай белгіленген жоспардан 610 гектарға артық орындалып, бас-аяғы 14710 гектар жерге егілді. Жаздық арпа мен көп жылдық шөп және майлы дақылдар да жоспарға сай орындалып, 100 пайыздық көрсеткішке жетті. Алайда қант қызылшасы мен дәндік жүгері егу жағынан бірқатар кемшіліктер де бар. Атап айтар болсақ, биыл тәтті түбірді 1500 гектар жерге орналастыру керек болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 725 гектарға ғана егіліп, 48,3 пайызды көрсетіп тұр. Ал дәндік жүгері 1470 гектарға себілу керек болғанымен, нақты 1255 гектарға егіліп, 85 пайызға шығып отыр. Десе де көкөніс пен бақша өнімдері жағынан Шу ауданын алдыңғы қатарда деуге әбден болады. Сонымен қатар ауданда ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын техникалар да тастүйін дайын. Олар бүгінде дала төсіндегі қарбалас жұмысты барынша жүйелі жүргізуде. Жалпы, ауданымызда 613 трактор болса, олардың бәрі де сақадай сай тұр деуге негіз бар. Бұдан бөлек, 224 трактор соқасы, 123 дән сепкіш, 894 тырма, 34 қопсытқыш, 39 сыдырғыш және 6 тұқым дәрілегіш аудан шаруаларына көп көмегін тигізуде. Оған қоса, ағымдағы жылы ауданымыздың агроқұрылымдары құны 100 миллион 926 мың теңге болатын 13 су жаңа ауыл шаруашылығы мақсатындағы техникасын сатып алды. Оның ішінде ауданда 300 гектар жерге тәтті түбір егіп жатқан «Qyzylsha» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Ислам» шаруа қожалығы 7 дана техниканы өз қаржыларына алса, қалған шаруа қожалықтары 35 миллион 143 мың теңге болатын 6 дана техниканы лизинг тәсілімен алды. Дәл осы техникалармен науқандық жұмыстарды атқару үшін, яғни көктемгі-жазғы дала жұмыстарына 2200 тонна арзандатылған дизель отынын бөліп отырмыз. Оның 460 тоннасы наурыз айында пайдаланылса, өткен айда 540 тоннасы игерілді. Үстіміздегі мамыр мен маусым айларына 1200 тонна арзандатылған дизель бөлінді. Бұл жұмыстарды «Шу мұнай базасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе атқарудамыз. Әрине, егін егілгеннен кейін оған минералдық тыңайтқыштарды дер кезінде бермесе, тиісінше, өнім көлемі де аз болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін «КазАзот» ЖШС-нан ауданымыздағы «Дулат-Жайсан» ЖШС 30 тонна аммиак селитрасын алса, «АгроПрофит» серіктестігі 20 тонна алған. Сондай-ақ шегіртке зиянкесіне қарсы атқарылатын жұмыстардың да ауқымы кең болмақ. Дәлірек айтсақ, 22950 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде үйірлі шегірткеге қарсы 21350 гектар болса, ал саяқ шегірткесіне қарсы 1600 гектар дәріленбек. Тағы бір айта кететін жайт, химиялық өңдеуге жоспарланып отырған 21350 гектар жердің 14350-і ұшақпен, ал қалған 8600 гектары жерүсті техникаларымен өңделеді. Бұл мақсатта 1 арнайы ұшақ пен 3 жерүсті техникасын жұмылдырдық. Сондай-ақ дәл осы шегіртке зиянкестерімен күресті тиімді жүргізу мақсатында аудан көлемінде арнайы жұмысшы топ құрылып, зиянкестің таралу ауқымы анықталып, картасы жасалды. Өткен жылдан бастап ауданда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқын ала бастады. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Бұл ретте аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміндегі «Геопортал» ғарыштық жүйесінің пайдасы мол екенін айта кету керек. Ғарыштық бақылау арқылы шаруалардың бос жатқан жерлерін анықтап, тиісті шаралар қолданылуда. Соның әсерінен алдағы уақытта егістік жерлердің көлемі де ұлғаятын болады. Жарылқасын АЙТАҚОВ, аудан әкімі.

Шу ауданы.