- Advertisement -

Салтанатты кештен 292 мектеп бас тартты

41

- Advertisement -

Жыл сайын мектеп бітірген түлектер қоштасу кешін қайда өткіземіз деп сабылатын. Мектеп бітіруші түлектер үшін ҰБТ-дан кейінгі уайым мектеп бітіру кеші еді. Былтырдан бері аттестат тапсыру салтанаты Ұлттық бірыңғай тестілеуден бірнеше күн бұрын өткізіле бастады. Жазылмаған мерекеге айналған күннің уақытын өзгерткенмен, сол баяғы дабыра-шу, сол бұрынғыдай бәсеке жарыс тоқтамады.

Ысырапшылдық өз алдына. Ал биыл олай емес. Міне енді қанша жылдан бері дәстүрге айналған осы бір үрдіс биыл сеңдей бұзылған сыңайлы.
Осыдан біраз уақыт бұрын Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мектеппен қоштасу кешін өткізуге қатысты пікір білдірген болатын. Министр бәсекеден бақталастыққа айналып кеткен салтанатты шарада мектеп те, ата-аналар да балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударылмайтынын ескертті. «Ондай кештер тек мектептің аумағында өтуі тиіс деп санаймын. Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Қымбат көйлек алудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші өзара бәсеке үшін жасалмайды. Мектеппен қоштасу кеші жанға жайлы кездесу болып өткені жөн», – деді министр.
Баласы мектеп бітіретін ата-анаға бұл салтанатты кешке дайындықтың өзі үлкен шығын. Өйтетін де жөні бар. Себебі ұл-қызына қызықты кеш ұйымдастырып беру үшін мейрамхана іздеп, лимузин жалдап шапқылайды. Жарасымды, сәнді киімнің бағасы мұндай кезде аспандап кететіні тағы бар. Расымен де үлкен өмірге енді қанат қаққан жастар үшін осындай аста-төк шығын қажет пе? Министр осы бастаманы бекер көтерген жоқ. Өйткені бұл үрдіс қоғамдағы өзекті мәселеге айналып кетті.
Жақсы бастамаға қолдау білдірушілер әр кезде де табылады емес пе?! Бүгінде облыстағы 340 күндізгі жалпы білім беретін орта мектептің 292-сінің бітірушілері мұндай аста-төк салтанаттан бас тартыпты. Түлектер 12 маусымға белгіленген мектеп бітіру кешін мектепте өткізуге бел буып отыр. Бұл әрине көңілге қуаныш ұялатады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетованың әлеуметтік желідегі парақшасын парақтап біраз мәліметке көз жеткіздік. Мектеп бітіру кешін қымбат көйлек, аста-төк дастархансыз өткізейік деген бастамаға үнқосуды оқушылар бейнежазба арқылы бір-біріне жолдаған. Кеш өткізуге әлі біраз күн бар, сондықтан облыстық білім басқармасы берген дерек өзгеруі әбден мүмкін. Бұл әзірге министрлік тарапынан көтерілген ұсыныс қана. Егер жастарды сауапты іс жасауға шақырып, ысырапшылдықтың орнына мұқтаж жандарға көмек көрсетуге үндесе, дәстүрге айналған үрдіске нүкте қойылары сөзсіз. Бастысы өскелең ұрпаққа жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да өзіңе келетінін түсіндіру қажет. Ал бастаған игі ісің мен берген садақаңның сауабы көп.

 

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support